15 Қаңтар 07:12
...

Қыжыртпа. Ұлттық кеңесте неге төбелес болмайды?

Фото:

Қайдан шықса, одан шықсын, Арман Шораев айтып-айтып тастады. Айтқанда да оңдырған жоқ: депутаттарды «бір отар қойға» теңеді. Дегенмен біреу айтты екен деп халық қалаулыларының бәрін қойдың санатына қоса салудан аулақпыз. Бірақ Арман Шораев неге бұлай деді? Міне, Nege.kz осы төңіректен ой тарқатып көргенді жөн деп тапты.

«Мал өсірсең, қой өсір...»

Алдымен жұптұяқты жануар туралы бірер сөз. Қой жарықтық – қуысмүйізділер тұқымдасына жатады. Алайда мүйізі қуыс болғанмен, іші майлы. Әрі тез көбейеді. Қоңды болса, тоқтылар «жасына жетпей-ақ» қашып кетеді. «Қолаңсалы қошқарға тоқты күйлейді» деген сөз содан қалса керек. 

Баяғы бір замандарда бабаларымыз байлықты қойдың санымен өлшеген. Одақтың тұсында еліміз Кеңес әскерін қойдың етімен асырады. Қысқасы, қой – қазақтың дәулеті. Шопан ата түлігінің өзіне тән «мінезі» де бар. Қазақ айтады: «Қой үріккен жағына беттемейді», «Қойға екі құлағынан басқаның бәрі жау». Рас. Еті дәмді болғанмен, аздап «тормоздау» мал, негізі. Серке бастап жүрмесе, ұйлығып өріске де шықпайды. Осыдан кейін болса керек, қазекеңнің «Қойға қоңырау жараспас» дей салғаны.

«Қойшы көп болса...»

«Қазақстан барысының» авторы Арман Шораев не дейді, сонымен? Бүй дейді:

«Парламентте отырған депутаттарымыз бір отар қой сияқты.Үн жоқ, түн жоқ деген сияқты. Егер билік рұқсат берсе, біреуді сынайды. Ал былай отыра береді. Олар халықтың қалаулылары ғой. Халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізуі керек қой. Бір-бірімен айқайласып, төбелесіп деген сияқты...».

Негізі, ой дұрыс. Қазақстанда шындыққа жету үшін міндетті түрде батырып-батырып айту керек. Ал батырып айтқан жерде не болады? Не болушы еді, дау-дамай, ұрыс-керіс болады. Өзіңіз білесіз, оның арты – төбелес. Шораев айтпақшы, депутаттар ел қамын жеп, халықтың мұң-мұқтажын көтерем десе, мәселе толып жатыр. Сол үшін қызылкеңірдек болып ұрысса да, қызылшеке болып төбелессе де, жарасар еді. Жоқ, өйтпейді. Өйтпейтін себебі, барлығы – бір үйдің балаларындай тату. Не «иә», не «жоқ» деген нүктені жапатармағай басып отырады. Өзге түгілі, бір-біріне де қарсы келмейді. Билік рұқсат бермесе, ешкімді сынамайды. Былайша айтқанда, «серке бастамаса, өріске шықпайды». Демек Арман Шораев депутаттарды қойға теңегенде, осыны ескерген шығар деп ойлаймыз.

Бірақ «отар» дегені не?  «Отар» деген нені білдіреді? Біз мұны былай топшыладық: Қой көктемде төлдейді. Сөйтіп, күзде бір отар қойдан шағын-шағын екі отар қой бөлініп шығады. Оның бірі – ісек қой, екіншісі – тұсақ қой... өзіңіз білесіз, біздің парламент те қос палаталы емес пе еді?!

Демек Арман айтқан сөздің астары – ап-айқын. Бір әттеген-айы, Арекең бір дүниені ұмытыпты. Өзі айтады, «Президент ауысқанмен, негізгі билік Елбасында қалып қойды» дейді. Солайы солай енді. Ендеше, ақыры қоймен салыстыру жасаған соң, «Қойшы көп болса, қой арам өледі» дей салуы керек еді де.

«Отардың» саны үшеу ме?

Қасым-Жомарт Тоқаев келе сала, «билік пен қоғам диалогын» дамыту мақсатында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрды. Сенім дегеннің не екенін ұмыта бастаған халық «сенім» деген сөзге кәдімгідей селтиіп қараған. Сол кеңестің құрылғанына да біршама уақыт өтті. Құрамы да осал емес. Ел білетін Ораз Жандосов, Айдос Сарым, Расул Жұмалы, Жәнібек Қожық, Сейдахмет Құттықадам, Арман Шораев  т.б. кісілер – осы кеңеске мүше. Мәжілісмендер Дәния Еспаева мен Жамбыл Ахметбеков те осы топтың жуан ортасында жүр.

Басқасын қайдам, Жамбыл Ахметбековті білесіз, президенттік сайлауға бір емес, екі рет түскен бұл кісі – каратэ шебері. Енді қараңызшы, Арман Шораев парламенттен іздеп жүрген төбелес осы Ұлттық кеңесте неге болмайды, мысалы? Мәселен Арекең ұлттық маңызы жоғары бір мәселе көтеріп, кеңесті екіге жарды дейік. Жәкең өзіне қарсы келгеннің екі-үшеуін қақ маңдайдан теуіп, шалқасынан түсірсе, болды ғой – қызылшеке төбелес деген сол емес пе?!

Әлде төбелес шығаруға татитын мәселе жоқ па? Біздіңше, бар. Бір ғана мысал айтайық, жансауғалап Қытайдан қашып келген Қастер мен Мұрагердің дауы – нағыз Ұлттық кеңес араласуы тиіс шаруа еді. Себебі осы даудың ар жағында Қытайдағы қалың қазақтың тағдыры тұр. Ал «отарға» бәрібір, олар бірауыздан «Қытайға беру керек» деді. Қоғам белсендісі, белгілі журналист Рысбек Сәрсенбай шыр-пыр болып, екі жігітті босатып алу үшін кепілге үйін қойды. Міне, осы тұста ұлттық кеңесте бір төбелес болуы тиіс еді ғой. Ұлттың мүддесі, халықтың тағдыры үшін болмаған төбелесте не қадір-қасиет бар? Төбелесе білмейтін адамның Ұлттық кеңесте жүруінің өзі дұрыс па?

Осыдан кейін де шығар, қазір ел арасында «Қазақстанда «үшінші отар» пайда болды» деген әңгіме шыға бастады. Бірақ бұл пікір әлі жалпыхалықтық сипат алып үлгерген жоқ. Сондықтан биыл сенім кеңесінде әдемі бір төбелес боп қалатын шығар деп үміттенеміз. Өйтпеген жағдайда, «үшінші отар» туралы әңгіме жұрт санасына нық бекитін болады.

Сансызбай Нұрбаба   

Тегтер: