14 Сәуір 17:01

«ҚазТрансГаз Аймақ» НЕГЕ халықтың есебінен қазы-қарта жегісі келеді?

Фото:

Елордаға газ тартатындар айына 750 мың теңге жалақы алып, жайлы кеңсеге жайғасқысы келеді. Мұндай «патша өмір» үшін жұмсалатын шығындарды тұтынушылардың мойнына артып қоймақ.

Ақпанда елорданың соты «газовиктердің» ертегідей өміріне қызықты ма, әйтеуір Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетін (ТМРК) монополист «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ға (ҚТГА) жығып беріпті.

Сот ісі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің «ҚазТрансГаз Аймақ» дайындаған көк отынды тұтыну туралы тарифті бекітпегеннен басталған. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ «менікі дұрыс» деп, мемлекеттік органды сотқа берген. Ал сот болса қарапайым халықтың емес, монополистің күйін күйттеп кеткен сыңайлы.

Естеріңізде болса, өткен жылдың қыркүйек айында Нұр-Сұлтан қаласында газ тарифінің бекітілгенін қала әкімдігінің ресми сайты мәлімдеген болатын. Ведомстваның мәліметінше, бұрын газдың текше метрі 60 теңге болса, енді газдың текше метрінің бағасы 45 теңгеге дейін төмендетілген.

Бізде газ тарифтерін мемлекет реттейді. Оған Экономика министрлігі мен Энергетика министрлігі (көтерме бағалардың шекті деңгейімен келіседі) жауапты. 

Іс-шара былай жүргізіледі: табиғи монополиялар субъектісі өзінің тариф жоспарын дайындап, оның негізділігін дәлелдеуге тырысады. Өткен жылы дәл осылай болған. Бірақ «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясы ұсынған қымбат баға монополияны реттеу комитетінің көңіоінен шықпаған. ТМРК мамандары тарифтің шығын бөлігін 245 пайызға төмендетуді дұрыс деп тапқан. Яғни астаналықтар газдың әр текше метріне 34,6 теңге төлеуі тиіс еді. Бірақ...

Егер баға осы күйінде қалса, «ҚазТрансГаз Аймақ» қызметкерлері айына 757 055 теңгенің орташа жалақы ала алмайды, хан шатырындай кеңседе отыра алмайды. Көрдіңіз бе, мәселе қайда жатыр?! Олар тарифке астанадағы және Ақмола облысындағы екі кеңсені қосыпты. Комитет барлық ақпаратты статистикалық мәліметтерге сәйкес келтірген. Мысалы, газ саласындағы ресми орташа жалақы 757 055 теңге емес, әлдеқайда төмен – 226 552 теңге екен. Ал кеңсенің құны текше метріне 6250 теңге болуы шарт емес. Коммерциялық жылжымайтын мүлік нарығында, ресми статистикаға сәйкес, кеңсе бөлмелерінің орташа құны текше метріне – 2537 теңге.

 

Целиноград және Аршалы газ нысандары үшін кеңселерді жалға беруге келетін болсақ, олар шығындарға енбеген. Сонымен қатар, салыққа байланысты сәйкессіздіктер бар. Монополистер оны да өз шығындарына қосып қойған. Бірақ,ТМРК бұл шығындарды толығымен алып тастапты. Өйткені «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Нұр-Сұлтан әкімдігімен жасаған келісімі бойынша салықтан толық босатылған. 

Әрине, комитеттің мұндай «батырлығы» монополистке ұнамаған. Ұнамағаны сол, бірден сотқа жүгінеді. Ал соттың кімді жақтағанын жоғарыда айттық. Соттың пайымынша,  Табиғи монополияларды реттеу комитетінің қойған бағасы негізсіз және комитет ақпаратты бөгде тұлғалардан емес, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-дан ғана сұратуға құқығы бар.

Осылайша, монополияға қарсы орган монополистен сотта ұытылып қалды. Бірақ бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жою туралы апелляциялық шағым түсірді. Егер сот шешімі апелляциялық сатыда өзгермесе, елорда тұрғындары үшін газ тарифі айтарлықтай өседі. Мұндай жағдайда Елбасы Н.Назарбаевтың да, Президент Қ.Тоқаевтың да тапсырмасы орындалмай қалуы мүмкін.

Бағаға қатысты мәселеге жауап алмақ үшін «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ басшылығына ресми сауал жолдадық. Ендігі тақырып – жауаптың қандай болмағына байланысты. 

Тегтер: