6 Желтоқсан 18:52
...

Көпмақсатты реактордың жұмысы және дәрі-дәрмек пен асыл тас...

Фото:

Алматыдағы Ядролық физика институты стратегиялық маңызы бар нысанға жатады. Мұнда кез келген адамның емін-еркін кіріп-шығуына тыйым салынған. Институттың жұмысымен танысуға барған бір топ журналист те біраз тексерістен өтіп, ішке кірді. Сырт көзден таса институттың атқарып жатқан жұмыстары орасан екен. 

Институт құрамына Астана қаласында және БҚО Ақсай қаласында орналасқан 2 филиал, сондай-ақ Атырау облысындағы бұрынғы «Азғыр» полигонына іргелес орналасқан ғылыми-өндірістік экспедиция кіреді. Кәсіпорын мемлекетке тиесілі стратегиялық объектілерді пайдалану және күтіп ұстау, атом энергиясын пайдалану саласында ғылыми зерттеулерді жүзеге асыру қызметін атқарып келеді. Ал институт жұмысының негізгі бағыттарына келсек, ядролық физика мен радиациялық қатты дене физикасы саласындағы іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер мен ядро-физикалық талдау әдістерін зерттеу және қолдану, сондай-ақ өнеркәсіп және медицина үшін радиоизотопты өнімдерді өндіру мен атом энергиясын пайдалану  жатады.

Бүгінде институтта 8 ірі базалық эксперименттік қондырғы бар. Атап айтқанда, ССР-Қ атом реакторы (Алматы қаласы), сындық стенд, У-150 және УКП-2-1, ЭЛВ-4 (Алматы қаласы), ДЦ-60 (Астана қаласы), 4 зарядталған бөлшектер үдеткіші, сондай-ақ Алматы қаласындағы Ядролық медицина және биофизика орталығы базасындағы Cyclone-30 циклотроны мен ИЛУ-10 электрондар үдеткіші. Соның ішінде мұнда елімізде жұмыс істейтін үш зерттеу реакторының бірі әрі бірігейі жұмыс істеп тұр. Құрылғанына 65 жыл толған институттың мақтанышы да ССР-Қ реакторы. Себебі, 55 жылдан бері қоғамның әртүрлі саласына тиімді әрі пайдалы өнім шығарып отырған реактордың қызметі де көпмақсатты.

Қатерлі ісікті емдейтін дәрі-дәрмек шығарады

Тәжірибелік және технологиялық мүмкіндіктері бойынша қауіпсіз саналатын ССР-Қ зерттеу реакторы ядролық және термоядролық реакторларға арналған перспективалық материалдарды радиациялық сынау, медицина мен өнеркәсіп үшін радиоизотоптар алу, әртүрлі материалдардың элементтік құрамын нейтронды белсендіру талдауы және объектілердің ішкі құрылымын зерттеу үшін қолданылады.

Бас инженердің орынбасары Бағдәулет Мұхаметұлы реактордың ел үшін беріп жатқан пайдалы қызметіне тоқталды. «Реактор уран 235 отынымен жұмыс істейді. Фильтрдан өткізілген суын пайдаланылады, реактордың қуат 6 МВт. Фармацевтикалық дәрі-дәрмек шығарып, табиғи асыл тастарды өңдеуден өткізіп, әртүрлі түске сәулелендіреміз. Осы мақсатта институт коммерциялық бағыт бойынша Германиямен келісім-шартқа отырды. Ядролық реакция жүру барысында реактор нейтрон шоғырын береді. Ғылыми зерттеу реакторы кремнийді зерттеп, сәулелендіреді. Мұнымен қоса археологиялық-геологиялық-инженерлік нысандардың ішкі құрылымын зерттейді. Медицина үшін фармацевтикалық дәрі-дәрмектер, атап айтқанда онкологиялық ауруларды емдеуге арналған радиоактивті йод шығарамыз», – деді бас инженердің орынбасары Бағдәулет Мұхамедұлы.

Ядролық физика институтының радиохимия және изотоптар өндіру ғылыми-техникалық орталығы республиканың медициналық мекемелеріне радиофармпрепараттарды өндіріп, жеткізіп отырады. Атап айтқанда, фтордезоксиглюкоза 18F. Бұл инъекцияға арналған ерітінді позитронды-эмиссиялық компьютерлік томография арқылы обырды емдеуді диагностикалау және бақылау үшін, ал Натрий йодиді 131I фотонды компьютерлік томография көмегімен қалқанша бездің функционалдық жағдайын зерттеу үшін қолданылады.

Ядролық физика институты РМК бас директоры Саябек Сахиевтың айтуынша, адамзатқа қауіп төндірген қатерлі ісікке қарсы дәрі-дәрмек шығаратын орталықтың жұмысына шетелдіктер де қызығушылық танытып отырған көрінеді.

«Бізде радиоизотопты дәрілер тасуға әуе компаниялардың лицензиясы жоқ. Егер таситын болса, Қазақстанның кез келген қаласына, тіпті шетелге де жеткізе аламыз. Біз өзіміз үшін бағаны төмен қоямыз. Бірінші мақсат – халықтың денсаулығы, екінші – болашақта медициналық туризмді дамыту. Кеше ғана Түркияға іссапармен барып келдім. Олар да қызығып отыр. Себебі, қазір оларда жұмыс істеп тұрған реактор жоқ. Қазір медицинаға аса қажет йод, молибден де реактор арқылы өндіріледі. Түрік делегациясы бізге ұсыныспен шықты», – деді басшылық.

Сондай-ақ, директор қатерлі ісікпен ауыратын науқастарды емдеуге арналған  йод 131 изотопы мен молибден Семейдегі онкологиялық орталыққа, Астанаға, Алматыға айналасы 7-8 күнде жеткізіледі. «Мұны емделуші межелі уақытта қабылдап үлгеруі керек.  Бізде препаратты жеткізу жағын жолға қойса, әуе компанияларына дәрі-дәрмек тасуға лицензия берсе, мына тұрған Шымкентке көлікпен 7 сағатта емес, ұшақпен бір-екі сағатта қолдарына беруге болатын еді» деген уәжін де айта кетті Саябек Сахиев.

Ғылым дамымай, қоғам дамымайды

Елімізде ғылымға деген көзқарас енді оңалып келеді. Мұны президент те әрбір жиында айтып жүр. Жақында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те институт ғалымдарымен кездесіп, ядролық ғылымды дамыту мәселесін сөз етті. Бұл тұрғыда ғалымдардың ядролық физиканың қазіргі заманғы мәселелері бойынша халықаралық бағдарламаларға қатысып, әріптестік орнату жайы қарастырылды. Сондай-ақ, Қазақстанда АЭС салу талқысына да нүкте қойылып, мамандар дайындау жұмысы да басталып кетті. Биыл Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ физика-техника факультетінің жанынан ашылған жаңа мамандыққа 50 студент оқуға түскен. Енді олар тәжірибе жұмыстарын осы институтта жүргізетін болады. 

Ядролық физика институты 2030 жылға дейінгі стратегиясын жасақтап, әлемнің маңдайалды үш ғылыми-зерттеу инстуттарымен келісім-шарт орнатып, жұмысты бастап кетті. Айта кету керек, реакторға қолданылатын уран отыны Ресейден алынады. Қазір институтта он жылға жететін отын қоры бар. Алайда, ядролық қаруға тыйым салынған елімізде уран шетелге тек шикізат күйінде сатылады. Мамандардың айтуынша, АЭС ректорын салған компания отынды өзі қамтамасыз етеді. Кейбір мемлекет бізден алған уранды байытып, қайта өзімізге сатып пайда көріп отыр.

Тегтер: