12 Қаңтар 17:30
...

«Қорғаныс бюджеті ЖІӨ-нің 1 пайызына да жеткен жоқ» – Әскери сарапшы пікірі

Әскер рейтингі
Фото: Коллаж NEGE

Global Firepower порталының жыл сайын жаңартып, жариялап отыратын рейтингі бойынша, биыл Қазақстан әскери қуаты жағынан 145 елдің ішінде 58 орынға көтерілді. Ал былтыр 63 орынды місе тұтқан болатынбыз.

Бұл – Қазақстанның Түркі елдерінің ішінде әскері мықты елдің бірі деген сөз. Әрине, Түркиядан кейін. Ал Орталық Азия бойынша көш бастадық. Қазақстаннан кейінгі сатыда Әзербайжан (59-орын) тұр. Беларусь – 64, Өзбекстан – 65, Қырғызстан – 100, Тәжікстан – 107-орынға жайғасыпты.

Ал алпауыттарға келсек, АҚШ, Ресей және Қытай аталған ретімен үздік үштікке кірген. Ең соңғы орын Бутан деп аталатын елге бұйырыпты.

Рейтинг 60 түрлі критерийді басшылыққа ала отырып жасалған. Айталық, әскери бөлімшелердің саны, адам ресурсы, қаржылық жағдайы, технологиялық дамуы, жағрапиялық орны және ұшқырлығы, тағысын тағылар.

Шетелдік сарапшылардың Қазақстанды әскери қуаты жағынан аймақтағы ең мықты ел деп тануына не түрткі болды? Бұл сауалға әскери сарапшы, журналист Амангелді ҚҰРМЕТҰЛЫ пікір білдірді.

Амангелді Құрметұлы
Фото: ғаламтордан

– Рейтингтер бұқараға арналып жасалады. Әдетте, әуесқой сарапшылар ашық дереккөздердегі мәліметтерге сүйене отырып құрастырады.

Шындығында, қандай да бір елдің әскери қуатын рейтинг арқылы өлшеу мүмкін емес. Өйткені, экономикадан бастап білім беруге дейінгі түрлі қосымша факторлар бар. Бұл – өзге салалар неғұрлым дамыса, әскери сала да соғұрлым күшті болады деген сөз. Былтыр 63-орында болдық. Биыл 58 орынға шығарыпты. Түркі мемлекеттері ішінде біздің алдымызда тек Түркия ғана бар. Бұл ел әлем бойынша биыл 8 орында тұр. Қуатты мемлекет. Қалған елдер бізген кейін орналасқан. Орталық Азия елдерінің ішінде Қазақстан көш бастап отыр.

Өз басым, сарапшылар кейбір ашық дерек көздердегі мәліметтерді, құжаттарды және атқарылып жатқан шараларды ескере отырып, Қазақстанның қорғаныс саласына баса назар аударып жатқанын ескерді деп білемін.

Бізде 2021 жылы 2030 жылға дейін Қазақстанның қорғаныс қабілетін жетілдіру туралы арнайы тұжырымдама қабылданған болатын. Соның негізінде бірқатар шара жүзеге асырылып жатыр. Бірақ ол құжат құпия. Сондай-ақ, арнайы операциялар күштерін жасақтап жатырмыз. Шамамыз келгенше техниканы жаңғыртуға ұмытылу үстіндеміз. Осындай факторларды ескерді деген ойдамын.

Түркиядан Anka-S дронын алдық. Бронды көліктердің зауытын ашуымыз мүмкін. Өзіміздің де бронды көліктеріміз құрастырылып жатыр. Қару-жарақ нарығындағы үздік деп танылған қытай компанияларымен де байланысты нығайтуымыз ғажап емес.

Әскер
Фото: ғаламтордан

Орталық Азияда көшбасшымыз деген пікірмен келісемін. Өзбекстан 2020 жылдан бері осы рейтинг бойынша біздің алдымызда тұрды. Оған дейін біз ұдайы алда едік. Тіпті, әлем елдерінің ішінде 52-53-орында тұрған кездеріміз де болған. Рейтингке қатысатын елдердің саны жыл сайын өзгеріп отырады. Биыл 140 мемлекет қатысса, келесі жылы 150 мемлекет қатысуы мүмкін. Сондықтан рейтингтің алға жылжу немесе кері шегіну ықтималдығы бар. Десе де, 58 орын – жақсы көрсеткіш.

Жасыратыны жоқ, 50-ден астам факторды ескерсек, кейбір детальдар бір-біріне кереғар келуі ықтимал. Мысалы, осы рейтингтегі кейбір мәліметтер қате. Қазақстанның қорғаныс бюджетін 7,5 миллиард АҚШ доллары деп көрсеткен.

Менің білуімше, іс жүзінде 2,6 миллиард доллар болды. Бұл жерде біздің бюджеттің үш жылға арналатынын ескеру қажет. Сонда жыл сайын 800-900 миллион доллар шамасында қаржы қарастырылып отыр.

Биыл қанша қаражат қарастырылғанын нақты білмеймін. Бюджет кодексі әлі бекітілген жоқ. Мәжілістің екінші оқылымында жатыр. Бірақ кейбір депутаттар «қорғаныс саласына біршама назар аударылды, тәуір қаржы бөлінді» деп мәлімдеді.

Десе де, Қазақстанның қорғаныс бюджеті елдің жалпы ішкі өнімінің 1 пайызына жете қойған жоқ. Классикалық жағдай бойынша, кемі 2 пайыз болғаны дұрыс.