«Кәсіпкерлікті дамытуға арналған бағдарламаның жемісін жеу – өзіңнің ынтаңа байланысты» – кәсіпкер
Мемлекет тарапынан берілетін грант арқылы кәсіп ашып, оның нәсібін жегендер тарапында Қарлығаш Тұрғалбекқызы да бар. Журналист мамандығын тәмамадаған көпбалалы ана кәсіпкер болу үш ұйықтаса түсіне кірмегенін айтады.
Қарлығаш екі баланың тәрбиесімен үйде отырған уақытта ғаламтор арқылы кәсіпкерлікке жол бастайтын мемлекеттік бағдарламалармен ғаламтор арқылы танысқан.
«Бір табыс көзі аздық еткендіктен, қосымша кәсіппен айналыссам деген ой болды. Осы ретте қаражат қажет болған кезде үй жағдайында тұшпара мен манты түйіп, маңайдағы дүкендерге сатылымға шығарып тұратыным бар еді. Жасаған тағамым дәмді болғандықтан тоңазытқышта тұрмай, тұтынушылар бірден алып кететін. Сондықтан жартылай фабрикат өнімдерін жасауды жөн көрдім», – дейді кәсіпкер.
Осы мақсатта кеңінен ізденген болашақ кәсіпкер «Бастау бизнес» жобасы бойынша электрондық еңбек нарығы Мемлекеттік ақпараттық жүйесіндегі Business.Enbek атты кәсіпкерлік бастамаларды қолдау курсына құжаттарын тапсырған. Оқуды аяқтаған соң қолына алған сертификат бойынша «Бастау Бизнес» жобасының түлегі ретінде Еңбек министрлігінің Business.Enbek порталындағы «Грант» бөліміне өтініш берген екен. Сөйтіп, 1 млн 380 мың теңге (400 МРП) қайтарымсыз несиеге қол жеткізген ол қамыр илейтін және оны жаятын құрылғылар алып, көптен армандаған кәсібін ашуға кіріседі.
«Осылайша жасайтын тауарыма арнайы лицензия мен халал деген сертификат алып, арнайы танымбелгісі бар табиғи өнім шығаруға бекіндім. Қасыма үш келіншек алып, қызу жұмысқа кірістім. Қыздар тұшпара мен манты түйіп, тапсырысты қалайда кешіктірмей, уақытылы өтеуге жандарын салып жұмыс жасай бастады. Арада тапсырыс көлемі арта түскенде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы жайлы естідім. Мемлекет берген алғашқы грантты мақсатты түрде жұмсағандықтан, кәсібімді кеңейту үшін неге тағы бақ сынап көрмеске деген ой келді», – дейді Қарлығаш.
Айта кетейік, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының мақсаты өңірлік кәсіпкерліктің артуын қамтамасыз ету, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған жұмыс орындарын сақтау және жаңа тұрақты жұмыс орындарын құру болып табылады.
Ресми деректерге сүйенсек, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде 3,5 трлн теңгенің өнімі нарыққа шығарылып, 15 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылған екен. Мұның нәтижесінде 217 240,7 млрд теңге қазынаға салық болып құйылған.
Кәсіпкерлер палатасының арнайы сайтынан аталмыш бағдарлама жайлы ақпарға қанық болған Қарлығаш ханым дайын бизнесінің өнімдерін көрсете отырып, арнайы цех ашу мақсатында 5 млн теңге грантқа ие болу үшін құжаттарын тапсырыпты.
«Қайтарымсыз несиеге қол жеткізу өзгелер айтқандай қиын болмады. Мұндағы талап – қолыңда қандайда бір бастау алған кәсібің болу керек. Тек арнайы кәсіпкерлік саланың қыр-сырын меңгергендігің жөнінде оқыған сертификат пен бизнес жоспарың болуы міндетті. Ал құжаттарды электронды сайт арқылы тапсырдым. Өтінішімді мақұлдаған соң Алматы кәсіпкерлер басқармасы мекемесінің мамандарынан құралған комиссия мүшелері алдында бизнес-жоспарымды қорғадым. Алдарына шығарып отырған өнімдерімді, оларға алған лицензия мен код-сызықшаны және жұмыс жасап жатқанымды дәлелдеу мақсатында шотымдағы кіріс көзі жайлы ақпаратты көрсеттім», – дейді көпбалалы ана.
Көп ұзамай екінші грантқа қол жеткізген Қарлығаш ханым бірнеше мұздатқыш, көлемді қамыр жаятын және илейтін құрылғылар, өнімді үлбірмен қаптауға арналған машина және цехқа қажетті бірнеше құрал-жабдықтар сатып алған. Тіпті, заттаңба шығаруға арналған бағасы бес жүз мың теңгеден асып жығылатын принтерге де қол жетізген. Соның арқасында қазіргі таңда қаптама тысына жапсырылатын этикеткаға сыртқа тапсырыс беріп әуреге түспейтінін жеткізді.
Дегенмен, бүгінгі таңда ұн мен еттің және қос цехтың жалға алу ақысы қымбатқа түскендіктен, жұмысшыларының жалақысын уақытылы төлеуге қиналған кәсіпкерге тағы мемлекет көмегіне жүгінуге тура келген. Ол өтініші де қабыл болып, өткен жылдың сәуір айында Bayer жеке кәсіпкерлігіне жұмыс орынын субсидиялау бойынша 6 млн теңгеден астам қаражат беріледі. Қазіргі таңда сол қаржының есебінен қамырдан түйін түйетін қызметкерлерге ай сайын жалақы төлеп отыр.
«Қазір кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бағдарламалар бойынша құжаттар онлайн түрде қабылданады. Сондықтан бұл жерде жемқорлық жайында әңгіме айту артық. Одан соң берілген қаражаттың мақсатты жұмсалғанын білу мақсатында жиі тексеріс жүргізеді деген де жалған әңгіме. Желкелеп, алған жабдықтарыма есеп алуға келген бірде-бір комиссияны көрмедім. Бар болғаны, банктегі кіріс-шығыс көрсеткішім мен жеке кәсіпкерлік жөніндегі берген есебім арқылы жұмыс жасап жатқанымды бағамдап отырады. Істеймін деген адамға кәсіп көзі табылады. Тек осы жолда арнайы мемлекеттік бағдарламаларды біліп, танысып, ондағы талаптар бойынша қам жасау керек. Мұнда тек жеке басыңыз үшін қаржылық сауаттылық ауадай қажет. Бірақ оның өзі құжат бойынша талап етілмейді. Ал «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы «Жеке қаржылық сауаттылық» семинарын ақысыз түрде-ақ оқытады», – дейді кәсіпкер.
Бюджет есібінен берілген қайтарымсыз несиелер арқылы кәсібін дөңгелеткен Қарлығаш Сұлтанғазиева өнімдерін өзі мекендеген тұрғылықты тұрғын үй кешенінің атымен байланыстырып «Асыл арман» деп атауды жөн көріпті.
Қазіргі таңда шағын цехта қызу тіршілік жүргізген қыз-келіншектер тұшпара мен мантыдан өзге, кеспе, сыр, сондай-ақ ет және ірімшікті салмадан әзірленген самса, борек, варениктер жасайды. Нарыққа айына 150-200 келіге дейін жартылай фабрикаттар шығаратын цех қызметкерлері тапсырыстың дені жеке дүкендерге қарағанда, әлеуметтік желі арқылы көп түсетінін айтады. Бешбармақты жақсы көретін отбасылар жайылған қамырға жиі сұрау салатын болса керек.
Өзіндей ақ жаулықты аналарды жұмыспен қамтып отырған Қарлығаш Тұрғалбекқызының ендігі арманы – макарон фабрикасын ашу.