23 Ақпан 08:39
...

Майнинг «майшелпек» пе?

Фото:
Шынын айту керек, майнингтің не екенін қарапайым адам жете түсіне бермейді. Бірақ майнинг арқылы жақсы табыс табуға болатынын естіген.  Оның жілігін шағып, майын ішетіндей түсінсеңіз, шынымен жақсы табыс табуға болады. Ол үшін сізге қуатты бейне картасы бар компьютер мен мол электр энергиясы керек.

 

Ағылшын тіліндегі «mining» сөзі – олжа, табыс деген мағынаны білдіреді. Майнингте криптовалюта табасыз. Криптавалюта да биткоинмен синонимдес құлаққа жат сөздердің бірі. Биткоин немесе басқа криптовалютаны табу үшін майнингті қолданамыз. Бір сөзбен айтқанда, майнер – криптовалюта табушы адам.

Майнинг – блокчейн технологиясы арқылы жұмыс істейді. Ал, блокчейн дегеніміз, кез келген операцияларды белгілі блоктарға бөліп жұмыс істеу. Мысалы, бұл желіні барлық сатып алу операцияларының жазбасы (кім-кімге қанша ақша аударды, қашан аударды) сақталатын журнал ретінде елестетіңіз.

Негізі майнингті кез келген компьютер арқылы жасауға болады. Көп өнім алу үшін мықты техника керек болса, криптовалюта алу үшін өте мықты процессоры бар компьютер керек. Өйткені, барлық блокчейн операциясы процессор арқылы өтеді. Майнер электронды цифрлық қолтаңбаны табу үшін арнайы есептеулерді орындауға процессор қуатын пайдаланады. Сол цифрлық қолтаңбаны тапқан майнерге криптовалюта сыйақыға беріледі. Мысалы: 

  • Блокчейндегі 1 блок үшін биткоин майнерлері 6,25 ВТС алады. Бұл шамамен 370 000$.
  • Ethereum блокчейніндегі сыйақы – 2 ETH. Бұл 9 мың доллар шамасында. 

Әрбір криптовалюта жобасындағы сыйақы мөлшерін құрушылары анықтайды. Криптовалюталарды сатып алу үшін Coinbase, Binance, OKEX, FTX, KuCoin, ByBit секілді криптобиржаларға тіркелу қажет. Биткоин және басқа да криптовалюталар осы биржалардағы шотта сақталады. 

Биткоиннің шегі – 21 миллион. Қазіргі уақытта 18 миллион биткоин өндірілген. Жаңа криптовалюталар үнемі айналымда болады, оларды да өндіруге болады.

Транзакцияларды жүргізу және ақпаратты сақтау үшін деректерді хэштеп, сосын блокқа жіберу қажет. Мұнымен майнерлер айналысады. Олар хэшке әкелетін есептеулерді жүргізеді, яғни алдыңғы транзакциялардың деректерін бит жолына түрлендіреді.

 

Майнингтің түрлері қандай?

1. Компьютерлік процессорлардағы өндіру (CPU);

2. Видеокарта арқылы өндіру (GPU);

3. Арнайы архитектурамен жасалған процессорлар арқылы (ASIC);

4. Ферма  (қуатты графикалық видеокарталарды (GPU) біріктіру) арқылы; 

5. Бұлтты (Облачный) майнинг.

Майнингтің бұдан басқа да түрлері бар. Мысалы, Телефон, Браузер, HDD арқылы қоладнуға болады. Бірақ оның пайдасы аз. Оны көбінесе хакерлер қолданады. 

Кез келген адам майнер бола алмайды. Өте қуатты видеокартасы бар компьютеріңіз болмаса, тіпті қиын. Сол себепті көпшілігі бұлтты майнингті қолданады. Ол кез келген фермадағы процессорды жалға алу арқылы жүзеге асады.

Майнинг пайда әкеле ме?

Қазіргі таңда фермаңыз болмаса майнингте жалғыз жұмыс істеу мүмкін емес. Өзіңіз қарап көріңізші:

  • Оған көп мөлшерде электр энергиясы жұмсалады. Егер сіз 24/7 сағат майнерлікпен айналыссаңыз, ол 2-3 есеге өсуі мүмкін;
  • Біраз уақыттан кейін компьютер құрылғыңыз істен шыға бастайды. Видеокартаңыз қызып кеткендіктен, зақымдалуы мүмкін. Сол себепті оны лақтырып, жаңасына ауыстыруды ойлай беріңіз;
  • Бір компьютерде көп ақша табу мүмкін емес. Оған мұның қуаты жетпейді. 

Қазақстанда энергия тапшылығы туындай бастаған. Оның себебі криптовалюта өндіретін бір құрылғы орта есеппен сағатына 3,5 кВт электр энергиясын тұтынады. Бір ғана ASIC айлық есеппен шаққанда 2,5 МВт энергияны пайдаланады.

Соңғы ақпарат бойынша Қазақстан аумағында 17 майнинг фермасы тіркелген. Олар 540 МВт электр энергиясын тұтынып отыр. 

Майнинг заңды және заңсыз болып бөлінеді. Оларды «ақ майнинг», «сұр майнинг» деп те атайды. Заңсыз майнинг субъектілері энергияны көп тұтынады. Соның салдарынан қарапайым тұтынушыларға энергия көзі жетпей жатыр. 

Қазақстанда соңғы кездері заңсыз майнингпен айналысатындар жиі ұсталуда. Күні кеше ғана астанада электр желісіне заңсыз қосылған майнинг фермасын Қаржы мониторингі агенттігі анықтады. 

Тексеру барысында цифрлық криптовалюта Bitcoin өндіруге арналған 159 дан майнинг жабдықтары табылған.

«2021 жылдың қарашасынан 2022 жылдың ақпанына дейінгі аралықта өндірілген криптовалюта, ақшалай есептегенде 48 498 доллар немесе 21 145 128 теңге қолма-қол ақшаға айналдырылды», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ, елімізде бес күн ішінде заңсыз майнинг саудасымен айналысқан 13 ферма анықталды. Олардың жалпы қуаттылығы 220 мегаваттан асып кеткен.

Жасырынып криптовалюта өндіргендер Қарағанды, Павлодар, Түркістан, Ақмола, Қостанай облыстары мен Алматы, Шымкент, Нұр-Сұлтан қаласында ұсталды. 

Көлеңкелі бизнесті кәсіп қылғандар еселеп электр энергиясын қолданса да, ақысын жеңілдікпен төлеп келген. Мәселен, елордалық майнерлер өткен жылдың қарашасынан күні бүгінге дейін 48 мың доллар тауып үлгерген. Ал алматылық алаяқтардың мемлекетке келтірген шығыны 131 миллиард теңгеден асып жығылады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің дерегінше, жымысқы әрекеттерін жасыру үшін электр энергиясын бақылаушыларға бір жарым миллион теңгеге дейін пара берген. Жеңіл ақша тапқысы келгендер түрлі әдіс-тәсілді қолданған. Алматылық сұр майнерлер тоқыма фабрикасының кейпіне кірсе, павлодарлықтар көкөніс қоймасының атын жамылған.

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов электр энергетикасы саласының мәселелері жөнінде кезекті кеңес өткізді. Энергетика министрлігі халыққа және өнеркәсіп секторына қажетті электр энергиясын шектемей беру жөнінде қабылданып жатқан шаралар, сондай-ақ цифрлық майнерлер үшін электр қуатын шектеу туралы баяндады.

«Цифрлық майнингтің заңсыз қызметін анықтау және оларды электр қуатынан ажырату жұмыстарын күшейту қажет. Сондай-ақ Қаржылық мониторинг агенттігі ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетімен және ЦДИАӨМ-мен бірлесіп, заңсыз майнерлер келтірген шығындарды бағалау мәселесін пысықтауы керек», – деді Ә. Смайылов.

Премьер-Министр заңсыз цифрлық майнинг субъектілеріне қатысты батыл шаралар қабылдауды тапсырды.

Майнингтен АҚШ-ты басып озып, алдыңғы қатарда келе жатқан Қытай біртіндеп криптавалютадан бас тартып жатыр. 

Қазақстан криптовалюта өндіруден әлем бойынша екінші орынға шықты. Қытай билігі майнинг мамандарының ісін күмәнді деп тапқан соң, Қазақстан жаһандық хешрейттегі үлесін 18 пайызға дейін өсірді. Майнингтің пайдасы бар дегенімізбен, оның зиянын да қаперіміздіен шығармаған жөн.

Тегтер: