Көл түбінен күдікті іздеу кімге керек?

Бұрынғы вице-министрлер Ғ.Сәдібеков пен Б.Жақсалиевке қатысты Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан соттың бұлыңғыр әрі күмәнді тұстары өте көп. Жоғары лауазымды шенеуніктер мен олардың адвокаттары тағылған айыптармен неге үзілді-кесілді келіспей отыр? Ел басшысының резиденциясы орналасқан Қарасу көліне қатысты дау биліктегілердің есеп айырысуы ма? Бұл сауалдардың жауабын табу үшін алдымен шырғалаңы көп оқиғаға зер салып көрейік.
Даудың басы...
Тергеу орындары Энергетика министрлігінің бұрынғы вице-министрлері Бақытжан Жақсалиев пен Ғани Сәдібековті «Шортанды-Бурабай курортты аймағында орналасқан Қарасу көлін лай мен батпақтан тазарту жұмыстарына бюджеттен бөлінген 7,5 млрд теңгенің бір бөлігін қалталарына басқан» деп айыптауда. Алдымен 2018 жылдың наурызында Ғани Сәдібеков тұтқындалды. Сыбайлас жемқорлықпен күрес органы шенеунікті миллиард теңге жымқырған дейді. 2017 жылы Сәдібековтің қол қоюымен Энергетика министрлігі көлді тазалау жұмыстарын атқарған «Аймақ» ЖШС-не 3,6 млрд теңгені аударады. Тергеу орындары «атқарылған жұмыстың ақшасын заңсыз көбейтіп көрсеткен, нәтижесінде Сәдібеков бөлінген қаржының 1 миллиардын қалтасына басқан» деген айып тақты.
2019 жылдың наурызында дәл осындай айыппен оның әріптесі – Энергетика министрінің тағы бір орынбасары Бақытжан Жақсалиев тұтқындалды. Тергеу деректерінде Жақсалиев көлді тазалау жұмыстарының көлемі 30 есеге көп етіп көрсетілгеніне көз жұмғаны, заңсыз қабылдау актілеріне қол қойғаны, сөйтіп мемлекетке 740 млн теңгеден астам шығын әкелгені туралы айтылады. 2019 жылдың 18 желтоқсанында Нұр-Сұлтан қаласы Байқоңыр ауданының сотында олардың үстінен сот басталды. Бұл іс бойынша вице-министрлерден бөлек, тағы 6 адамның ісі сотта қаралуда. Олардың ішінде көлді тазалау жұмыстарын атқарған мердігер компания «Аймақтың» жетекшісі Дәурен Дуанбек те бар.
Көлдің лайын шайқаған кім?
Қарасу, Шортанды және Бурабай көлдерінің түбін тазарту жобасын әзірлеу жұмыстары 2012 жылы басталған. Қарасуды тазалау 2014 жылы қолға алыныпты. Президенттің тапсырмасымен көлдің микрфлорасын сақтай отырып, оған мейлінше аз экологиялық шығын әкелетін тәсілмен тазарту міндеті жүктеледі. Арнайы сараптаманың мақұлдауымен неміс техникасы әкелініп, онымен Словакиядан келген шетелдіктер жұмыс істей бастайды, ал бас мердігер ретінде қазақстандық компания бекітіледі. Тергеу құжаттарында «2016 жылдың қаңтарында көлден сынама алған словактардың есептері мен көрсетулерін Ғани Сәдібеков қаржы жымқыру үшін әдейі бұрмалаған» делінген.
Ғани Сәдібековтің бұл уақытта Павлодар облысы әкімінің орынбасары болғанына, зертхана жұмыстарының нәтижесіне еш қатысы жоқтығына ешкімнің назарын аудармағаны бізге қызық көрінді. Ол аз десеңіз, Ғани Сәдібеков журналистерге берген сұхбатында үш көлді тазалау жұмыстарына бөлінген қаржының жалпы құны 23 млрд теңгеден асқанын, кейін жұмыс басталғанда, керісінше, жоба құны 700 млн теңгеге азайғанын айтады.
Көлді тазарту жұмыстарын жобалаған, сметалық құжаттарын тексеріп, мақұлдаған, кейін оны қабылдаған құзырлы мекеме өкілдері қылмыстық істе тек куә ретінде қатыстырылуда. Ал айыптау қорытындысына негіз болған құрылыс-экономикалық сараптаманы Молдахметов есімді жеке сарапшы жасаған. Оның қорытындысымен келіспеген қорғаушылар жаңа сараптама тағайындауды талап еткенімен, күні бүгінге дейін ондай сараптама жасалмады. Ал Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларының сот сараптамасы институттары Молдахметовтың қорытындысынан көптеген кемшілік тапқан. Ол аз десеңіз, былтыр басқа бір қылмыстық іске сарапшы ретінде қатысқан Молдахметовтің қорытындысы жарамсыз деп танылып, ол лицензиясынан айырылған көрінеді.
Сәдібеков пен Жақсалиев Қарасу көліне барып, сол жерде тәжірибе жасап, кінәсіздіктерін дәлелдеуге мүмкіндік беруді ұсынғанымен, тергеу тарабы бұған да көнбеді. Нәтижесінде техниканың бәрін Еуропаға алып кетіпті, көлді қазір ешкім тазалап жатқан жоқ.
Қорғаушылардың уәжі
Күдіктілердің адвокаттары мемлекетке ешқандай зиян келмегенін мәлімдеуде. Олардың айтуынша, көлді тазартуға қолданылған неміс технологиясы өте қымбат тұрады. Бюджеттен осыншама ақша бөлінуінің себебі де сол дейді. Айыптау қорытындысы жобаның тым қымбат болғанына күдік келтіруге ғана сүйенетінін айтады. Ғани Сәдібековтің адвокаты Альмира Шайхинаның пікірінше, тергеу орындары ақша көп жұмсалған жердің бәрінде ұрлық жүреді-міс деп пайымдайтын көрінеді.
– Менің қорғауымдағы азамат тағылған айыптарды мойындамайды. Біз мемлекетке бір тиын да залал келмеді деп санаймыз. Көлді тазарту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама арнайы әзірленген жоба аясында жүзеге асырылды. Жобаны мемлекеттік сараптама мақұлдады, оны республикалық бюджет комиссиясы мақұлдады және қолданыстағы заң талаптарына сәйкес қаржыландырылды. Ендеше, бұл жерде қандай заң бұзушылық болды?, – дейді авдокат Шайхина.
Жәбірленуші неге өзгерді?
9 қаңтардағы сотта тағы бір дау шықты. Сот отырысына жәбірленуші ретінде экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі өкілінің келгені сотталушылар мен адвокаттардың наразылығын тудырды. Өйткені бұған дейін тергеу орындары жәбірленуші ретінде Энергетика министрлігін атаған еді.
– Энергетика министрлігі сотқа дейінгі тергеу амалдарында жәбірленуші ұйым ретінде қарастырылып келді. Енді аяқ астынан экология министрлігінің адамдары пайда болды. Олар қылмыстық іс материалдарымен таныспаған, 170 том болған істі зерттеуі үшін уақыт керек. Сот әділ өтуі үшін жәбірленуші тарап ретінде бұрынғы министрлік қалуы тиіс деп санаймыз, – деп мәлімдеді Дәурен Дуанбектің адвокаты Серік Аманғалиев.
Мемлекеттік айыптаушы жәбірленуші тараптың өзгеріп кеткенінен еш заң бұзушылық көрмейді. Оның сөзінше, Энергетика министрлігінің кейбір құзыреті және осы іске қатысты құжаттардың дені жаңадан құрылған Экология, геология және табиғат ресурстары министрлігіне өткен.
Сергелдеңге салған Қарасу көлі кімге тиесілі?
Екі бірдей шенеуніктің басына бәле боп жабысқан Қарасу көлі Қазақстан президентінің резиденциясы жайғасқан аумаққа кіреді. Көлемі екі футбол алаңына тең көлдің жан-жағы биік дуалдармен қоршалған. Шортанды-Бурабай демалыс аймағында шомылуға рұқсат етілген және туристік бағыттар ашылған Бурабай, Шортанды, Үлкен және Кіші Шабақты аталатын төрт көл бар. Қарасу бұл тізімге кірмейді. Айрықша күзетілетін көл аумағына жерден де, әуеден де баратын жол жоқ, тек арнайы рұқсат керек. 2005 жылы Н.Назарбаев ҚХР Мемлекеттік кеңесінің вице-премьері У Иді қабылдаған. 2008 жылы осында президенттің қатысуымен Шортанды-Бурабай демалыс аймағының инфрақұрылымын дамытуға арналған көшпелі кеңес өткен.
Көлді тазарту тапсырылған лауазымды тұлғалар бұл жерде қандай жоғары мәртебелі адамдардың демалатынынан, бұл жердің кімге тиесілі екенінен хабарсыз болды дегенге бала да сенбес.
«Олардың мемлекетке қандай шығын әкелгені еш дәлелденбеді» дейді адвокаттары. Өздері тазалаған көлдің лай суындай бұлыңғыр істің ар жағында әлдекімдердің есеп айырысуға ұмтылысы байқалатындай. Ғани Сәдібековтің адвокаты Альмира Шайхина бұл іс бұрынғы Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың беделін түсіру мақсатында қозғалуы мүмкін екенін де мәлімдеді. Сонда көл түбінен күдікті іздеу кімге керек болды?
«Бұл іс Бозымбаевқа қарсы бағытталған шара болуы да мүмкін. Олай дейтінім, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес органы қылмыстық істі қозғаған кезде Қайрат Қожамжаров басқаратын Бас прокуратура Энергетика министрлігі электр қуатының тарифтерін негізсіз қымбаттатуда деп мәлімдей бастады және оған да бұрынғы Энергетика министрін кінәлады. Яғни тағы бір қылмыстық іс қозғалуы мүмкін еді. Бірақ Бозымбаев тарифтерге қатысты мәселені егжей-тегжейлі түсіндіріп берген соң тынышталды. Әйтпесе, министрдің өзінің үстінен тағы бір негізсіз қылмыстық іс ашар еді. Сол себепті біз істің өзі Бозымбаевты қаралау мақсатында пайда болды дегенді жоққа шығармаймыз», – деді Шайхина.