16 Қазан 17:09
...

Климат өзгерісі қазақ дихандарын қинап отыр

Фото:

16 қазан – Дүниежүзілік нан күні екен. Бұл мереке 2019 жылы Үкіметтің қаулысымен бекітіліпті. «Ас атасы – нанды» ардақтау – қазақ халқының ежелгі салт-дәстүрі. Сонымен қатар, бұл күн – талай еңбек адамы үшін кәсіби де мереке. Иісі бұрқырап, жаңа піскен нан дастарханға қойылғанда, оған қанша адамның маңдай тері төгілгенін көп ескере бермейміз. Бұл күн – астық өсіруші шаруалардың, үн тартушылардың және наубайшылардың төл мейрамы.

Жасыратыны жоқ, еліміз астыққа бай. Әлемде жоғары бағаланатын қатты сұрыпты бидай да бізге өте көп өндіріледі. Әлемдік азық-түлік нарығында ойып тұрып алатын орны бар. Мұның бәрі шаруалардың еңбегінің арқасы.

Десе де, биыл бидай өсіруші дихандар үшін бәрі оңай болды деп айта алмаймыз. Оңтүстік аймақтарды құрғақшылық қысса, солтүстікте қатты жаңбыр жауды. Бұл егіннің жай-күйіне және жиналған дақылдың сапасына әсер етті. Климат өзгерісі қазақ дихандарын қинап отыр.

Дейтұрғанмен, ерен еңбектің арқасында ғана, Қазақстан ішкі нарықты бидаймен толық қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетінде сақтап қалды. Ауыл шаруашылығы министрлігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, республика бойынша астық жинау науқаны аяқталып келеді. 15,6 млн гектар алқап орылған. Бұл пісіп тұрған биылғы астықтың – 90,2%. Дихандар 14,6 млн тонна астық бастырды. Орташа өнімділігі – 9,3 ц/га.

 

Үкімет отандық бидай өсірушілердің еңбегін қорғау мақсатымен өзге елдерден Қазақстан аумағына бидай әкелуге тыйым салған болатын. Бұл шектеуді тағы да 6 ай мерзімге ұзартып отыр. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауа-райының қолайсыздығынан зардап шеккен ауыл шаруашылығы өндірушілеріне қолдау көрсету жөнінде арнайы  тапсырма берген-ді. Соның аясында бидай бағасын реттеуге және шаруаларды айыппұлдардан құтқаратын түрлі жеңілдіктер қарастырылды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі дихандардың еңбегін еш етпеуге ұйғарып жасап отыр. Түйткілдерді бірлесе шешуге уәде берді.

«Биылғы жыл қиын болды. Климат елдің оңтүстігінде де, солтүстігінде де айтарлықтай өзгерді. Мұның бәрі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер арасындағы бәсекелестіктің артуы, сондай-ақ фермерлер қауымдастығының жаңа, резонанстық сұраныстары тұсында болып жатыр. Біз мәселелерді бірлесіп шешу жолдарын іздейміз. Министрлік ұсыныстар үшін ашық», - деді Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров еліміздің салалық қауымдастықтары мен ұйымдарының басшыларымен кездесуі барысында.

Осы саланың дамуына кедергі келтіретін бірқатар мәселе де бар. Агробизнес үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау кезіндегі логистика мәселесі, атап айтқанда, вагондардың жетіспеушілігі, олардың қарапайымдылығы, жөнелту жоспарларының болмауы, экспорттық шектеулер, субсидиялардың жетіспеушілігі, Gosagro жүйесіндегі іркіліс, салық түйткілдері қолбайлау.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров көтерілген барлық мәселелер бойынша шара қабылдайтыны жөнінде сөз берді. Сондай-ақ, ол салалық департаменттерге фермерлердің мәселелер картасын құруды, оларды шешу бойынша нақты мерзімдерді белгілеп, оған жауапты қызметкерлерді бекітуді тапсырды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі, ауыл шаруашылығы бизнесінің өкілдерімен мұндай диалогты ай сайын өткізу жоспарлап отыр. Әрине, жұмыла көтерген жүк жеңіл. Министрлік дихандардың қолын байлап отырған түйткілдерді шешіп берсе, дастарханымыздың мол болары анық. Қазақтың ұны мен бидайына мұқтаж көршілеріміз де тарықпас.

Ғылыми тілмен айтқанда, нан – бұл біздің денемізге қуат беретін көмірсулардың қоймасы. Олар мидың жұмысын ынталандырады. Есте сақтау мен зейінді жақсартады. Кез-келген нанның құрамында аминқышқылдары, дәрумендер, минералдар мен нәрлі заттар бар. Мысалы, қара немесе қара бидай наны В1, В2, Е дәрумендерімен, калиймен, натриймен, фосформен, ниацинмен, фитаминдермен және қалыпты метаболизмге қажетті басқа микроэлементтермен қаныққан. Сонымен қатар, қара бидай нанын тұтыну мырыш, мыс және темірге деген күнделікті қажеттіліктің 30% -на дейін қанағаттандыра алады. Нанның құрамында өсімдік ақуызы да бар.

 

Тегтер: