6 Ақпан 16:42
...

Оразаның қарызын қалай және қашан өтеу керек?

Рамазан
Фото: pixabay.com

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Рамазан айының қарсаңында қарыз оразаны өтеудің тәртібін жариялады.

Алматы, NEGE. Рамазан айында ораза балиғатқа жеткен әрбір ер мен әйел мұсылманға парыз. Намаз секілді, ораза да жекелей парыз етілген ғибадат.

Егер өткен Рамазанда белгілі бір себеппен (ауру, жолда болу, т.б.) ораза ұстай алмаған болсаңыз, ол күндерді қаза етіп өтеу керек. Қаза ораза бөлек ниетпен ұсталады және оны Рамазан оразасымен бірге қосып ұстауға болмайды.

Ораза қазасы қай кестеге қарап өтеледі?

Рамазан айынан кейін оразаның қазасын өтейтін адам күнделікті намаз кестесін негізге алады. Таң намазы кірген уақыт – ауыз бекіту уақыты, сол уақытқа дейін сәресін ішіп-жеуге рұқсат. Ал ақшам намазы уақытының кіруі ауыз ашар уақытын білдіреді.

Қаза оразаға ниет қалай жасалады?

Қаза оразасының арнайы ниет-дұғасы жоқ. Мәсәлен былай ниет етуіне болады: «Алла ризалығы үшін осы жылғы Рамазан оразасынан қалған пәлен күндік (мысалы, алты күндік) қаза оразаның бірінші күнін өтемекке (немесе екінші, үшінші) ниет еттім».

Қаза оразаны қай уақытқа дейін өтеу керек?

Ханафи мәзһабында Рамазан оразасының қазасын өтеу уақыты шектелмеген. Яғни, келесі Рамазан айына дейін немесе одан кейінгі уақытта да өтеуге рұқсат етіледі. Дегенмен, мейлінше тезірек өтеген жөн.

Қаза ораза күндер оразасын үзбей ұстау керек пе?

Үзбей ұстау мәселесі – 60 күндік кәффәрат оразасына қатысты. Ал қаза оразаларында үзбей ұстау шарты қарастырылмаған. Бөліп-бөліп өтеуге болады.

Қаза оразаны үш күн айт біткен соң ұстау шарт па?

Ораза айттың екінші күнінен бастап, қаза оразаны өтеуге рұқсат етіледі.