Қазақстан экономикасы 4,4 пайызға өсті
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында еліміздің биылғы қаңтар-сәуір айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары қаралды. Аталған мәселе бойынша ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, ҚР ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов баяндама жасады.
Алматы, NEGE. Ұлттық экономика министрлігінің деректеріне сәйкес, биылғы қаңтар-сәуір айларында Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,4% құрады. Негізгі трендтер бойынша есепті кезеңде нақты сектор өсімі жеделдеп (5,1%-ға), экспорт көлемі үдемелі ұлғайып, қызмет көрсету саласындағы іскерлік белсенділік 3,4%-ға дейін өсті.
Салалар арасында сауда, құрылыс, көлік және қоймалау, ақпарат және байланыс, өңдеу өнеркәсібі, сумен жабдықтау, тау-кен өндірісі өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы оң өсім көрсетіп отыр.
Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 2,3%-ды құрады.
«Биылғы қаңтар-наурыз айларында сыртқы сауда тауар айналымы 45%-ға өсіп, $28,7 млрд құрады. Оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 66%-ға өсіп, $19,1 млрд-қа дейін жетті. Бұл ретте, өңделген тауарлар экспорты 32,4%-ға артып, $5,3 млрд-қа жетті. Тауарлар импорты $9,5 млрд құрады», — деп мәлімдеді Ә. Қуантыров.
Ұлттық банк басшысы Ғ. Пірматовтың хабарлауынша, Қазақстандағы инфляция биылғы наурыздағы 12%-дан сәуірде 13,2%-ға дейін жеделдеді.
Азық-түлік бағасының жылдық өсімі 15,4%-дан 17,9%-ға дейін жетті. Сыртқы инфляциялық жағдай 10,9%-дан 11,1%-ға дейін жеделдеген азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасына өсім тұрғысынан қысым көрсетуін жалғастыруда. Ақылы қызмет көрсету бағасының өсуі 8,3%-дан 8,9%-ға дейін жеделдеді, бұл бірқатар нарық қызметтері бағасының өсуіне байланысты болды.
Өз кезегінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – қаржы министрі Е. Жамаубаев мемлекеттік бюджетке 5 трлн 93 млрд теңге сомасында кіріс түскенін немесе жоспардың 108,6%-ға орындалғанын, республикалық бюджетке 3,4 трлн теңгеге жуық қаражат түскенін немесе жоспардың 101,1%-ға орындалғанын мәлімдеді.
Үкімет басшысы жылдық инфляцияны жеделдетуге әсер етіп отырған азық-түлік тауарлары бағасының өсуін тежеу бойынша қабылданып жатқан шараларға ерекше назар аударды.
«Біріккен Ұлттар Ұйымының деректері бойынша дүние жүзінде азық-түлік бағалары соңғы 12 айда 36%-ға өсті. Әлемде, әсіресе, қант, ет және сүт өнімдерінің бағасы өсіп барады. Бұл өз кезегінде біздің нарыққа да тікелей әсер етіп отыр. Қазіргі уақытта Үкімет инфляцияны тежеу бойынша тиісті шараларды қабылдауда. Мемлекеттік органдар мен әкімдіктер жұмысты тиімді қамтамасыз етіп, бұл мәселені ерекше бақылауда ұстауы керек», — деді Ә. Смайылов.
Өткен жылдың осындай кезеңінде Қазақстанның ЖІӨ өсу қарқыны 0,7 пайызды құрағанын атап өткен жөн.