27 Тамыз 10:36
...

Қазақстанда ірі қара, қой және ешкіні экспорттауға тыйым салынды

Фото:

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі мен Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі 2022 жылғы 22 тамыздағы «Ауыл шаруашылығы жануарларын экспорттаудың кейбір мәселелері туралы» бұйрыққа қол қойды.

Құжатта Қазақстан Республикасының аумағынан тірі ірі қара, қой мен ешкіні әкетуге алты айға тыйым салу енгізілсін деп жазылған. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігіне қабылданған шаралардың қолданылуы туралы Еуразиялық экономикалық комиссияны хабардар ету тапсырылды.

Бұйрық 2022 жылғы 6 қыркүйекте күшіне енеді. Бұған дейін Қазақстанда 2022 жылдың 22 қаңтарынан бастап тірі ірі қара, қой мен ешкіні экспорттауға тыйым салынған болатын.

Оның өзіндік себептері бар. Тірі малды экспорттау нарықта ет бағасының қымбаттауына әкеліп соқты. Онымен бірге, халықтың әлеуметтік корзинасы қымбаттап, ет қымбат тауарлар категориясына енуге міжбүр болды. Осы орайда, Мемлекет басшысы тарапынан Үкіметке елдің азық-түліктік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тапсырылған болатын.

Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі — еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі параметр. Үкіметтің пайымдауынша, бүгінде Қазақстан негізгі азық-түлік тауарларымен толық көлемде қамтамасыз етілген. Сарапшылар қазір ешқандай да алаңдаудың қажеті жоқ дейді.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарында алға қойылып отырған бірінші кезектегі міндет – азық-түлік тауарларының нақты қолжетімділігін, яғни олардың халық үшін дүкендер мен базарлардың сөрелерінде жеткілікті болуын қадағалау және реттеу болып отыр. Осы бағытта арнайы Жоспар жасалып, осы жоспарда көзделген іс-шаралар егіс алқаптарын әртараптандыру, мал шаруашылығын кешенді дамыту, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру, сақтау және логистика инфрақұрылымын дамыту есебінен жүзеге асырылатын ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің көлемін ұлғайтуға бағытталған.

Үкімет басшысы Әлихан Сымайыловтың айтуынша, нарықты азық-түлікпен толықтыру шаралары азық-түлік өндірісі мен тұтыну теңгерімін ескере отырып жүргізілуі тиіс.

«Бағаны реттеудің қолданыстағы механизмдерінің тиімділігін бағалау керек. Сондай-ақ бағаларды әкімшілік реттеуден халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарын адрестік қолдауға көшу үшін ұсыныстар дайындау қажет. Бағаларды әкімшілік механизмдермен ұстап тұру нарықтық тәсілдерге жатпайтынын білеміз, сондықтан бағаларды тұрақтандырудың басқа да әдістерін қолдану қажет»

Сонымен бірге, Үкімет қабылдаған кешенді жоспар бойынша форвардтық жеткізулер жүйесін дамыта отырып, АӨК және сауда субъектілерінің арасында ұзақ мерзімді тұрақты шаруашылық байланыстарды орнату жұмыстарын да қолға алу керек.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде шығарылатын тамақ өнімдерінің сапасы да маңызды орын алады. Бұл бағытта ветеринарлық және фитосанитарлық бақылау, тамақ өнімдерін сертификаттау жұмыстарын жетілдірудің маңызы зор.

Тегтер: