«Кибер алаяқтар әрдайым бір қадам алда жүреді»
Интернет-алаяқтық Қазақстанды ғана емес әлемді алаңдатып отырған мәселе. Шетелдік тәжірибені бақылау барысында, әрбір елдің осы мәселемен бетпе-бет келіп отырғанын аңғарамыз. Интернет алаяқтыққа тосқауыл бар ма? Ол қашан тоқтайды?
Әрбір азамат өзінің қаржылық сауаты мен құқықтық сауатын белгілі бір дәрежеде арттырған кезде алаяқтардың құрығына түспейді, дейді мамандар. Сауатыңыз артқан сайын сізге қандай жолмен болсын байланысқа шыққан алаяқты бірден ажырата аласыз.
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің полиция департаменттерінде «Киберпол» мамандандырылған топтар құрылды. Ол жердегі мамандар азаматтардың арыз-шағымдарын қабылдайды және жасалған қылмысты ашады.
Өткен жылы Қазақстанда үш мыңнан жоғары қылмыс жасалса, биылғы жылы 3645 қылмыс жасалды. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда статистика 8 пайызға артты. Одан келген шығын да аз емес. Әккі алаяқтардың құрбанына айналған адамдар 4 млрд теңгесінен қағылған.
Қылмысты ашу дерегі былтырмен салыстырғанда 17 пайызға төмендеді. Былтыр интернет алаяқтық бойынша 500 қылмыс ашылса, биыл 400-ден аса қылмыс ашылды.
«Қазақстанда Мәдениет және ақпарат министрлігінің иелігінде «Кибернадзор» ақпарттық жүйесі 2019 жылдан бастап жұмыс істейді. Ол жерде тиісті мемлекеттік органдарға қолжетімділік берілген. Әрбір құзырлы орган тексеру барысында заңға қайшы материалдарды анықтаған жағдайда «Кибернадзор» ақпараттық жүйесіне енгізеді. Енгізілген материалдарды министрліктің қызметкерлері өңдеп, қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қолданады», - деді ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің басқарма бастығы Мейірбек Төлеміс.
Кибер алаяқтардың әрдайым бір қадам алда жүретінін тәжірибе көрсетті. Адамдарды алдау үшін құрылған бүгінгі схема ертең өзгеруі мүмкін. Оған халықтың алаяқтық туралы алдын ала ақпараттанып алуы себеп.
Мысалы, «абоненттік нөмірлерді қайта тіркеу» деген алаяқтықтың тағы бір жаңа түрі пайда болды. Алаяқтықтың бұл түрі туралы нені білу керек және қарапайым адам өзін одан қалай қорғай алады? Схемалар бұрыннан белгілі болғанына қарамастан, киберқылмыскерлердің құрығына түсу неге оңай?
Интернет алаяқтыққа қатысты NEGE-нің тілшісі жолдаған сауалдарға Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы Жандос Сүйінбай жауап берді.
«Қазіргі уақытта интернет алаяқтықтың жаңа түрлері шығып жатыр. Оны өздеріңіз де айтып отырсыздар. Алаяқтар ұялы байланыс операторларының атын жамылып, «сіздің сим-картаңыздың мерзімі өтіп кетті, сондықтан сізге жіберілген смс-кодты айтып жіберіңіз», деп қолқалайды. Алаяқтар күннен-күнге өздерінің жымысқы әрекеттерін өзгертіп жатыр. Оған себеп, азаматтар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы айтылып жатқан ақпараттарымызды алдын ала біліп, алаяқтардың әркеттеріне дер кезінде тосқауыл қойып жатыр. Әрекеттерін өткізе алмағаннан кейін, әрине, жаңа схема құра бастайды. Ұялы байланыс операторлары арқылы: «Сим-карталарды өзгерту керек немесе WhatsApp месенджерінің мерзімі өтіп кетті, тез арада смс-кодты айтпасаңыз тоқтап қалады», деген алдауларға сенбеңіз. Азаматтарға ескертуім, қандай да бір адам хабарласып, код айтуын сұраса, ол өтінішін орындамау керек. Ешқандай қызметкер, ешқандай маман сізден код сұрамайды. Ол кодты тек сіз ғана білуіңіз керек», - деді Киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы Жандос Сүйінбай.
Киберполицияға интернет-алаяқтықтың қай түрі бойынша көп арыз-шағым түседі?
Киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығының айтуынша, банк қызметкерлерінің және полиция қызметкерлерінің атын жамылып қарапайым азаматтарды алдау тәсілі алдыңғы орында тұр.
«Көп тіркелген тәсіл – банк қызметкерлері мен полиция қызметкерлерінің атын жамылып хабарласып, азаматтарды алдауы болып тұр. Олар сенімді болу үшін бейнехабарлама арқылы хабарласып, өзінің формамен отырғанын, қолындағы жалған куәлігін көрсетеді. Алаяқтықтың осы тәсілі өте көп тарап жатыр.
Екінші тәсілі – жалған инвестиция тарту, жалған брокерлер. Осындай ақша салымдарына біздің азаматтарымыз әлеуметтік желідегі жарнама арқылы ілігіп, тез арада ақша табамын деп алаяқтарға ұрынып жатады. Бұл жерде алаяқтар арнайы брокерлік жеке аккаунттар, жалған криптобиржаларды ашып, азаматтарымызды алдайды. Бірінші ретте ақшаларын салып, қайтарып алып жатады. Кейіннен алданады», - дейді Жандос Сүйінбай.
Кез келген алаяқ бір ғана мақсатты, яғни қандай жолмен болсын сіздің соңғы тиыныңызды сыпырып алуды көздейді. Олар адаммен қалай сөйлесуді, эмоциямен және сезіммен қалай ойнауды, сенімге қалай кіруді, өзіне баурап алуды, қажет десеңіз қорқытудың тәсілдерін жақсы біледі. Оларды өте мықты психолог деуге де болады.
Қай дәуірде болмасын алаяқтар өмір сүрген. Бүгінгідей техниканың, ғаламтордық дамуымен – кибералаяқтар пайда болды. Прогресс бір орында тұрмайды. Мысалы, жасанды интеллекттің кең қолданысқа ие болуының өзі алаяқтардың жаңа тәсілдерді ойлап табуына жол ашып отыр. Осыдан 10 жыл бұрын нейрондық желілер туралы ешкім де білмейтін. Бірақ қазір олардың көмегімен алаяқтар кез келген адамның даусын келтіріп, түр-сипатын жасауды үйренді. Мұндай жағдайда адамның алаяқтың құрығына түсуі тез болады. Тіпті, кибералаяқтар осы жолмен адамдарды бопсалауға көшкен. Интернеттің дамуымен интернет алаяқтар да көбейіп кеткен.