11 Ақпан 19:49
...

ҚазҰУ-дан шығарылған 10 студентке қатысты факультет деканы түсініктеме берді

Фото:

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де 10 баланың оқудан шығарылғаны, олар ата-аналарымен бірге оқу орны ғимаратының алдында наразылық білдіргенін кеше жазғанбыз. Бүгін Nege.kz тілшісіне осы мәселеге байланысты филология және әлем тілдері факультетінің деканы Өмірхан Әбдиманұлы түсініктеме берді. 

«1-2 курстардардың жағдайына келетін болсақ, 1 ақпан түнгі сағат 1:00-де араларында төбелес болған. Төбелес болғанда жай емес, ұйымдастырылған төбелес. Онда 2-курстың балалары 304-бөлмеде жиналып, 1-курстың балаларын шақырып, сабаған. Жатақханада жатқан балаларды күнде кешке қарай ұстаздары кезекшілікпен барып, бақылайды. Кезекшілік кешкі 10-ға дейін. Ары қарай біз оларды бақылай алмаймыз. Есесіне, барлық жерге камера қойылған. Балалардың кешке ары-бері жүргені, іс-әрекеттері сол жерден көрініп тұрады. Күзетте тұрған қызметкер әрбір екі сағат сайын тексеріп отырады. Қалашықтың ішінде камералардың барлығын қарайтын жеке дирекция бар. Сол кезде бақылаушы адам байқаған. Балалар арасында түнгі 1-лер шамасында сондай жағдай болған. Бір бөлменің алдында студенттердің ары-бері кіріп-шығып жүргенін көрген. Видеоны жай режимге қойып қарағанда, осы мәселені анықтаған. Сосын маған және орынбасарыма хабарласты. Бұл сенбі күні таңертең болатын. Барлығымыз бардық. Балалардың бәрін шақырдық. Бейнебақылаудан көргеніміз бойынша, 1-курстың балалары кірген кезде жап-жақсы кірген, шыққанда ақсаңдап қайтқан. Содан ары қарай тексеріс басталды. Дәрігерлер де келді. Олар барлығын тексеріп шыққанда, балалардың үстінен ештеңе таппады. Бірақ тергеу жұмыстары ары қарай жүргізіле берді. Арасында бәрібір біреуі ашылады ғой, солай мәселенің ақ-қарасы анықталды. Тексерген кезде "аяқтарын қараңыздар" деп айтқандар болды. Содан аяқтарын қараса, сандарынан төмен қарай, көкпеңбек болып кеткен. Не болды десек, "кеше біреумен күресіп едім, жығылып қалдым, бүйтіп қалдым, ана жерге барып едім сүрініп қалдым" деген сияқты сылтаулар айта бастады. Дәрігерлер барлығын тексеріп, сараптама жасады. Бәрі дәлелденіп отыр. Сол сараптаманың барлығы дәрігерлердің қолында, бізге де берді. Содан кейін біз шешім шығарып отырмыз», - дейді факультет деканы.

Өмірхан Әбдиманұлы

2-курстың балаларының ішінен біреуі барлығын өз мойнына алған. Ал декан "ешкімді күштеп мойындатпағанын" айтады.

«Тек 10 баланың ішінде шын кінәлі болса, мойнына алсын, басқа балалардың обалына қалмаңдар дедік. Мұндай жағдай барлық жерде болып жатады. Балалардың барлығы бірдей кетпесін, мүмкін ішінде төбелеске қатыспағандары бар шығар. Ал ұрғандары болса мойындасын. Мойындаса, соларды оқудан шығарып, қалғанына тиісті жазасын береміз дедік. Солардың ішінде бір бала шығып «мен бәрін ұрдым» дейді. Қалғандары біз ажыраттық, қолымыз тиіп кетті деп ақталды».

Деканның айтуынша, ата-аналарға жағдайды түсіндірген. Істеген істері тек жатақханадан шығарылатын жағдай емес екенін де айтқан.

«Жатақханадан қай кезде шығарамыз? Егер тазалықты сақтамаса, өзіне берілген жерге жатпаса немесе бөлмеде ішімдік ішсе, ақшасын төлей алмай жатқан жағдайлар болса, онда біз шығарамыз. Яғни жатақхананың ішкі тәртібі бұзылса ғана. Ал бұл жерде жатақхананың ішкі тәртібі бұзылып отырған жоқ. Бұл жерде жалпы университетке тән ар-намыс кодексін бұзып, адам сабап отыр» - дейді.

«Ата-аналардың "Ешкімнің қол-аяғы сынған жоқ, неге қатаң жаза қолданасыздар?" деген сұрағына: «Сонда сіздердің балаларыңыз олардың қол-аяғын сындырса, басын жарса, бауырын езіп жіберсе, болмаса бір бала өліп қалса ғана оқудан шығаруымыз керек пе? Сіздер де ата-анасыздар, неге сол балалардың ата-аналарын ойламайсыздар? Жап-жас бала оқимын деп келіп, таяқ жеп жатса кімге жақсы?!».

«Ата-аналардың айтатындары, жатақханадан шығарыңдар, стипендияларынан айырыңыздар, тек оқуда қалсын дейді. Гранттың орны біреуге керек болғандықтан шығарылып жатыр деген фактіні қазір барып тексеруге болады. Грантты біреуге беру деген жай сөз. Кеткен 10 бала әртүрлі мамандықта оқиды. Біз ол гранттарды сессиялардың барлығы тапсырылып, келесі оқу жылы басталғанда, солардың ішінде өз қаржысына оқып жүрген, GPA (оқу үлгерімі) жоғары, тәртібі жақсы балаларға береміз. Бірақ естеріңізде болсын, қазақ тілі, қазақ филологиясы мамандықтарында өз қаржысына оқитын балалар өте аз. Тіптен жоқ деуге болады. Мүмкін 10 баланың гранты ешкімге берілмеуі де мүмкін. Себебі, адам жоқ. Бұл мамандықтарға мемлекеттік грант көп бөлінді. Ал енді екі шет тіліне байланысты айтатын болсақ, бұл жерде өз ақшасына оқитын балалар көп. Аударма ісі де солай. Грантқа ауыстыру кезеңі тамыздың еншісінде. Оған дейін біз ештеңе істей алмаймыз» - дейді Өмірхан Әбдиманұлы.

Ал студенттерді жатақханадан шығарған бойда орындарына адам алды деген сауалға байланысты декан былай деп жауап берді:

«Сол 10 баланың ішінде 8-і жатақханада тұрады. Біз олардың орнына ешкімді орналастырған жоқпыз. Алдымен балалар шығады, сосын реттейміз. Бізде өтініш жазған, тізімде тұрған балалар бар, соларды тексергеннен кейін ғана орналастырамыз».

Оқудан шығарылған балалардың белсенді екенін, өнерден тыс емес екенін де атап өтті.

«Бұл балалардың барлығы жаман балалар деп айта алмаймын. Деканат, кафедралар балалармен жақсы жұмыс істейді. Көп жерде көрініп жүрген, белсенді балалар. Түрлі ұйымдардың қатарында. Жап-жақсы жұмыс істеп жүрген балалар. Біреуі - ақын. Біз оларға сендік. Олар біздің сенімімізді ақтамады».

Факультет деканының айтуынша, бұл іспен екі күннен бері құқық қорғау органдары айналысып жатыр. Ата-аналардың сөзінен кейін, іс заң орындарына берілген. "Әрі қарай олар толық тексереді. Қандай шешім шығаратынын біз білмейміз" деді Ө.Әбдиманұлы.

Маржан Сәбет

Тегтер: