2 Шілде 17:46
...

Қыжыртпа. Ода жырлар өлді ме?

Фото:

Біле білгенге, он екі айдың сұлтаны – шілде-тұғын. Шілде туғанда, шабыты қозбайтын ақын аз еді. Қазақтың маңдайына біткен марқасқа ақындар  маусымның соңын ала маужыраған әлемді отты жырларымен оятып жіберетін. Дүниені дүрмекке бөлейтін. Ал шілде – шабыттың қайнайтын, бұлбұлдың сайрайтын кезеңі. Былайша айтқанда, ақындар ауыздығын қарша-қарш шайнаған тұлпарлар құсап, Арқаны бетке алған күйі құйындатып бара жатушы еді.

Биыл осы бір әдемі дәстүр үзіліп қалғандай. Жыл сайын тәтті жырмен сусындап үйренген көпшілік қазір қаталап отыр. Демек Алаштың жыр сүлейлері жұртты әбден дәндетіп тастаған. Бірақ оны түсініп жатқан кім бар? «Осы уақытта баспасөзде өлең жариялайтын әдетім еді, биыл да бір әу деп қояйыншы» дейтін ақынды емге таппайсыз. Сондықтан біз шөліркеген көптің көмейіне бұрынғы көлдей-көлдей өлеңдер мен жан тебірентер дастандардан үзіп-жұлып, нәр тамызғанды жөн санадық.

Күн шықты арай шашып аспаныма,
Дүния кілт айналды басқа ағымға.
Ол Ана ұл тумапты, нұр туыпты
Бүгінгі өзек болар дастаныма.

Бұл негізі мықты өлең! Авторы өлеңінен де мықты! Өйткені ол шалқар шабытымен қазаққа күш бере отырып, алашқа көз алартқандарға сес көрсеткен. Өмірде жағасынан алмаса да, өнерде өлеңімен мұқатқан. Дәлірек айтқанда, «іштерің күйсе, түз жалаңдар» дегенді ашық меңзеген.

Ел үшін Жерді шарлап ұшқан ұлым,
Ұлт үшін аямаған күш-дарынын.
Қазақта Ер тумайды енді Сіздей,
Жарылып кетсе де өті дұшпанымның.

Міне, сөз! Сұмдық өлең! Бірақ аңдап қарасаңыз, тәтті сөздің тәлтіректеп, негізгі айтпақ ойына қайшы келіп жатқанын аңғарасыз. «Қазақта Ер тумайды енді Сіздей, Жарылып кетсе де өті дұшпанымның» дегені – не сөз? Қазаққа біткен жалғыз ердің артынан ешкім ілеспесе, оған дұшпаныңның неге өті жарылуы керек? Қайта, «Еее қазақтар, шалқып-шығандап кетіп едіңдер, сауап болды, осымен сендер де біттіңдер» деп қуанатын шығар...

Карикатура. Ғ.Смағұлұлы

Шілдеде шабыты қозып, қолды-аяққа тұрмай кететін шайырлардың көп болғанының бір жақсы жері – бірінің кемшілігін бірі түзеткендей әсер қалдырады. Мәселен мынау Қытай асып келген ақынның сөзі:

Уа, Нұр ағам, Нұр ағам,
Жаны бар жайсаң – жыр алаң.
Елінің мәңгі бақытын,
Алладан күнде сұраған.

Алдыңғы шумаққа қарағанда, тәп-тәуір дүние. «Алладан кімнің не сұрайтынын сен қайдан білдің?!» деп сауал қоюдың да реті жоқ. Ақын болған соң, айтады. Қиялмен қиырды шолады. Тырнағына ілінгенін алады. Ақын дегеніңіз, сол енді, ұшпай тұрып, ілуді мақсат тұтады.

Дананың жүзеге асып ойлағаны,
Дәуірдің қайнап жатыр тайқазаны.
Елбасы, Астананың туған күні,
Әр қазақ жүрегінде тойланады.

Бұл өлеңнің авторы – дүлей шайыр. Борандатып-бұрқасындатып ұрып отырады. Және нені жырлау керек екенін жақсы біледі. Ілгеріде «негізгі тақырыпты» меншіктеп алған бір абыз кісі осы ақынның аяқалысынан қаймығып, қызғаныш білдіріпті деп сөз тараған. Бірақ оған бола, ақыныңыз айылын жиған жоқ. Төтесінен салды. Дауылдатып жүріп, мемлекеттік сыйлыққа да ие болды. Қысқасы, шекараны бұзып өтіп, «жер қорығыш» абыздың аузын айға қаратып кетті.

Алып та туар анадан, тәмсілді осы ойға алдым.
Елбасын туған дара адам, анадан Сіздің айналдым.
Отанды ұлы байтағым, Көркейткен Сізге арысым.
Иіліп рахмет айтамын, ұрпағым үшін, бәрі үшін.

Бұл – бір ақын қыздың жүрегін жарып шыққан әдемі тіркестер. Ақындар алдыңғыны болжайды десек, ару қыздың Елбасына келешек ұрпақ үшін алғыс білдіріп жатқаны жарасымды көрінеді. Алайда «бәрі үшін» дегені сәл артықтау ма, қалай?! Себебі «бәрінің» ішіне шілдеде шабыт қысатын шайырлар да кіріп кетпей ме?! Ал олар өліп кетсе, көңіліндегі мадақ сөзді өзгеге қиюшы ма еді?!

Осы тұста сұрақ туады? Осындай әдемі өлеңдер, татымды тіркестер биыл неге сап тыйылды? Біреулер мұның сырын елді әбігерге салған пандемиядан іздегісі келеді. Біздіңше, мәселе онда емес. Өйткені кеудені тепкілеп, көңілді қияға шығаратын шабыт деген дүние сенің анау-мынау тұмау-сұмауыңа қарамаса керек-ті. Енді не? Бір кісілер мұның себебін есімі орманшының сайманына ұқсас жас ақынмен байланыстырып жүр. Рас, бұл ақын нағыздың өзі екен. Елбасына ода арнап, «Сізден басқа жоқ құдай» деді.

Құдайым деп құптағам,
Бар әмірің – бақ-үлес.
Жұмақ-Есті ұқпаған
жанның бәрі – Жарым-Ес.

Шыны керек, ода жырдың оғланына айналғандар осы тұста маңдайын тасқа соққан шортандай мәңгіріп қалды. Неге десеңіз, жас пері «бас тақырып» кейіпкерін көтере-көтере, шыңға апарып бір-ақ шаптаған болатын. Одан жоғары түк жоқ. Жоғалған KazSat құсатып, бос кеңістікке қоя бере салмасаңыз, табанын нықтайтын тұтамдай жер тауып беру қиын.

Бірақ бұл бір қарағанда ғана осылай көрінеді. Әйтпесе, қазекең айтпақшы, «тілде сүйек жоқ». Сұрапыл ақындар шынымен шабытына мінсе, Алла мен адам арасындағы нәзік пернелерді дөп баса отырып, періште кейіпті керемет кейіпкер тудырар еді. Немесе нағыз Жаратқанның кім екені туралы жан тебірентер дастан жазып, көптің алдында талтая оқып тұрар еді. Оған қабілет-қарымы да, ниет-пейілі де еркін жететін ақындар бізде жетіп-артылады.

Ендеше өлең неге тыйылды? Шабыт неден сұйылды? Ойымызға ақиық Мұқағалидың ақ бұлақтарға қатысты «Алматыға жеткенде аң-таң болып, Атылады аспанға фонтан болып» дейтін тіркесі оралып отыр. Ода айтқыш ақындардың қазіргі жай-күйі тура осындай. Олар аң-таң, бірақ фонтан болып атыла салайын десе, қай жаққа атылу керек екенін білмейді. Бұрынғы бағыт, яғни, тақырып ескірген.

Қазіргі «құбылаға» бет түзейін десе, жаңа президенттің жағымпаздықты жек көретінін айтып, «тәйт» деп тастағаны тағы бар. Сондықтан бәрі тып-тыныш. Жуық арада олардың мәу дей қоюы да неғайбыл. Демек биылғы ми қайнатар шілденің ыстығына бұрынғы жазылған одалардан ғана сая табуға тура келеді.

Тегтер: