25 Қараша 18:23
...

Мәдина Болатханқызы: Мемлекеттік ипотекалық бағдарламалар тұрғын үй мәселесін оңтайлы шешіп отыр

Фото:

Тұрғын үй – шешілуге тиіс күн тәртібінде тұрған мәселенің бірі. Осы орайда мемлекет тарапынан бірқатар ипотекалық бағдарламалар ұсынылып жатыр. Бірақ, бүгінгі нарық бағамында баспанаға мұқтаж отбасылардың мемлекет салған үйлерге қолы жете алып отыр ма?

NEGE тілшісі жылжымайтын мүлік саласының сарапшысы, «Үй алайық» компаниясының негізін қалаушы Мәдина БОЛАТХАНҚЫЗЫМЕН сұхбаттасқан еді.

– Мәдина, жалпы баспана қаладағы қазақтардың басты мәселесі ғой. Сарапшы есебінде айтыңызшы, соңғы жылдары пәтерден-пәтерге ағылған отбасылардың саны азайып, қаракөздеріміздің баспаналы болуға мүмкіндіктері артты дей аласыз ба?

– Бір қуантатыны, қазіргі таңда баспаналы болуға мүмкіндік сыйлайтын мемлекеттік бағдарламалардың саны көбейді.  Оның үстіне насихаттың көпшілігінің арқасында  қазіргі адамдар қаржылай сауатты бола түсті. Түрлі категорияларға арналған ипотекалық бағдарламалар көптеген жастар мен отбасыларды қуантуда.

Атап айтар болсақ, «Алматы жастары», «Қарағанды жастары», «Атырау жастары», «Елорда жастары» деген сынды жобалар ел өңірлеріндегі біраз жұртты қуантты. Сондай-ақ «7-20-25» бағдарламасы арқылы  да біраз отандастарымыз шаңырақты болды. Бұдан өзге үй бағасының 20-30 пайызын құйып алу арқылы да уақыт оздырмай, қоныс тойын тойлап жатқан қазақстандықтар саны артып келеді. Сондықтан үй алғысы келетін жандар ұсынылған түрлі бағарламалардың шарттарымен  танысып, әрдайым ізденіс танытса, өз үйіне қол жеткізуге мүмкіндік бар.

– Мемлекеттік ипотекалық бағдарламалардың ішіндегі ең тиімді дегендерін атап бере аласыз ба?

– Атында үйі жоқ көпбалалы отбасы, толық емес отбасы, мемлекеттік қызметкер, жарымжан жандар немесе мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға  «Шаңырақ» және «5-10-20» бағдарламасы бойынша мемлекет салған үйлерді алған тимді. Енді осылардың шарттарымен таныстыра кетейін.

«Шаңырақ» бағдарламасы бойынша тұрғын үйге берілетін несиенің жылдық мөлшерлемесі – 5 пайыз, бастапқы жарнасы – 10 пайыз, ал несиелеу мерзімі – 20 жыл.  Қарыздың ең жоғарғы сомасы – 18 000 000 теңгеге дейін. Және Отбасы банкте жинақ шотының болуы ескеріледі.

«Шаңырақ» бағдарламасы бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін өтеу үшін кейбір  азаматтарға қайтарымсыз негізде 1,5 миллион теңге тұрғын үй сертификаты беріледі. Ол санатқа көпбалалы отбасылар, халықтың әлеуметтік әлжуаз топтары, жетім балалар жатады. Сонымен қатар денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, әлеуметтік қамсыздандыру, ІМ жанындағы полиция департаменті сынды  тұрғын үй кезегінде тұрған сала  қызметкерлері енеді. Аталған сертификат Отбасы банк қарызды мақұлдағаннан кейін беріледі.

Ал «5-10-20» бағдарламасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  тұрғын үй кезегі мәселелесін шешу мақсатында Үкіметке артылған тапсырма аясында іске қосылған жоба екенін былайғы жұрт жақсы біледі.

Талаптарына тоқталар болсақ, біріншіден, үй алуға ниетті тұлғаның  атында баспанасы болмауы керек. Бірақ, тұрғын үй кезегінде тұруы міндетті. Бұдан өзге табыс көзі отбасындағы жан басына шаққанда күнкөріс деңгейінен аспауы қажет. Бағдарламаның аты айтып тұрғандай, несие мөлшерлемесі – 5 пайыз, бастапқы  жарна – 10 пайыз, ал қарызды өтеу мерзімі – 20 жылға дейін деп бекітілген.

Таңдау салынған баспананы жеке құрылыс салушылардан да, «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында салынған жаңа тұрғын үй кешендерінен де сатып алуға болады.

«Бақытты отбасы» бағдарламасын да қазіргі таңда баспаналы болуға ұмсынған жандарға ұсынылған тиімді жоба деп атай аламын. Табысы төмен отбасыларға үй сатып алуға арналған бұл несиелендіру бағдарламасы бойынша баспаналы болу шектеулі категорияға арналған. Атап айтар болсам, ең төмен күнкөріс деңгейіне 3,1-дейінгі табысы бар «көп балалы, толық емес және мүгедек балалары бар отбасылар» санатындағы кезекте тұрғандарға  қолжетімді. Заем мерзімі 20 жылға дейін болса, жылдық заем мөлшері – 2 пайыз. Ал  бастапқы жарна заем сомасының 10 пайызын құрайды. Мемлекеттік қызметте істемейтін, атында үйі жоқ, бірақ қолында алатын баспана сомасының 20 пайызына жуық қаражаты бар адамдар үшін «7-20-25» бағдарламасы тиімді.

Атында үйі бар жандар мен отбасылар  баспанаға тұрғын үй сомасының 30 пайызын, немесе жарты мөлшерін жинау арқылы қол жеткізе алады. Алдымен қаражатты жинақтап аламын деушілерге «Отбасы банк» тиімді.

– Бірақ, айлық шайлықтан аспай тұрған уақытта ақша жинақтау да оңай емес қой?

– Шынымды айтсам, өзім де жатақханада тұру, пәтерде тұру деген сынды кезеңдерден өткенмін. Бірақ үй алудың жолында қаражат жинаймын деп алдына мақсат қойған адам қалайда қиюын қиыстырып, жолын табады. Көпшілік үй алуға қаражат жинау үшін банкке ай сайын 200-300 мыңнан ақша құйып отыру керек деп үрке қашады. Тіпті, «100 мың тегеден салған күннің өзінде бір жылда 1200 000 теңге ғана жинайды екенмін. Қойшы, ол ақша неге жетеді» деп қолды бір сілтейтіндер де бар. Жүрексінбей, қолға азын-аулақ ақша түссе де, жинақ банкке сала берген жөн.

Мысалы, қалтасында сәл артық қаражаты бар кейбір жандар KFC-ге қарай жүгіреді. Оған екі адам барса, жоқ дегенде 7000 теңге төлеп шығады. Одан да ол ақшаны депозитке салған жөн болар. Сондай-ақ кейбіреулердің бар киімді ала беретін әдеті бар. Қымбат сағат пен қымбат қалта телефонға құмарлар да жоқ емес. 

Қарап отырсақ, арзан сағат та сол уақытты көрсетіп, арзанырақ телефон да айшылық алыс жерден хабар жеткізеді. Біздегі көптеген тұрғындар үнемдеу деген дүниені білмейді. Ашығын айтқанда, ертеңін ойламай, бүгінгі күнмен өмір сүреді. Атам қазақ «теңге тиыннан құралады» деп текке айтпаған ғой...

Алматы – жастар көп шоғырланған шаһардың бірі. Осы ретте «Алматы жастары» бағдарламасы жайында айтып өтсеңіз...

– «Алматы жастары» бағдарламасы 2015 жылы бастау алған. Осы уақытқа дейін ортада  бір жыл ғана үзіліс болды, содан соң қайтадан жалғасын тапты. Білуімше, аталған тұрғын үй бағдарламасына  қатысушылар almaty-zhastary.kz сайты арқылы да онлайн өтініш бере алады. Отбасы банкі мен Алматы әкімдігінің бірлескен жобасына 35 жасқа дейінгі немесе толған алматылықтар қатыса алады.

Талаптарына тоқталар болсақ, үміткерлердің Алматы қаласындағы ресми жұмыс өтілі жарты жылдан кем болмауы тиіс деп қарастырылған. Бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде атына тіркелген жылжымайтын мүлкі болмауы тиіс. «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрайымының мәлімдеген ақпарына сүйенсек, осы уақыт аралығында қала басшылығымен тізе қоса отырып, жүзеге асқан жоба аясында 2260 жас азамат 32 миллиард теңгеге баспанамен қамтамасыз етілген.

Ал биыл бағдарламаны жүзеге асыруға Отбасы банкінен 3 млрд теңге,  қалалық бюджеттен 15 млрд, жалпы көлемі 18 млрд теңге қарастырылса керек. Бұл қаражат 1000 алматылық тұрғынның баспана мәселесін шешуге мүмкіндік береді деп мәлімдеген.

Өтініштер мұғалімдер мен тәрбиешілер, дәрігерлер мен медбикелер, суретшілер, жазушылар, мәдениет қызметкерлері, әлеуметтік қызметкерлер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, өндірістік қызметпен айналысатын журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдарының мүшелерінен, университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарының оқытушылары мен ғылыми қызметкерлерінен қабылданады.

Бұл бағдарлама аясындағы несие 25 жылға дейін беріледі. Алғашқы жарна кемінде 10 пайызға тең болуы тиіс. Ал несие негізінде  пайыздық мөлшерлеме – жылдық 5 пайызды құрайды. Бірақ берілетін несиенің ең жоғары сомасы 18 миллион теңге көлемінде...

  Дегенмен, қазіргі нарықта Алматы қаласынан 18 миллион теңгеге үй алу екіталай ғой...

– Оныңыз рас. Дегенмен,  жылжымайтын мүлік бұл сомадан асса, өтініш беруші айырмашылықты өз қаражаты есебінен төлей алады. Беретін несие көлемі нарықағы мүлік бағасына сәйкес келмесе де, бұл бағдарламаның өзіндік артықшылығы бар. Ол айтып өткенімдей,  несие мөлшерлемесінің 5 пайызды ғана құрайтындығы. Өзге банктерде мұндай мүмкіншілік жоқ. Аталмыш мемлекеттік бағдарламаның ерекшелігі осында.

Бірақ көпшілікке айтарым,  «Алматы жастарының» талаптарына сәйкес келмедім екен деп қолды бір сілтеуге болмайды. Өзге де бағдарламалармен  танысып көру қажет. Мысалы, «7-20-25» жобасы бойынша да баспана алуға ниет білдіруге болады. Бұл екі бағдарламаның ай сайынғы төлемақысы бірдей. Тек міндетті түрде алғашқы салым, тұрақты табыс және несие тарихы дұрыс болу қажет.

Үйді сатып алу құқығынсыз жалға алу деген де бар.  Бұдан көрі баспана басыбайлы өзіңде қалу мақсатында ипотекалық несиеге алған жөн бе?

– Қандай бағдарламаның болсын өзіндік мерзімі болады. Сондықтан дер кезінде өтініш беріп үлгеру керек. Сіз сөз етіп отырған бағдарлама 29 жасқа дейінгі тұлғаларға беріледі.

Әкімдіктің айтуы бойынша, биылғы жылдың соңында немесе келесі жылдың бірінші порталында қайта  ұсынылуы мүмкін. Бұл ретте бағдарламаға қатысатын үміткерлерге қойылатын өзіндік талаптар болады. Ал оның артықшылығына тоқталар болсам, алынған мүлік өтініш иесінің атында болмағандықтан, өзге ипотекалық бағдарламаларға қатысуға шектеу болмайды. Ай сайынғы төлемақысы да аз. Бұл өз алдына тұрақты баспанасына қаражат жинауға мүмкіндік береді.  Бұл  бағдарлама тек 29 жасқа дейінгі жастарға ғана емес, одан ересек тұлғаларға қатысуға мүмкіндік берсе игі болар еді.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша үй алудың әуресі көп пе?

– Бұл жобаны да үкіметтің жастарға қолдау есебінде ұсынған әлеуметтік ұтқыр жобаларының бірі деп білемін. Оның үстіне жас мамандарға тапшы өңірлерге  септігін тигізіп қана қоймай, сала мамандарын ынталандырады.

Ауылдың әлеуетін арттыру мақсатында  құрылған бұл жоба елімізде 2009 жылдан басталып, бүгінгі таңда ауыл-аймақтарды қажетті мамандармен қамтамасыз етуде үлкен бастама болып отыр.  Аталмыш бағдарлама бойынша алынған үй өтініш берушінің атына бірден жазылады және өтетін  конкурс та жеңіл. Сондай-ақ   бағдарламаға ауыл, кент, ауылдық округтер әкімдері аппаратының бас және жетекші мамандары үміткер бола алады. Ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеуге және тұруға ниетті бiлiм беру, мәдениет, спорт және денсаулық сақтау, әлеуметтiк қамсыздандыру мен агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға қатысуға толық мүмкіндік бар. Өз басым үнемі ипотекалық несилеремен жұмыс істесем де, осындай әлеуметтік бастамалардың қолданысқа енгеніне ризамын.

Мәселен, оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару арқылы баспаналы болудың жолы ұсынылғанын да жақсы білерсіз. Еңбек күші тапшы өңірлерді қолдау ретінде  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын дәстүрлі түрде  оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударушылардың квотасын бекітеді. Білуімше, биылғы жылы ол квота 6 587 адамды құрады.

Қазіргі таңда көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз етудің шарттары бұрынғымен салыстырғанда айтарлықтай жеңілдеді деп айтуға келе ме?

– Ешқандай талап өзгерген жоқ. Керісінше, қосымша мүмкініктер пайда болды. Бұрын көпбалалы аналар үйдің кезегінде тұрып, баспананы сатып алу құқығы мен немесе сатып алу құқығынсыз алатын еді, қазір 10 пайыз алғашқы салымын құйып, мүлікті бірден өз атына аударып алуларына  мүмкіндік қарастырылған.

Жылдық заем мөлшерлемесі екі пайызды ғана құрайтын «Бақытты отбасы» бағдарламасының өзі де көпбалалы аналарға едәуір септігін тигізуде.

Жалпы, осы айтылған бағдарламалардың қайсысы бүгінде сұранысқа ие болып отыр?

– Мемлекеттік мекеменің қызметкерлері мен көпбалалы аналар, толық емес отбасылар және 1,2 топтағы мүгедектер «Шаңырақ» бағдарламасына жүгінеді. Негізі мұндай мемлекеттік бағдарламаларға зейнеткерлер де қатыса алады. Бірақ, оны өздері білмегеніктен, біз өз тарапымыздан бағыттап жатамыз. Негізі, тұрғындардың көбісіне «7-20-25» бағдарламасы оңтайлы түсіп отырғандай көрінеді. Себебі, қолында 4-5 млн қаражаты барларға жедел үй алу мүмкіндігі қарастырылған.

Көпшіліктің баспанаға қол жеткізуіне септігіңіз тиіп отырған маман ретінде бұл бағдарламаларға алып-қосарыңыз бар болар?

– Негізі кез келген мемлекеттік  тұрғын үй бағдарламасына қатысатындар саны көп. Осы ретте Алматы алып шаһар болғандықтан, салынатын үйлердің санын көбейтсе деген өтінішім бар. Содан кейін мемлекеттік ипотекалық бағдарламаларға тек қана шектеулі категорияға жататын тұрғындар қатыспай, жалақсы тұрақты тұлғалар да тартылса деген ұсынысым бар.  Мемлекеттік мекемеде жұмыс жасамайтын жандарға да жеңілдетілген пайызбен, алғашқы салымы аз мөлшерде үкімет салған үйлерден баспана алуға рұқсат беру қажет сияқты. Себебі екінің бірі көпбалалы, немесе толық емес отбасы сынды әлеуметтік топқа  жата бермейді ғой.

Бір жағынан  баспананың 50 пайызын жинауға екінің бірінің шамасы да жетпейді. Бұдан соң мемлекеттік бағдарлама арқылы үй алатын жандардың талапқа сәйкес шектеулі айлық мөлшері бар. Мұның да көп адамның сағын сындырып жататынын білемін. Осы айтқандар жолға қойылса, пәтерде жүрген тағы біраз қазақтың мәселесі шешілер еді.

Тегтер: