«Көмек» ойынқұмарларды қалай оңалтып жатыр?
Бүгінгі таңда құмар ойынға құмартқан жандардың қатары аз емес. Үй жағдайында компьютерде түрлі атыс-шабыс ойындар ойнап, виртуалды өмірде жүрген жасөспірімдер де қаншама. Осындай жандарды қалыпты қатарға қосып жатқан «Көмек» оңалту орталығындағы мамандардың еңбегі ерен десе болады. Тілшіміз төрт мыңнан астам лудоманды оң жолға салған мекеменің негізін қалаушы, клиникалық психолог маман Нұрлыбек Пархатұлы Тұрсынбековпен тілдесіп көрді.
– Сіз басқаратын орталықтың нарықта қызмет жасап келе жатқанынан қанша уақыт болды?
– Біз 2019 жылы Астана қаласында ресми түрде есігімізді айқара аштық. Әлеуметтік көмек көрсету орталығы болғандықтан, ойынқұмарлық, маскүнемдік, нашақорлық сынды тәуелділікке шалдыққан жандарға жәрдем береміз. Анығын айтар болсам, психологиялық, физиологиялық және рухани тұрғыда қалыпқа келтіреміз. Негізі адикция аурулары заманауи дерт деп қабылданған жоқ. Дегенмен, оның қоғамда белең алып бара жатқаны анық. Мысалы, бүгінгі таңда орынсыз кредит ала беретін, қалаберді компьютерге тәуелді және тәбетін баса алмайтын жандар артып келеді. Біз осындай психологиялық тұрғыда тығырыққа тірелген адамдарға да кәсіби түрде көмек қолын созамыз. Қазіргі таңда орталықта сексенге жуық маман жұмыс істейді. Бір мезетте 150-ге жуық пациент стационарлық түрде ем қабылдай алады. Сондай-ақ Шымкент қаласында екі бөлімшеміз бар.
– Қазіргі таңда қандай құмар ойын түрлеріне тәуелділік басым болып отыр?
– Бәс тігуге құмарлар саны басым болып барады. Кезінде букмекерлік кеңселерге заң жүзінде тыйым салынғанда қуанғандай болып едік, кейін оның бәрі онлайн платформаға өтті. Салдарынан әлеуметтік желіде олардың жарнамасы күбінің битіндей өріп жүр.
– Жалпы өздеріңізге күніне қанша адам жүгінеді?
– Егер ішкі статистика тұрғысынан айтар болсам, күніге он бес қоңырау түседі. Бірақ байланысқа тәуелді адамдардың өздері емес, ет жақындары шығады. Оның ішіндегі 7-10 қоңырау ойынқұмарлық мәселесімен болса, қалған 5-8-і синтетикалық есірткіге тәуелділер мәселесі.
– Ойынқұмарлық қалталылар ұшырайтын дерт дегенді айтып жатады. Мұнымен келісуге бола ма?
– «Ауру сұрап келмейді» деген. Сондықтан тәуелділікті байдыкі немесе кедейдікі деп бөліп-жаруға болмас. Мысалы. өзімізге жүгінетін жандар жайында айтар болсам, еден жуатын ананың баласынан бастап, елге есімі танымал тұлғалардың да балалары алдымызға келеді.
Құмар ойынға тәуелділіктің бірнеше себебі болады. Ең біріншісі – генетикалық Яғни, тұқымқуалаушылық. Екінші – жанұядағы тәрбие. Мысалы, қазіргі таңда көптеген ата-ананың бала тәрбиесіне жіті мән беруге уақыты жоқ. Үшіншісі – өзі жүрген ортасы. Бала үйде ненің жақсы ненің жаман екенін біліп өспеген соң сырттағы жағдайларды өзіне сіңіреді. Сондықтан ересектерге айтарым, қазақ «баланы жастан» деп бекер айтпаған. Ұл-қыздарыңыздың тәрбиесіне жіті мән беріңіздер. Компьютердің түр-түрін әперу – ата-аналық міндетімді атқардым деген сөз емес. Егер гаджетті сабаққа қажет болған жағдайда алғанмен, былайғы уақытта баланың оны пайданалу уақытын шектеп, не қарап, не қойып отырғанын қадағалау керек. Спорттық секциялар мен үйірмелерге баруға бағыттасаңыздар, бала үшін пайдалы іс сол болар еді. Кей ата-аналар кішкентай балалар сәл мазасыздық танытса болды қолына телефон ұстата қояды. Тәуелділік осындайдан туындайды. Ондай ұл-қыздар уақыт өте келе ақиқат өмірден алшақтап, виртуалды әлемге бой алдырады. Қиял әлемінің жетегінде кеткен баланы қалыпты өмірге әкелу қиынға түседі. Мұндай жеткіншектер сабағын жақсы бағамен оқуы әбден мүмкін. Бірақ тұлға ретінде дами алмайды.
– Орталықта лудомандарға қандай ем түрлері қолданылады?
– Бізге келушілер стационарлық және психологиялық тұрғыда ем қабылдайды. Лудомандармен психолог және психотерапевт мамандар айналысады. Адамдар көбінекей рухани тұрғыда тоқырауға ұшырағанда тура жолдан таяды. Осы ретте біз ем қабылдаушылар арасында дінге шектеу қоймаймыз. Мәселен, кейбіреулер қалыпты ортаға орала бастағанда қолына құран алып, намаз оқыса, кейбіреулер библияны тануға ден қояды.
– Сонымен, осы уақыт ішінде қанша ойыншыны оңалта алдыңыздар?
– Осы уақытқа дейін нашақорлық, маскүнемдік және ойынқұмарлық мәселесі бойынша 8600 адам алдымызға келсе, соның төрт мыңға жуығы лудоманиядан арылғандар санатында. Егер ғылыми тұрғыдан айтар болсақ, құмар ойынға тәуелділік – созылмалы ауруға жатады. Мәселен, аллергияны алайықшы. Егер науқас күтініп, сақтанып жүрсе, алда еш кедергі болмауы мүмкін. Ойынқұмарлық та дәл солай. Осы ретте біз ақысыз арнайы профилақтикалық кешкі топтар ашқанбыз. Ол жерге ем қабылдағандар аптасына екі рет барып, өзіндей жандармен бізден алған алған тәжірибесі және іштегі мұң-мұқтажымен бөлісіп, емен-жарқын әңгімелеседі. Бұл олардың бұрынғы қалпына оралмауына септігін тигізеді.
Осы уақытқа дейін заң шеңберінде 16-63 аралығындағы жандарды қабылдадық. Біз ешқашан олардың аты-жөнін жарияламай, жасырын түрде ұстаймыз. Бұл біріншіден заңға сәйкес болса, екіншіден олардың болашағына балта шабылмағанын қалаймыз. «Жығылмайтын тұяқ жоқ» дейді ғой, ертең ол адам бізден емделіп шыққан күні шалыс кеткен кезі кесе-көлденең алдынан шықпауы керек. Сондай-ақ біздің мақсат – адамды өз-өзін басқара алатындай дәрежеге жеткізу.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі құмар ойынмен күресті күшейту керектігін айтты. Бұдан соң қандайда бір өзгеріс бола бастады ма?
– Мемлекет басшысының бұл мәселемен қоғам болып күресейік дегені ғанибет болды. Бір айтарым, құмар ойындарға қатысты жарнамалар санын шектеу керек. Себебі, психологияда «двигель» деген ұғым бар. Мәселен, тәуелділікке бейім адам алдынан «бізде пәленше сома ұтыс бар» дегенді көріп қалса, соған кіріп кетуі ғажап емес. Депутаттар да осы жөнінде заң қабылдау қажеттігін айтып жатыр. Бірақ ол қашан жүзеге аса қояр екен?! Ел ертеңіне алаңдайтын азамат ретінде мен де осы мәселенің оңтайлы шешім тапқанын қалаймын.
Жарнамадан өзге қоғамдағы қандай факторлар құмар ойынға елітеді?
– Ең алғашқысы – қолжетімділік. Себебі қазір әр адамда бір-бір қалта телефон бар. Қалаған адам желі арқылы ойынның көркін қыздыра беретін болды. Одан кейін шағын несие беретін қаржы мекемелері артып отыр. Бұл ойынпаздарға қаражат көзін табуға еш қиындық тудырмайды. Осы ретте мемлекет жасөспірімдерді басқа арнаға бағыттайтын бағдарламаларды қолға алса иі болар еді. Мәселен, бос уақыттарында жұмыс жасап өздіктерінен табыс табуға міндеттесе, болашақ жастар үшін пайдасы зор болар еді. Бұл ұрпақты адал жолмен ақша табуға бағыттайды.
– Статистикаға сүйенсек, ойынға құмар отағасы бар он отбасының жетеуі ажырасып тынады екен. Осыған сенуге бола ма?
– Егер өз тәжірибемізден айтар болсақ, алдымызға келген лудомандардың елу пайызы ажырасқан болса, елу пайызы ажырасудың алдында жүргендер саналады. Осы ретте олардың жанұясымен арнайы отбасылық психологтар тығыз байланыс орнатып, жұмыс жасайды. Себебі, ет жақындары ойыншы тәуелділікке бой алдырғанда қарыздарын жабуға көмектесуі мүмкін. Олар осылайша ауруының асқынуына себепші болады. Осыған орай ағайын-туысы немесе отбасына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырамыз.
– Сіздерде ем қабылдау ақылы түрде жүре ме?
– Біздегі мамандар әрдайым білімдерін жетілдіріп отырады. Мысалы, адиктолог деген мамандықты Қазақстанда оқытпайды. Сондықтан мамандарымызды шетелден білім мен тәжірибе алмасып келуге жіберіп отырамыз. Содан кейін ғимараттарды жалға алу ақысы мен ем қабылдаушылардың ішер тамағы бар. Осының барлығы қып-қызыл қаражатқа тірелетіндіктен, ем ақылы түрде жүреді. Біз осы ретте мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетілуін өтініп, бірнеше жерге хат жаздық. Мұндағы мақсат – әлеуметтік жағдайы төмен жандарға ем қабылдауды қолжетімді ету. Әзірге еш жерден жауап жоқ. Сондықтан өзімізді-өзіміз қаржыландыруға тура келіп отыр. Арасында «Аманат» көмек қоры жәрдем беріп тұрады.
– Бір лудоманды қатарға қосуға қанша уақыт кетеді?
– Негізі емдеу мерзімі бес ай. Адам санасында ұзақ жыл бойы қалыптасқан әдетті бір күнде жоя салу мүмкін емес. Сондықтан емделіп шыққандар тағы екі-үш ай кешкі топқа барып, ерікті болып жүреді. Яғни, осы жерге келіп, өзіндей шалыс басқан жандарға тура жолға түсудегі білген-түйгендерін бөлісіп отырады. Негізі адам өзін өз еркімен басқара алатындай дәрежеге жету үшін орта есеппен бір жыл уақыт кетеді.
– Отбасындағы қандай жағдай адамның тәуелді ойындарға құмартуына тікелей әсер етуі мүмкін?
– Әкенің отбасына көрсеткен тұрмыстағы зорлық-зомбылығы баланың психологиялық тұрғыда ауыр жарақат алуына алып келеді. Содан кейін қазіргі таңда жалғызбасты ананың тәрбиесінде өсіп жатқан балалар көп. Осындай толық емес жанұяда жетілген балалардың санасында рухани кемшіліктер болады. Мұны «әкесіз өскен бала жалтақ болады» деген жалпақ сөзбен түсіндірген болар едім. Осындай тағдыр кешкен адамдарды емдеу жұмыстары әлбетте терең әрі ұзағырақ жүреді. Нәтижесінде ем қабылдаушы ата-анасына деген реніштен арылады.
– Соңында ем қабылдаушыны бойындағы талантына қарай бағыттайтын боларсыздар?
– Мысалы, бізге келушілердің бірі кішкентай кезінде әртіс болғысы келгенін, ал әке-шешесінің мәжбүрлі түрле заңгер қылғанын айтты. Ол қомақты жалақы алса да, жұмысынан рахат алмайтынын алға тартты. Дегенмен, оның бала күнгі арманын жүзеге асыруға енді кеш болады. Сондықтан біз өміріне қанағаттанатын жағдайға жеткізуге қол ұшын созамыз.