21 Мамыр 11:56
...

Қызылорда-Қостанай рейсінде жүрегі тоқтаған жолаушы қалай аман қалды?

Фото:

Ұшақта жолаушының жүрегі кенеттен тоқтап қалған. 

Алматы, NEGE. Қызылорда-Қостанай рейсінде жолаушының кенеттен жүрегі тоқтап қалған. Бағына орай бортта дәрігерлер болып, оны аман алып қалды. Бұл жөнінде Stan.kz Қостанай облысының денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап хабарлайды.

Дәрігерлер мен әкімшілік өкілдерінен құралған делегация жергілікті колледжден талантты түлектерді табу үшін Қызылордаға аттанған. Сондай-ақ олар өңірдегі медицинаның деңгейімен де танысқан. Дегенмен, қайтар жолда дәрігерлер өздерінің кәсіби қасиеттерін қолдануға мәжбүр болады.

“Ұшу кезінде жолаушылардың бірі өзін нашар сезініп, кенеттен есін жоғалтты, оның жүрегі тоқтап қалды. Жағдай өте ауыр болды және дереу әрекет етуді талап етті. Барлық дәрігерлер көмекке келіп, бұл қиын жағдайда анестезиолог-реаниматолог Әміржан Бақытжанов өзінің тәжірибесі мен біліктілігімен шешуші рөл атқарды”, – деп атап өтті басқарманың баспасөз қызметі.

Дәрігер есін жоғалтудың себебін тез анықтап, жолаушының жағдайын тұрақтандыру үшін қажетті шараларды жүргізуге кіріседі. 

“Әміржан Серікбайұлының дәрігерлік шеберлігі мен дәрігерлердің үйлесімді іс-әрекеті – күрделі жағдайда сабырлылық танытуының арқасында әйел бірте-бірте есін жиды. Ұшақ жерге қонған соң оны Астанадан жедел жәрдем мамандары қабылдады. Жолаушылар мен экипаж дәрігерлерге және оның әріптестеріне шеберлігі мен жедел әрекеті үшін алғыстарын білдірді”, –делінген ақпаратта.

Тегтер: