13 Шілде 16:49
...

Кредит нарығындағы келеңсіздік

Фото:

Өзін-өзі жұмыспен қамтитын 2 миллион қазақстандық кредиттерге қол жеткізе алмайтын болды

Онлайн-микрокредиттер – шағын сома шұғыл қажет болғанда көмекке келетін "сиқырлы таяқша". Бұл – автокөліктің тарсылдап қалған тетігін жөндеуге, қақсап тұрған тісті оңдатуға, кейде тіпті аяқ астынан пайда болатын басқа да тұрмыстық мұқтаждықтар үшін ақшаның қашан түсетінін күтпей, табан тоздырмай, шағын мәселені ыңң-шыңсыз шешуге мүмкіндік беретін қолғабыс. Енді қазақстандықтардың бірталай бөлігі осы бір мүмкіндіктен заң жүзінде қағылайын деп отыр. Әңгіме екі миллионға жуық өзін-өзі жұмыспен қамтитын халық туралы, базардағы ұсақ саудагерлер, такси жүргізушілері, үй шаруасындағы әйелдер туралы болып отыр. Мұның бәрі үкіметтің оларға "жаны ашығандықтан" барып отырған қадамы деп түсіндірілуде.

2020 жылдың өзінде микрокредиттік ұйымдарға қарызы 1 ең төменгі жалақыдан асатын әрбір клиентке БЖК есептеу міндеттелді, мұндағы БЖК –борыштық жүктеме коэффициенті. Ол айлық табыстың 50%-нан аспауы тиіс, яғни кредиттер бойынша жиынтық төлем қарыз алушы жалақысының жартысынан аспауы тиіс. Бұл жалақының жартысы кредитті жабуға жұмсалғанымен, оның аштан қатпай өмір сүруіне екінші бөлігі қалады дегенді білдіреді. Ешкімнің дауы болмайтын, дұрыс нәрсе.

Алайда 2022 жылдың шілдесінен бастап жағдай күрт өзгерді. Бір жағынан, МҚҰ барлық клиенттер үшін, тіпті шағын несиесі 10 000 теңгеден аспайтын клиенттер үшін де БЖК есептеуге міндетті. Екінші жағынан алып қарайтын болсақ, сол БЖК есептеуге мүмкіндік беретін ақпарат көздерінің саны азайды. Бұл өзін-өзі жұмыспен қамтитын азаматтардың кейбір санаттары үшін БЖК есептеу мүмкін еместігін білдіреді, өйткені олардың табысы ресми түрде еш жерде көрсетілмеген.

Мысалы, күн сайын жалданатын жұмысшыны алайық. Қазір, егер кенеттен жұмыс уақытша тоқтап қалса немесе құрылыстағы төлем кешіктірілсе, ол балаларға жазғы киім немесе аяқ киім сатып алу үшін 30-50 мың теңгеге онлайн-несие алып, бір айдан кейін 10 мың қосып, қайтара алады. Бірақ қазіргі жағдайда жалдамалы жұмысшының табысы аяқ астынан үзілетін болса, жақындарына тамақ тауып берудің өзі мұңға айналайын деп тұр. Оған жол торуылдап, қарақшы болу немесе қайыр-садақа сұраудан басқа не қалады? Өйткені мемлекет бұл жұмысшыға және еш жинақтары жоқ, тиын-тебен санап жүрген миллиондаған басқа да азаматтарға тығырықтан шығудың балама жолын ұсынбайды. Мемлекеттен бір реттік атаулы көмек алуға да мүмкіндік жоқ. Туыстары мен таныстарынан сұрап-сұрап, беті қызарады. Қаржы қыспағына түскендер үшін микроқаржыгерлер ұсынатын шағын қысқа мерзімді несиелер – ең оңтайлы да тиімді қарыз құралы екенін дәлелдеудің еш қисыны жоқ.

Барлық, оның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтитын азаматтар үшін БЖК міндетті түрде есептелген жағдайда, олар құтқару шеңберінің сыртында қалады. Ал азаматтардың ең осал және тез ақшаға мұқтаж санаты – өзін-өзі жұмыспен қамтыған отандастарымыз екені айдан-анық. Сонымен бұл шара адамдарға қамқорлық жасаудың ізгі ниетінен туындағаны шын ба? Немесе тамақ сұрамау үшін адамдардың ауыздарын желімдеп тастаған дұрыс па?

Халық арасында микронесиелер туралы қорқынышты пікірлер көптеп таралған, «бүгін жүз теңге қарызға алсаң, ертең пәтеріңнен айрыласың» деген жаңсақ көзқарас қалыптасқан. Бірақ осы салада қаржы реттеушілерінің ойлап тапқан, қарыз алушыларды "қорғауға бағытталған" пәрменді шараларына көз салайық: сыйақы мен айыппұлдардың шекті мөлшерлемесі, кредит тарихын міндетті түрде тексеру, валюта мен кредит беру мерзімін шектеу, мерзімі өткен берешекті реттеу тәсілдері және микроқарыздарды реттеудің халықаралық тәжірибесіне сәйкес бірқатар шектеулер қабылданғанын еске түсірейік.

Ал жақын арада жаңа норма бекітілетін болады, оған сенсек, барлық пайыздарын, айыппұлдарды және берешек болған ұзақ айлардағы өсімпұлдарды қосқанда, төленетін сома микрокредиттің бастапқы сомасының жартысынан аспауы тиіс. 50 000 алған болсаң – кез-келген жағдайда, уақытында қайтара алмағанның өзінде, қайтаратын сома 75 000-нан аспайды. Бұл бір делік.

Екіншіден, онлайн-кредиттер сомасы 150 000 теңгеден аспайды, сондықтан да ол шағын несие деп аталады. Сондықтан 20-25% жоғары мөлшерлемелерге қарамастан, төлемдер қомақты болмайды. Абсолютті сандармен бағамдайтын болсақ, адамдарды өмір сүруге деген құштарлығынан айыратын екінші деңгейлі банктердегі бірнеше миллиондаған кредиттермен салыстырғанда, мұндай кредиттер таңқаларлық жайт емес.

Үшіншіден, микроқаржылық ұйымдардың өздері сан алуан, олардың бәрін бір топқа қосуға болмайды. Бұл жерде қиыншылыққа тап болған адамдардың қолындағы соңғы бағалы отбасылық жәдігерін жарты бағасына иемденіп алатын ломбардтар мен ақшаны оңды-солды бере беретін, бірақ шарттарын үтір-нүктесіне дейін жасырын ұстайтын, теріс пиғылды несие берушілердің бәрін бір қатарға қосып қойған. Олардың арасында онлайн-қосымшалар арқылы жұмыс істейтін цифрлық микронесие ұсынатын, оны өтеу сомасын, мерзімін және тәсілін дәл есептеп беретін жария ұйымдар да бар. Соңғы тоқталған ұйымымыз алдыңғылардан өзгеше екені анық қой, өйткені қаржы технологиясын меңгерген жаңашыл ұйымды ескі дәуірден қалған ғимараттарда тұрақтап, "лас" тәсілдермен жұмыс істейтін "кеңселерден" ажырата білген жөн.

Онлайн МҚҰ жағдайында цифрландыру бәрін шешеді: бұл жерде клиенттің кредиттік тарихы БКБ ("Бірінші кредиттік бюро", Қазақстандағы кредиттер туралы бірыңғай деректер орталығы) арқылы тексеріледі. Егер өтініш берушінің кредиттік тарихы "таза" болмаса, онлайн-кредиттен үміт ете алмайды.

Ақша ұсыну шарттары бойынша да ешқандай қиындықтар туындамайды. Барлығы қолданыстағы алгоритмдер бойынша жасалады, тікелей телефон экранында сіз кредиттік сценарийдің кез-келген нұсқасын (несие сомасы, өтеу мерзімі мен сыйақы сомасы) есептей аласыз. Бұл ресурстар қазіргі барлық заманауи талаптар мен қаржы мәдениетінің жоғары деңгейіне сәйкес келеді. Өзіңіз ойлап қарасаңыз, қаржы жүйесі барынша дамыған дәуірде, жаңалыққа толы 21 ғасырда көршімізден немесе ата-аналарымыздан" қарыз " алу әдепке жатпайды. Олай болса, неліктен микрокредиттің осы бір жария жүйелерін бөлек санатқа бөліп шығармасқа, сонда БЖК есептеместен және басқа да артық шарттарсыз, микронесиелерді автоматтандырылған түрде алу барынша оңай болар ма еді? Ал реттеуші өзназарын бірнеше жылдан бері айтылып келе жатқан екінші деңгейдегі банктерде халыққа кредит берудің нақты проблемасын шешуге бағыттауы керек.

Сонымен қатар цифрлық микрокредиттік ұйымдар қаржылық сауаттылыққа жетелейтін "тәлімгер" ретінде өлшеусіз рөл атқаруда. Яғни қазақстандықтарды шағын сомалармен жұмыс жасай отырып, ақша беру шарттарын түсінуге, пайыздарды дұрыс есептеуге, оларды уақытында төлеуге және өзінің дені дұрыс кредиттік тарихын жасауға үйретеді, одан әрі неғұрлым қомақты қаржы институттарымен және неғұрлым үлкен сомалармен айналыс жасауға көмектеседі. Екінші деңгейдегі банктер үшін онлайн-кредиторлар кредит беру жүйесіндегі белгілі бір "тазалық орны", "алып елек" іспеттес – шағын қарыздарды төлей алмағандар енді автоматты түрде банктерден мақұлдау хабарламасын күте алмайды.

Онлайн-микрокредиттердің мемлекет үшін ең перспективалы, қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарды одан әрі құтқаруға қабілетті микроқаржылық сала екені сөзсіз, өйткені әзірше Қазақстан халқының едәуір бөлігі үшін кедейшілік пен тұрақты жақсы төленетін жұмыстың болмауы шешілмеген проблема болып қалуда. Бұл жөнінде біздің Президентіміз де бірнеше рет айтқан болатын. Бұл ретте халықтың осы бір бөлігіне кішігірім сомаларға кредит ұсынуға банктер тым құлықсыз. Егер шағын бизнес туралы айтатын болсақ, олардың өкілдерін банктердің басымдыққа ие бағыттарына сәйкес келмейтін, бірақ бірнеше ондаған жылдар бойы жүздеген мың жеке кәсіпкерлердің қаржылық қажеттіліктерін сәтті өтеп келе жатқан, банктер мен мемлекеттің назарынан тыс қалған барлық салаларды дамытуға мұқият және тұрақты көмектесіп келе жатқан МҚҰ үшін өзіндік аудитория болып қала беретін параллель "әлем" тұрғындары деуге болады.

Ондаған жылдар бойы кредит нарығындағы келеңсіздіктер тұтынушылық қажеттіліктердің күрт артуымен қатар жүрді: адамдар телефонға, тұрғын үй мен автокөлікке олардың бағасы үш есе өсіп кететін болашақта емес, дәл қазір қол жеткізгісі келді. Қазіргі шындыққа тура қарасақ, халық банктерге 11 трлн теңге қарыз. Бұл жерде екі стратегия қатар дамуы тиіс – бұрыннан қордаланған кредит берешегі мәселесін шешу үшін қолдан келетіннің бәрін жасау және адамдарды кредит алуға нөлден, яғни басынан бастап, үйрету, білім беру қажет.

Тегтер: