Қазақстан мұнайсыз қалуы мүмкін. НЕГЕ?
KazEnergy қауымдастығының бас директоры Болат Ақшолақов «алдағы 2-3 жылдың ішінде еліміз шикізат тапшылығын бастан кешіреді» деген болжам айтты. Егер ол болжам расқа айналса, дайын өнімімен мақтана алмайтын Қазақстанның болашағы тұмандана түспек.
Ақшолақовтың болжамы Kazakhstan Growth Forum аясында айтылды. Қазіргі уақытта республика бойынша бір жылда өндіретін 90 миллион тонна мұнайдың шамамен 40 миллион тоннасы Теңіз бен Қашағанға тиесілі. Олардың өсу перспективасы бар. Ал қалған 50 миллион тонна сарқылудың аз алдында тұрған ескі кен орындарынан алынады.
Фото: kazenergy.com
«Осы 50 миллион тоннаны толтыру үшін бізге ішіндегі көмірсутегінің жалпы қоры 500 миллионнан 1 миллиард тоннаға дейін жететін кен орындары қажет. Біз шұғыл түрде оларды тауып, осы жоспарларға сүйене отырып, геологиялық барлауға қаражат салуымыз керек», – дейді Болат Ақшолақов.
Оның айтуынша, Қазақстанда 5 миллиард тоннаға жуық дәлелденген мұнай қоры бар. Сонымен бірге, 2015 жылы жүргізілген геологиялық барлауға сәйкес, жер астында әлі зерттелмеген 70 миллиард тоннаға жуық мұнай жатыр.
«Төмен бағаларға және әлемдік дағдарысқа байланысты геологиялық барлауға ақша салу мүмкін болмай тұр. Егер мұнайдың төмен бағасы екі-үш жыл сақталып тұрса, біз шикізат тапшылығын бастан кешуіміз мүмкін. Бұл барлық салаларға өз зиянын тигізеді»
Бірақ, Ақшолақовтың айтуынша, жер бетіне жақын қорлар таусылды. Енді мұнайды игеру үшін терең бұрғылау жұмыстары керек. Оның өзіндік бағасы қымбат. Сондықтан арзан мұнай дәуірі келмеске кетеді.
Келесі игерілетін мұнай қорлары 6 мың метр тереңдікте жатыр. Бұрын бір шаршы шақырым аймақта мұнай өндірісін ұйымдастыруға 1 миллион доллар жұмсалса, енді оған 40 миллион доллар шығын шығатын болады.