Қытайлық «шпион кептерлердің» сыры ашылды
Facebook-тегі парақшасында жазды.
«Өткен жылдың қазан-қараша айларында Катонқарай ауданында құйрығы мен қанатында иероглиф жазуы бар көгершіндер кездескен. Оны көрген жергілікті халықтың мазасы қашқан еді. Ақсудан Өрелге дейін жиі ұшырасатын осындай құстардың сырын білу үшін кейбір адамдар Қотанқарағай Ұлттық паркінің мамандарына жүгінді. Ғылыми қызметкерлер көпшілікті тыныштандырып, жағдайды түсіндіруге тырысты. Себебі, біз үшін бұл анау айтқандай жаңалық емес», – еді дейді Сәкен Ділдахмет.
Ал, неге жаңалық емес? Өйткені осыдан 4 жыл бұрын дәл осындай көгершіннің бірі Бекалка ауылының маңында өлі күйінде табылған көрінеді. Оның да тірсегінен пластик сақина мен алты таңбалы нөмір байқалған. Сондай-ақ, смартфон арқылы ғана аңғаруға болатын голограмманың бар екені анықталыпты. Мұндай «біртүрлі құстарды» жергілікті халық Аққайнар, Жазабы ауылынан да ұшыратса керек.
Жергілікті жұрттың назарына іліккен басты дүниенің бірі мынау: мұндай көгершіндер адамнан үрікпейді. Керісінше, үй құстарының ұясына жиі келеді. Қолдан жем жеуге бейім.
Сонымен бұл көгершіндер – не көгершін? Ұлттық парк мамандары зерттей бастағанда, бұл құстардың шынымен де, ақпарат тасымалдаушы қызметін атқаратынын байқаған. Бірақ олар ел-жұрт ойлағандай, құпия ақпарат емес, спорттық сипаттағы ақпарат үшін қажет болған көрінеді. Ғалымдардың түсіндіруінше, 90-жылдары әлемде көгершін спорты мен көгершін бизнес индустриясы пайда болса керек. Бұл Қытайдың экономикалық өрлеуімен тұспа-тұс келеді. Экономиканың қатысы қаншалықты екенін кім білген, бірақ Қытайда көгершін өсіріп, жарысқа салатын кептерқұмарлар саны еселеп өскен. Осылайша, 1984 жылы Қытайда көгершіндер жарысы қауымдастығы құрылыпты. Ал 2000 жылдан бастап Бейжіңде және басқа да ірі қалаларда жүлде қоры жоғары «Жарыс көгершіндері клубы» жұмысын бастайды. Қазір Қытайда ондаған мың көгершін өсіретін орталықтар жұмыс істеп тұр.
Бір қызығы, мұндай жарыстар – көгершіндерді өсіруге және жарыс өткізуге арналған арнайы құрал-жабдықтар өндірісінің дамуына әсер еткен. Осылайша көгершіндерді таңбалауға арналған сақиналар, микрочиптер, сканерлер пайда болған. Оны айтасыз, электронды сканерленген сағаттар, құстардың қайда жүргенін спутник арқылы анықтайтын және интернет арқылы тікелей тарататын миниатюралық навигаторлар (GPS) шығарыла бастаған.
Көгершіннің спорттық тұқымдарын өсіретін арнайы тәлімбақ - Үрімжі қаласында да бар екен. Жалпы, жарыс кезінде көгершін иелері мамандандырылған компаниялар ұйымдастырған лотереяларға қатысады. Көгершіні ұзақ ұшқандардың жүлдеден дәмесі бар. Осындай байқаулардың бірі – «Миллионға ұш» деп аталады. Ал қанатындағы жазулар көгершіннің алған жүлдесі мен «лақап атынан» мәлімет береді.
Қыран баптап, қасқыр алдыратын қазақ үшін бұл енді «баланың ойыны» секілді көрінетіні рас. Бірақ бұған не деуге болады, «Әр елдің салты басқа...» деген осы да.