9 Қыркүйек 09:19
...

«ҚАЗАҚҚА күйеубаламын...»  – КУБАЛЫҚ өнерпаз қазақша ән салып жүр

Фото:
Ж

иын-тойдың көркін қыздырып жүрген кубалық әнші-бишілерді жиі көреміз. Солардың бірі – DLAGRUZ тобы. NEGE тілшісі қазақша ән айтып, тілін сындырып жүрген топтың солисі Ёанис Санта Круз ГОНСАЛЕСПЕН тілдесіп көрді.

Қазақстанға қалай келдіңіз?

– Мен осыдан он жыл бұрын Алматы қаласындағы түнгі клубтардың біріне келісімшарт бойынша музыкант болып жұмысқа орналастым. Ол жерде Black Star атты топтың жетекші солисі болып, бір жылдай қызмет жасадым. Арасында  шетелдік белгілі бір косметикалық компанияның өнімдерін жарнамалау мақсатында Қазақстаннның түкпір-түкпірін араладық. Маған Қазақстанның адамдарының ақжарқын мінезі мен қонақжайлығы өте ұнады.

Содан визамның уақыты біткен соң, Қырғызстанға кетуге тура келді. Бірақ сіздердің елге бүйрегім бұрып тұрған соң Алматы мен Бішкектің арасында жүрдім. Тек соңғы екі жылда тұруға ықтиярхат алған соң барып, Қазақстанға тұрақтадым.

Уақыт өтке келе Black Star-дың құрамынан шығып, жеке дара топ құрсам деп шештім. Қазір қасыма Мерседес және Анислей атты екі кубалық биші қызды алып, қазақ, орыс, ағылшын және испан тілінде ән шырқап жүрмін.

Шүкір, алғашқыдай емес, қазір атағымыз дардай болмаса да жергілікті шоу-бизнестің қыр-сырын біраз меңгеріп қалдық. Мені жатсынбай, есігін айқара ашып, өнеріме қошемет білдірген қазақ халқына ризашылығымды білдіремін. Бүгінде қазақ  дос-жарандарымның саны артты, арада аралас құраластықпен қатар шығармашылық алыс-беріс бар.

Әдетте кубалықтар Еуропаға жол салуға ұмтылады. Ал сіздің Орталық Азияға тартуыңызға не түрткі болды?

– Ұмытпасам, осыдан он бес жыл бұрын бір сериал көрдім. Онда бірнеше елдің мәдениеті көрініс береді.  Сонда Орталық Азия елдерінің тарихы мен мәдениеті және ата дәстүрі мені ерекше елітті. Тіпті, қызығушылығым артқаны сонша, осы елдердің біріне табан тіресем деген ой келді. «Армандар орындалады» деген рас екен. Арада жылдар өткенде Қазақстаннан келісімшарт бойынша жұмыс істеуге ұсыныс түскенде төбем көкке жетті. Ештеңеге қарамастан, бірден сөмкемді жиып, кетуге асықтым. Айтып өткенімдей, біраз жыл Бішкекте де тұрдым. Бірақ осында отбасым болғандықтан, қалайда Алматыға тұрақтауды жөн санадым. Болашағымды Қазақстанмен байланыстырамын.

– Келіншегіңіз қазақ қызы екен...

– Иә, алғаш кездері клубта  ән салып жүргенімде сол жердегі би үйірмесіне қатысып жүретін Мәдина есімді ару қызбен таныстым. Болашақ жарымның бойындағы ақылы мен парасаты, мінезі мені өзіне ерекше тәнті етті. Қазір екі қызымыз бар, бұйырса, үшінші сәбиімізді күтіп отырмыз.

– Топтың атауы қандай мағынаны білдіреді?

– Мен кішкентай кезімде өте баяу қозғалатын болғандықан, көпшілік «dla» деп атайтын еді.  Оған Круз атты тегімді қосып, топты DLAGRUZ деп атауды жөн көрдім.

– Қазақстандағы шоу-бизнес нарығына сіңісу қиын болмады ма?

– Әрине, оңайға түспеді. Оның үстіне қазір Қазақстанда кубалық топтар жеткілікті. Бәсеке басым болған соң, көптің көзіне түсу үшін  тер төгуіме тура келді. Барған жерімде тыңдармандар қандай әнді сүйіп тыңдайтынын әрі билейтінін бағдарлаумен болдым.

Шыны керек, мен негізі кавер орындап көрмеген жанмын. Ал таза ағылшын немесе испан тілінде шырқасам, жұрттың мені тыңдай қоюы екіталай. Сондықтан, қазақстандық әншілердің әндерін аралас тілде орындап, өзгеше тыныс беріп, айта бастадым.

Қазақша әнге салғанымда кейбіреулер аң-таң болып жатады. Ал папуриімді тыңдаған жандар орыс және қырғыз тіліне қарағанда, қазақшамның анық естілетінін айтып жүр.

– Жалпы музыкамен айналысқаныңызға қанша жыл болды?

– Шынтуайтында, менің мүлде музыкалық білімім жоқ. Тек табиғат берген талантты шыңдап жүрген адаммын. Бала кезімнен ән мен әуенге әуес болып өстім. Қолыма қандайда бір зат түссе болды, соны ұрғылап, әлдебір әуен шығаруға тырысатынмын. Уақыт өте келе айтатын әнімнің сөзін де, музыкасын да өзім жаза беретін болдым.

– JS тобымен ән айттыңыз, тағы қандай қазақстандық әртістермен коллаборация жасау жоспары бар?

– JS-тің жігіттерімен бірлесіп ән жазу да күтпеген жерден болды. Олармен Талғардағы бір демалыс кешеніне ән салуға барғанда жолықтым. Тректері мен түсірген бейнебаяндары ұнаған соң, өзімнің жеке студиям барын айтып, бірлесіп шығармашылық тандем орнатуға ұсыныс білдірдім. Олар да бірден келісім берді. Сөйтіп, испан әрі қазақ тілінде шырқалатын Liki Loba атты әніміз жарық көрді.

Қазақстанда өнерпаздар өте көп. Мен де қолымнан келгенше тырысып, күндіз-түні студиямнан шықпай, түрлі жанрда ән жазып жатырмын. «Еңбек жасағанға береді» дейді ғой. Алда тағы жергілікті өнерпаздардың бірімен тандем орнатудың мүмкіндігі туады деген үмітім бар. Алда Фариз Фортунамен бірлесе жазған әнге бейнебаян түсірсек деп отырмыз.

– Той-томалақта қазақша әндерге жасаған каверді жиі шырқайсыз. Түпнұсқаны орындаушылар тарапынан дау туындамады ма?

– Жоқ, танымал әншілердің талайымен бір тойда кездесіп қалған кездерім болды. Бірақ ешкім әнімді неге рұқсатсыз орындайсың деп жағама жармасқан емес. Керісінше, өзгеше тыныс бергенімді айтып, құптап жатады. Себебі мен ол туындыларды түпнұсқа күйінде шырқамай, қандайда бір өзгешелік енгізуге тырысамын.

Мәселен, шумақтарын өзге тілде шырқап, қайырмасын қазақша айтуым мүмкін. Жуырда қазақ тілінде жеке төлқұжатыма айналатын «Сүй мені» атты әнді жарыққа шығарсам деп отырмын.

Екі ақын сөзін жазып беруге уәде етті, тыңдап көрген соң бір нұсқаға таңдау саламын.

– Қазақша ән жазғанда сөздердің дұрыс дыбысталуына кім қол ұшын береді?

– Әрине, әйелім. Әр әнге кірісерде әр сөзді қайталай айтқызып, мағынасын түсіндіріп, жаттап алмайымша жаны тыншымайды. Бұйырса, еркін сөйлеу мақсатында қазақ тілін толыққанды үйренсем деп жүрмін.

–  Отбасында қай елдің дәстүрін ұстанасыз?

– Көп нәрсе отбасының ұйытқысы саналатын әйел адамға байланысты ғой. Мен осы елде тұрып жатқандықтан қазақы салт-дәсүрге жүгінемін. Негізі екі елдің азаматы болып, екі түрлі тәрбие алған жандарға ортақ тіл табу оңай емес. Дегенмен, жанұя болған соң эгоны сырып қою қажет. Оның үстіне үйде көп бола бермейтін әртістің әйелі болудың да жүгі ауыр. Осы тұрғыдан алғанда Мәдинаға үлкен алғысымды әрі ризашылығымды білдіремін.

– Қайын жұртыңыз сізді қалай қабылдады?

– Шынын айту керек, бастапқыда маған қиын болды. Қыздың қолын аларда ата-анасын Бішкекке шақырдым. Өйткені сол жақта тұрып жатқан болатынмын. Анасы өте жақсы адам екен, мені жылы қабылдады. Екі жақтағы ата-анамыз бір-бірін тек камера арқылы ғана көрді, бұйырса құда-құдағиларды кездестіріп, бір дастархан басында отырғызсақ дейміз.

Ет пе, әлде бауырсақ па? Қайсысын сүйіп жейсіз?

– Екеуі де ұнайды. Жалпы жұбайым қандай тамақ жасаса да, жатсынбай жеймін. Бір қуанарлығы, Қазақстанда жан баласына қажеттінің бәрі бар, яғни қолжетімді. Арасында базардан қажетті азық-түлікті алып келіп, ұлттық тағамдарымды жасап тұрамын.

Тегтер: