27 Шілде 10:15
...

Қазақстанның қаржы нарығы. Халықтық IPO оның дамуына жаңа серпін бермек

Фото:

2022 жылы акцияларды бастапқы жария орналастыру, яғни «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ компанияларының IPO-ға (Initial Public Offering) шығуы күтілуде. Оның алдындағы халықтық IPO-дан инвесторлар жақсы табыс тапқан болатын. Бқл жолы да, халық өз байлығына өзі иелік ете алады.

IPO (Initial public Offering) - акцияларды биржада орналастыру жолымен акционерлік қоғамның бағалы қағаздарын инвесторлардың шектелмеген тобына бастапқы жария ұсыныс, деп жазады, Fingramota.kz жобасы. IPO нәтижесінде компания акциялары биржадан тыс айналатын жеке компанияға қарағанда жария болады, есептілік ашық болады, ал шығарылған бағалы қағаздар инвесторлардың кең ауқымы үшін қолжетімді болады.

«Самұрық-Қазына» АҚ құрамына кіретін мемлекеттік стратегиялық компаниялардың IPO-сы 2021-2025 жылдарға арналған жекешелендіру жоспары шеңберінде жүргізілетін болады. Бұл компаниялардың акциялары институционалдық инвесторлар үшін де, қатардағы қазақстандықтар үшін де қолжетімді болады.

Атап айтқанда, 2022 жылы қор биржаларында «Эйр Астана» АҚ және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, 2023 жылы – «KEGOC» АҚ және «QazaqGaz» ҰК АҚ, 2023-2024 жылдары – «Самұрық-Энерго» АҚ акцияларын орналастыру жоспарлануда.

 

IPO-дан ақша табудың мәні неде?

Мемлекет қатысатын компаниялардың IPO-сын өткізу барлық тараптар үшін тиімді.

Осылайша, қор нарығына жария түрде шығатын компанияның өзі үшін IPO бизнесті дамыту және жаңа жобаларды іске асыру мақсатында қосымша капитал тартуға мүмкіндік береді. Мемлекет үшін бұл ел экономикасының дамуына «халықтың» ақшасын тартудың тәсілі. Жалпы алғанда, IPO отандық қор нарығының дамуына оң әсер етеді, Қазақстан халқының инвестициялық мәдениеті мен қаржылық сауаттылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Әдетте, IPO-ға нақты бизнес-модельдері, корпоративтік басқарудың жоғары деңгейі бар тұрақты және перспективалы компаниялар шығарылады, олардың қаржылық есептілігі халықаралық стандарттарға сәйкес келеді және тұтастай алғанда олар бөлшек инвесторлардың кең тобына жарамды.

Инвестор үшін пайда – мүмкіндігінше ұлттық компанияда белгілі бір үлесті, яғни біраз уақыттан кейін дивидендтер мен құн өсімі (сату бағасы мен сатып алу бағасы арасындағы оң айырма) түрінде кіріс бере алатын акцияларды сатып алу. Бұл ретте инвестициялардың негізгі қағидаларын есте сақтау қажет: күтілетін кірістілік неғұрлым жоғары болса, тәуекел соғұрлым жоғары болады. IPO-ға инвестициялар жоғары кірістілікті болып саналатындықтан, олар жоғары тәуекелмен бірге жүреді.

IPO-ға қатысу үшін акциялар орналастырылған биржаның мүшесі болып табылатын лицензияланған брокерді таңдау қажет. Брокер шот ашады және ақша қаражатымен толықтыру үшін инвесторға оның деректемелерін ұсынады. Шотта ақша болған кезде инвестор өзінің брокеріне IPO акцияларын сатып алуға өтінім береді.

Қазақстандық ұлттық компанияның алғашқы IPO-сы 2006 жылы өткізілді. KASE және Лондон қор биржасында «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бағалы қағаздарының 40%-ы орналастырылды. Жай акцияның бағасы орналастыру кезінде 11163,39 теңгені, жаһандық депозитарлық қолхатты – 14,64 АҚШ долларын құрады. Бір жылдан кейін акциялардың бағасы 18 990 теңгені құрады. Бұдан басқа, компания жыл сайын дивидендтерді төлеп отырды, олардың мөлшері жыл сайын ұлғайып отырды және 2013 жылдың қорытындысы бойынша 1976 теңгені құрады.

 

Акцияларды бастапқы жария орналастыру процесі қалай жүреді?

Алдын ала кезеңде компания өзінің бизнесі мен активтерін, яғни олардың құнын, есептіліктің ашықтық дәрежесін және басқаларын бағалауы керек. Акционер өз акцияларын жария саудаға шығару жөнінде оң шешім қабылдағаннан кейін, компания андеррайтермен шартқа қол қояды. Андеррайтер ретінде Қазақстанда брокерлік ұйымдар жиі әрекет етеді. Олар эмитенттің акцияларын биржаға орналастыруды қамтамасыз етеді, сондай-ақ осы бағалы қағаздарды IPO-ға дейін оларды одан әрі қайта сатудан сатып ала алады.

Әрі қарай дайындық кезеңі – бұл компанияны IPO-ға шығару, онымен андеррайтерлер айналысады. Олар әлеуетті инвесторлар үшін Road Show, яғни «жол шоуын» ұйымдастырады, онда компанияның көрсеткіштері және акцияларды орналастыру бойынша басқа да деректер көрсетіледі. Андеррайтерлер эмитенттің, яғни бағалы қағаздар шығарушы компанияның акцияларын сатып алуға алдын ала өтінімдер жинай бастайды.

Соңғы кезеңде листинг жүреді, яғни бағалы қағаздардың өзін биржаларға орналастыру. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда екі жергілікті алаң жұмыс істейді: Қазақстан қор биржасы (KASE) және Astana International Exchange (AIX). Ұлттық компаниялардың акцияларын тек осы биржаларда ғана емес, халықаралық биржаларда да орналастыру жоспарлануда. 2022 жылдан бастап жоспарланған айырмашылықтардың бірі - бұрын болған «Халықтық IPO» бағдарламасынан IPO өткізу.

«Халықтық IPO» туралы не білеміз?

«Халықтық IPO» бағдарламасы 2011 жылы қабылданды. Оның мәні Қазақстанның жетекші ұлттық компанияларының акцияларын жеке тұлғалар арасында сату және осылайша қор нарығын дамыту, ірі инвесторларды тарту және ұлттық байлықты ел азаматтары арасында бөлу сияқты міндеттерді шешу болды.

Осы бағдарлама шеңберінде 10 мемлекеттік компанияның отандық биржаға шығуы жоспарланған болатын, алайда жария түрде тек екі компанияның: 2012 жылы «ҚазТрансОйл» АҚ-ның және 2014 жылы «KEGOC» АҚ-тың бағалы қағаздары орналастырылды. Олардың IPO-ға шығуы сәтті болды. Құбыр операторының бір акциясының бастапқы құны 725 теңгені құрады, орналастыру күні ол 13%-ға 820 теңгеге дейін қымбаттады. Әр жылдары олардың бағасы төмендеді немесе көтерілді (мысалы, 2018 жылдың мамыр айында бір акцияның құны 1600 теңгеге жетті).

Өз кезегінде, «KEGOC» АҚ акциясының құны орналастыру кезінде 505 теңгені құрады, ал 2021 жылы оның биржадағы бағасы 1925 теңгеге жетті.

«Халықтық IPO» бағдарламасына қатысудың арқасында жеке инвесторлар өз жинақтарын инвестициялауға және құнының өсімінен ғана емес, дивидендтер түрінде де кіріс алуға мүмкіндік алды.

IPO-ны өткізу күнінен бастап бүкіл кезең ішінде «ҚазТрансОйл» АҚ бір акция үшін орналастыру бағасы 725 теңге болғанда бір акция үшін 1106,71 теңге, «KEGOC» АҚ бір акция үшін орналастыру бағасы 505 теңге болғанда бір акция үшін 681,43 теңге мөлшерінде дивидендтер төлеуді жүзеге асырды. Осылайша, бұл компаниялар тек дивидендтермен ғана өз акционерлеріне акциялардың бастапқы құнының 100%-дан астамын қайтарып берді.

 

Нақты табыс кейстері

Мысалы, биыл «ҚазМұнайГаз» ішкі биржаларда өз акцияларын сатады. Оны тек кәнігі инвесторлар емес, халық та сатып алу үшін барлық жағдай жасалмақ. 

«Тікелей жазылу» әдісімен ұлттық мұнай компаниясының акцияларын «Tabys» мобильді қосымшасы немесе «ҚазПоштаның» бөлімшелері арқылы сатып алуға мүмкіндік ашылады, деп жазады, Baq.kz.

Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы. Басты идеясы – халық та мұнайдың иесі болуы тиіс, содан дивидендтер алып, қызығын көруі керек.

Әрине, оның «бірағы» бар екенін айта кету керек. Себебі – ешкім «ҚазМұнайГазды» жіктеп, халыққа теңдей бөліп беремін деп жатқан жоқ. Сарапшылар тұңғыш биржаға шығу кезінде (IPO) ұлттық компанияның әрі кетсе тек 10% акциясы ғана шығатынына сенімді. Одан кейін қайталанған шығарылымдар арқылы (SPO), «Қазатомпромның» жолын қайталап, «ҚазМұнайГаз» биржаға тағы қосымша 15% акция шығара алады. Сонда 25% акция нарықта сатылады, қалған 75 пайызы мемлекет атынан сөйлейтін «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорында қалмақ. Бір сөзбен айтқанда, халықтың бәрі бірігіп, «ҚазМұнайГаздың» 25% үлесіне иелік ететін болады.  

«ҚазМұнайГаз» акциясын сатып алсам, пайда табамын ба? Біз, яғни халық үшін бұл ең маңызды сұрақ. Пайдасы жоқ болса, ондай акцияның қажеті не? Біз «ҚазМұнайГаздың» тура «Қазатомпромның» жолымен келе жатқанын көріп отырмыз. Ендеше өзіміздің отандық AIX биржасында 2018 жылдан бастап Қазатомпромның акциясын сатып алғандар табысқа кенелді ме, соны саралап шығуымыз керек.

«Қазатомпром» 2018 жылы 14 қарашада IPO-ға шығып, 15 пайыз акциясын сатты. Сол күні AIX биржасында оның бір акциясы 4530 теңгеге сатылған болатын. Енді бүгінгі жағдай бойынша дәл осы биржада «Қазатомпром» акциясы 12 135 теңге тұрады. Яғни акциялар 2,6 есеге қымбаттаған.

Ал енді сіздің табысыңызды есептеп көрейік. Сіз 2018 жылы 4530 теңгеге 1 акция сатып алдыңыз дейік. 2019 жылдың қортындысы бойынша сізге дәл сол акцияға 381,72 теңге дивиденд төленді. 2020 жыл бойынша 578,67 теңге, ал 2021 жылдың қортындысынан 876,74 теңге дивиденд алдыңыз. Сонда үш жылдың дивидендін қоссақ 1837,13 теңге шығады. Егер дәл қазір сіз сол бір акцияңызды 12 135 теңгеге сатсаңыз, дивидендтерді қосқанда таза 9 442,13 теңге пайда таптыңыз. 

Мың акцияны 4 530 000 теңгеге сатып алсаңыз, үстінен 9 442 130 теңге таза пайда көрер едіңіз. Егер сол 4 530 000 теңгені орташа 14 пайызбен банк депозитінде 2 жыл ұстасаңыз, тіпті ай сайынғы капитализациясын қосқанда сіз 1 455 209 теңге таза пайда табасыз. Сонда «Қазатомпром» акциясынан түскен кіріс банк депозиті пайдасынан 6 есе (!) артық болып тұр. Қаржылық сауаты мықты азаматтардың акциялар нарығында инвестиция жасайтыны да сондықтан.

Қорыта келгенде айтарымыз: 2,3 миллион теңге тауып, «ҚазМұнайГаз» акцияларын сатып алсаңыз, қатты байып кетпесеңіз де, жағдайыңызды едәуір түзеп алуға болады. 

Алаяқтар және IPO

Қазіргі уақытта Қазақстанда IPO өткізілмейтінін және IPO «таймингі», яғни өткізу мерзімі бойынша да нақты ақпарат жоқ екенін білу қажет. Сол арада, қаскүнемдер осы бағдарламаны пайдаланып, Желіде, әлеуметтік желілерде фишингтік парақтарды жасап, ақпаратты танымал мессенджерлер арқылы таратуда. Олар Мемлекет басшысының «Халықтық IPO» өткізуді тапсыру туралы дәйексөзін пайдаланып, азаматтарды қазақстандық компаниялардың акцияларына «тиімді» салымдар салуға шақыруда. Бұл ретте алаяқтар күн сайын 65 мың теңгеден табыс табуға уәде береді.

Алаяқтықты болдырмау үшін, біріншіден, ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында, яғни қор биржасында, екіншіден, бағалы қағаздар нарығының лицензияланған кәсіби қатысушылары арқылы инвестициялау қажет.

Жалған жарнамаға сенбей, тек ресми дереккөздерге сенген жөн. Брокер туралы ақпаратты және оның лицензиясының бар-жоғын брокерлердің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми сайттарында (https://www.gov.kz/memleket/entities/ardfm/financial-organizations/48?lang=ru ) және KASE-те (https://kase.kz/ru/membership/ ) қайта тексеріңіз.

Қор нарығындағы алғашқы қадам: жаңадан бастаған инвестор неге назар аударғаны дұрыс?

Бағалы қағаздарға инвестициялау арқылы жақсы ақша табуға да, салған ақшадан оп-оңай айырылып қалуға да болатынын бірден айта кету керек. Қаржы құралының кірістілігі неғұрлым көп болса, ақша жоғалту ықтималдығы соғұрлым жоғары болады.

Егер Сіз тәуекелге баруға дайын болсаңыз, бос қаражатыңыз болса және кепілдендірілген депозиттер ұсынғаннан гөрі көбірек ақша тапқыңыз келсе, онда акцияларға және облигацияларға инвестиция салуды қарастыруға болады.

Жаңадан бастаушыға ең оңай жолы – биржада ұсынылған қазақстандық және шетелдік компаниялардың бағалы қағаздарын сатып алу және белгілі бір уақыт өткеннен кейін неғұрлым жоғары бағада сату. Бұл жағдайда кіріс бағамның қаншалықты өскеніне немесе бағалы қағаз индексіне байланысты болады. Алайда, мұндай табыс кездейсоқ сәттілік емес, ойластырылған әрекеттердің нәтижесі екенін есте ұстаған жөн. Инвестициядан шынымен де пайда табу үшін Сізге көп күш жұмсау керек, оның қыр-сырын үйреніп, осы тақырыпты үнемі зерттеп отыру керек.

Егер жиналған ақшаңыз, мысалы банкте депозит түріндегі жинағыңыз болмаса, ешбір жағдайда соңғы ақшаңызды салуға болмайды. Биржада сақтандыру жоқ, сол себепті Сіз бәрін жоғалтуыңыз мүмкін. Сонымен қатар, бағалы қағаздар құнының төмендеуі банктердің банкроттығына қарағанда жиі кездеседі.

Шығындарыңызды бағалаңыз

Бастапқыда біраз ғана сомаларды инвестициялауға болады. Алайда, ол арқылы сауда-саттық жасағыңыз келетін брокердің өз комиссиясын алатынын ескеру қажет. Бұл әрбір транзакция үшін белгіленген сома не транзакцияның көлемінен пайыз болуы мүмкін. Сондықтан, егер Сіз бірден және көп салғыңыз келсе, бірінші нұсқаны ұсынатын брокерді таңдаңыз, егер жиі және аздап салатын болсаңыз – екінші нұсқаны таңдаңыз.

Есте ұстаңыз: шарт жасасу алдында брокердің бағалы қағаздар нарығында кәсіби қызметті жүзеге асыруға ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясы бар-жоғын міндетті түрде тексеріңіз. Мұны қаржы реттеушінің www.gov.kz ресми интернет-ресурсында жасауға болады Агенттіктің сайтында көрсетілген брокердің деректемелері лицензияда көрсетілген деректемелерге сәйкес келуі тиіс. Сондай-ақ қаржылық есептілікті, биржалардағы белсенділікті қарау, сондай-ақ басқа клиенттердің пікірлерімен танысу қажет. 

Осы ұсыныстарға сүйене отырып, сіз өз ақшаңызды шоттарда қорғайсыз, тіпті брокер өз қызметін кенеттен тоқтатса да - сіздің салымдарыңыз туралы ақпарат Бағалы қағаздардың орталық депозитарийінде қалады.

Стратегияны таңдаңыз

Биржада сауда жасамас бұрын, сіз оқудан өтіп, тақырыпты толығымен түсінуіңіз керек. Инвестициялау процесі қолды үнемі импульсте ұстауды талап етеді, яғни таңертең қаржылық статистика мен биржалық есептерді зерттеу керек, күн ішінде кестелерді бақылау керек. Сол себепті, Сіздің жұмсалатын еңбек шығындарыңыз әлеуетті табысыңызға сәйкес келе ма, соны ойланып көріңіз. Әрине, ақшаңызды сенімгерлік басқаруға беріп қоюға да болады. Алайда, бұл жағдайда комиссия да жоғары болады және өз ақшаңыздың қайда және неге инвестицияланғаны жөнінде білмеуіңіз мүмкін.

Бұл ретте, Сіз әу бастан-ақ жоғалтқанда ішіңіз ашымайтын және бюджетіңізге зиян келтірмейтін соманы ғана инвестициялауға тұратынына назар аударыңыз.

Стратегия — бұл сіздің биржадағы тактикаңыз бен мінез-құлқыңыздың стилін айқындайтын инвестициялаудағы кейбір өлшемшарттар. Сіз қандай активтермен сауда-саттық жүргізетініңізді, операцияларды қандай жилікпен жасайтыныңызды және шешімдер қабылдау кезінде нені басшылыққа алтыныңызды шешіп алу қажет. Сіз жаңалықтармен, баға белгілеулермен және нарыққа әсер ететін сыртқы факторлармен танысып, оларды зерттеуге уақыт бөлуге дайын екеніңізді шешіп алыңыз.

Сіз қарапайым, сондай-ақ аралас стратегияларды қолдануыңызға болады. Оның ішіндегі ең қарапайымы – мерзім мен залалдың мөлшеріне қарай таңдау. Мәселен, Сіз сөз ақшаңыздан бір жылға және ең көп дегенде оның 20%-нан айырылуға дайын болсаңыз, онда активтерді не бір жылдан кейін не ол 20%-ға өскен немесе түскен кезде сатасыз.

Портфельдік де, нүктелік салымдарды да жасауға болады, бірақ тәуекелге бармау және әрқашан таңдалған жоспарды ұстану маңызды.

Қателік жасамаңыз

Тағы да қайталап айтамыз: Қолыңызда бар нәрсені бағалы қағаздарға салмаңыз. Алдымен ақшаны күнделікті өмірге және күтпеген шығыстарға бөліңіз. «Қауіпсіздік жастықшасын» жасаңыз, мысалы: банк депозитін ашыңыз, ең төменгі мөлшері сіздің 6 жалақыңыздан кем болмауы тиіс соманы жинаңыз, содан кейін ғана биржалық саудаға кірісіңіз. Сіз жоғалтуға дайын соманы инвестициялаңыз.

№1 ереже. Эмоцияға берілмеңіз. Бастапқыда сіз көптеген қателіктер жіберуіңіз мүмкін. Бұл ретте таңдалған стратегияны ұстану және қағаз индексі қысқа мерзімде өзгерсе де, импульсивті әрекеттерді жасамау маңызды. нағыз инвестор биржадағы жағдай өзгермелі екенін біледі және әрқашан тәуекелге дайын болады. Өз шешімдеріңіз үшін өзіңіз ғана жауапты екеніңізді есте ұстаңыз.

№2 ереже. Өз салымдарыңызды әртараптандырыңыз. Әртүрлі салалардағы компаниялардың бағалы қағаздарын сатып алған дұрыс. Мысалы, мұнай бағасы төмендеген кезде мұнай-газ секторының барлық компанияларының бағалы қағаздары зардап шегеді. Егер сіз мысалы химия өнеркәсібі, машина жасау, телекоммуникация сияқты экономиканың әртүрлі салаларындағы компаниялардың бағалы қағаздарын сатып алсаңыз, бұл сізге салынған ақшаны жоғалту қаупін азайтуға көмектеседі.

№3 ереже. Кепілдендірілген және өте жоғары кірістілікке сенбеңіз! Әдетте мұндай уәделерді тек алаяқтар ғана береді. Пайда әрқашан болжанған тәуекелге сәйкес келеді және адал брокер қабылданған тәуекелдерге сәйкес келмейтін жоғары пайдаға уәде бермейді.

Жалған брокерлерді қалай тануға болады?

Қашықтан табыс табу тәсілдерін танымал ету, сондай-ақ әртүрлі сервистерді цифрландыру деңгейінің өсуі аясында Қазақстанда жалған брокерлердің және инвестициялық делдалдардың жұмысын жандандыру байқалады. Алаяқтар бастаушы инвесторлардың тәжірибесіздігін және азаматтардың ақшасын тарту үшін әртүрлі схемаларды пайдаланады. Мысалы, алаяқтар өздерін Агенттіктің тиісті лицензиясынсыз, табысты және болашақтан үміт күттіретін инвестициялық компаниялардың қызметкерлері ретінде таныстыруы мүмкін.

Есіңізде болсын: егер инвестициялық делдалдарда басқа елдердің реттеушілерінің жалған немесе нақты лицензиялары болса, бірақ Қазақстанның қаржы реттеушісінің лицензиясы болмаса, онда олар біздің еліміздің аумағында өз қызметтерін көрсете алмайды!

Алаяқтардың мақсаты – сіздің ақшаңызға кез-келген сылтау қол жеткізу. Олар әртүрлі мобильдік қосымшаларды орнатуды талап етеді, солар арқылы аңғал клиенттерге нұсқаулар беріп отырады. Сол қосымшаларда олар қарқынды түрде өсіп келе жатқан пайданы көрсетеді, шын мәнінде ондай пайда болмайды, іс жүзінде олар ешқандай инвестициямен айналыспайды. Көбінесе алаяқтар «брокердің» қызметтері үшін, валютаны айырбастау үшін комиссия аударуды, сондай-ақ қандай да бір «салықтарды» төлеуді өтінеді.

Жекелеген жағдайларда клиентті тіпті қосымша инвестициялар алуға үгіттейді. Бірақ содан кейін алаяқтар клиенттің ақшасымен бірге жоғалып кетеді, ал клиенттер өздерінің жинаған ақшасынан айрылып қана қоймай, сонымен бірге қарызданып қалып жатады.

Жалған брокерлерді анықтауға көмектесетін негізгі жеті белгі:

1. Тәуекелі төмен немесе тәуекелі болмайтын салынған ақша қаражатынан қысқа мерзім ішінде қомақты пайда табуға уәде беру;

2. Лицензия туралы ақпарат беруден бас тарту немесе лицензияның болмауы;

3. Брокерлік компания сайтының мекенжайын беруден бас тарту, интернетте ол туралы ақпараттың болмауы немесе компания сайтында компанияның меншік иесі туралы мәліметтердің, заңды мекенжайы мен байланыс деректерінің болмауы;

4. «Жеке менеджердің» банк картасына ақша аудару туралы өтіну;

5. «Брокер» менеджерінің жасырын нөмірден немесе әртүрлі нөмірлерден қоңырау соғуы;

6. Тәуліктің кез келген уақытында «брокердің» қайта-қайта қоңырау соғуы;

7. Дөрекі немесе кәсіби емес іскерлік қарым-қатынас.

Агенттік сайтында қызметінде лицензияланбаған қызмет не қаржы пирамидасы белгілері анықталған субъектілердің тізімі орналастырылды. Олармен: https://www.gov.kz/memleket/entities/ardfm/documents/details/221475?lang=ru сілтемесі арқылы танысуға болады.

Тегтер: