Қарсылық білдіруге жатпайды!
«Жоғарғы сот ғылыми еңбектерінің арқасында «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясын уран өндіруде әлемдегі көшбасшылардың бірі етіп шығарған ғалым-ядрошы Ғалымжан Мамытбековтің ісіне ақыры нүкте қойды (Обжалованию не подлежит! "Время" газеті).
Танымал ғалым, «Алтын гефест» ұлттық сыйлықтың иегері Ғалымжан Мамытбеков үш жыл түрмеде отырып шықты. Артынша толық ақтаған болатын, бірақ кеше ол тағы да сотқа тартылды. Бесінші рет. Бұл жолы еліміздің Бас прокуроры Ғизат Нұрдәулетовтің сотта ақтау шешімін болдырмауды талап еткен қарсылығы қаралды.
Бұл ғалымға қандай салмақ салады? Әрісі түрме мерзімін (бәлкім, шартты түрде) соңына дейін отыруға, сондай-ақ талапкерге 50 млн теңге төлеуге міндеттеуі мүмкін еді.
– Қуанышым ұзаққа созылмады, тағы да отырғызбақшы. Бес жылдан бері әуре-сарсаңға салды, – деді өңінде жабырқау табы бар зерттеуші Мамытбеков Жоғарғы соттың гардеробына заттарын өткізіп жатып. – Мені Жоғарғы сотқа жіберген кезде балаларым қатты қорықты. Себебі, 2016 жылдың 29 қаңтарында таңертең кенже баламды мектепке апарып, содан 2 жыл 9 айдан кейін бір-ақ оралдым.
Бәрі 2012 жылы басталды. Тергеушілер «Жоғары технологиялар институтының бір топ тұлғаны, соның ішінде уран өндіру бойынша әзірлеме авторы Ғалымжан Мамытбеков те бар, «Қазатомөнеркәсіптен» ірі көлемде қаржы ұрлады» деп мәлімдеді. Ғалымға 500 млн теңге зиян келтірді деп айып тақты, сосын қаржы көлемін 83 млн, кейінірек 50 млн теңгеге дейін түсірді. Тергеу екі жылға созылды. 2016 жылдың қаңтарында ғалымды жалпы режимдегі колонияға отырғызып, сегіз жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.
Ұрлыққа өзінің еш қатысы жоқ екенін құжаттармен дәлелдер келтіріп, Жоғары сот төрағасына арызданғаннан кейін, Алматы қалалық соты істі қайта қараған. Ол жерде ғалымға кесілген мерзімді 3 жыл 6 айға дейін қысқартты. Сол кезде үш жыл жазасын өтеген ол мерзімінен бұрын бостандыққа шығарылды.
Ғалым Жоғары сотқа тағы да арызданды, содан кейін істі қайтадан Алматы қалалық сотына жіберген. Ол жерде Мамытбековты кінәсіз деп тауып, толық ақтап шығып, «Қазатомөнеркәсіптің» талап-арызын қанағаттандырудан бас тартты.
– Бас прокурордың қарсылығы – мундир абыройын қорғау әрекеті ғана, – деп түсіндірді кешегі процестің алдында ғалымның адвокаты Төленді Бексұлтанов. – Менің қорғауымдағы азамат 11 млн теңге көлемінде материалды шығын өндіріп алды. Қазір біз моральдық зиян келтіру және көптеген заңбұзушылыққа жол беріп, Мамытбековты «басшылықты жамандасаң босатамыз» деп мәжбүрлеген тергеуші Әбдраимовты қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы мәселе көтереміз. Мамытбеков турашылдығы үшін жазаға тартылды. Тергеуді жетекшілікке алған және барлық сот инстанцияларында айыптаушыларды қолдаған прокуратура қызметкерлері тиісінше жазаға тартылады. Сондықтан олардың қарсылық көрсетуі заңды.
Сот отырысында айыптаушы Марат Нұрмұхамедов бас прокурордың қарсылығын оқып берді. Қарсылықты «Қазатомөнеркәсіптің» заңгерлері қолдады. Оның кеніштерінде профессордың ашқан жаңалығы әлі қолданылып жатыр.
– «Қазатомөнеркәсіп» жәбірленуші тарап болып, прокурор қарсылығын толық қолдап, жазаға тартуды сұрайды. «Қазатомөнеркәсіптің» квази мемлекеттік сектор субъектісі екенін ескеруіңізді өтінеміз. Келтірілген зиянды мемлекетке келтірілген зиян деп есептеуге болады, – деп мәлімдеді ұлттық компания өкілі Максим Сабитов.
Үш сот жеке бөлмеге барып кеңесіп, қарсылық білдіруге жатпайтын үкімді жария етті:
– Қаулы етеміз: Мамытбековке қатысты Алматы қалалық сотының қылмыстық іс бойынша сот алқасының үкімі өзгеріссіз қалдырылсын, Бас прокурордың қарсылығы – қанағатандырылмасын. Материалдар мен Мамытбековтің жасалған қылмысқа қатысы дәлелденген жоқ, – деп қысқаша жария етті төрағалық етуші Әбдірәшид Жүкенов.
Сот залынан айыптаушылар зытып шықты, олардың артынан разы болып, кеудесін кере ғалым мен оның адвокаты шықты.
– Бас прокурордың қарсылығы келген кезде, өзегімді «елден неге кетіп қалмадым екен» деген өкініш өртеді. Ол жаққа мен жақсы өмір сүру үшін емес, зерттеуші ретінде өзімді көрсету үшін барар едім. Қалғаны мені қызықтырмайды. Ол жақта бай тұра ма, кедей тұра ма, маңыздысы – бұл емес. Әрі қарай не жоспарыңыз бар дейсіз бе? Зерттеу жұмыстарымен айналысамын, басқа қолымнан ештеңе келмейді, – деп жымиды Ғалымжан Мамытбеков. – Маған жұмыс туралы бірнеше ұсыныс түскен. Болашағыма сенімді болмағандықтан, аса құлшына қоймадым. Тек қана 1 қарашадан бастап жұмысқа қабылдандым. «Қазатомөнеркәсіптің» әртүрлі институттарынан да ұсыныс келіп жатыр. Бірақ ол жақта жұмыс істегім келмейді.
– Сіз өз потенциалыңызды Қазақстанда іске асыра аласыз ба?
– Өкінішке қарай, елімізде мүмкіндіктерімді толық аша алатыныма сенімді емеспін. Бірақ маған жұмыс істеу керек, түрмеде отырғанымда банк ипотеканы төлемегенім үшін 30 мың доллар айыппұл салды. Жер телімінің бір бөлігін көршілер алып қойды.
Тергеуге дейін ғалым өзінің 10 әзірлемесін патенттеп үлгеріпті. Мәселен, уран өндіру кезінде күкірт қышқылының шығынын 50 есеге дейін азайту формуласын жасап шығарған. Сондай-ақ бұрғылардың жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының өзіндік құнын түсіру технологиясын ойлап тапқан.
– Дәл осы әзірлемелердің арқасында «Қазатомөнеркәсіп» 2012 жылдары уран өндіру бойынша әлемде екінші орынды иемденді, – деді сот басталғалы бері көмегін аямай, қолдап келе жатқан ғалымның адвокаты.
Тоғжан ҒАНИ, фото автордікі, Нұр-Сұлтан