15 Желтоқсан 12:15
...

«Қаратабан әкім халыққа жақын болады» – Өнер иелері өткен сайлауға қандай баға берді

Фото:

Жуырда алғаш рет аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау өтті. Қанатқақты режимде басталған бұл серпіліс сайлау атаулыға деген күмәнді біраз сейілткендей болды. 

Орталық сайлау комиссиясы таратқан ақпарды алға тартсақ, облыстардың мәслихаттары аталмыш сайлауды өткізу мақсатында  42 аудан мен 3 облыстық маңызы бар қаланың тізбесін бекіткен. Елді елең еткізген бұл науқаннан өнер өкілдері қаншалықты хабардар екен?  Тілшіміз мәдениет пен шығармашылық саласында қолтаңбасы қалыптасқан біраз азаматтардың пікірін білген еді.

   Еркін Рақышев, режиссер:

«Демократияның бір көрінісі саналады...»

    – Жалпы алғанда, президенттің қолға алған бұл бастамасы өте дұрыс. Анығын айтқанда, демократияның бір көрінісі саналады. Осыған орай Конституцияға да біраз өзгерістер енгізіліп жатыр. Бірақ айтып отырған әкімдер сайлауы қаншалықты айшықты өтті? Мәселе осында. Себебі, біз осы уақытқа дейін өткен Парламент мәжілісі мен өңірлік мәслихат депутаттарын сайлауда қандай заңбұзушылықтар болғанын жақсы білеміз. Одан кейін аудан әкімдерін сайлауда халықтың пәленше пайызы қатысты деп таратқан мәліметке де өз басым сенбеймін.

Себебі, шалғайдағы ауданды қойып, Алматы мен Астанадай үлкен қалаларда өткен сайлаулардың қорытындысы бойынша «қатысты» деген тұрғындар саны шындыққа жанаспағаны белгілі. Мұның басты себебі – халықтың сайлауға деген сенімсіздігінде жатыр. Бізде «Менің дауысым ештеңе шешпейді, жоғары жақ кімді қаласа, сол әкім болады» деген түсінік қалыптасқан

. Егер сайлау атаулыны тағайындау арқылы емес, осындай ашық өткізу жалғаса берсе, халықтың сенімі арта түседі. Мәселен, әкімнің кім болары өзінің таңдауына байланысты екеніне көз жеткізген жұрт әр дауыс үшін күресетін деңгейге жетеді. Сол кезде сәйкесінше, ел таңдаған әкімнің ел үшін жұмыс жасауына тура келеді. Ал мұндай күнге жету үшін арада біраз уақыт керек. Қалай деген күнде де, бұл жолғы сайлаудың нәтижесі келесі науқанда көрініс беретін болады.

Есен Елеукен, «Қазақстан КВН Одағы» Республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің президенті:

«Сайлаудың әділ өту-өтпеуі әр адамның жеке жауапкершілігіне байланысты»

    – Аудан әкімдерін сайлау жөніндегі пилоттық жоба жайлы естіген кезде ел азаматы ретінде риза болғаным рас. Бұл бастамасы ғой, сондықтан бірден идеал сайлау өтті деуге келмес. Мысалы, ауылдасқа, руласқа, туысқа тарту деген сынды жағдайлар болуы мүмкін. Бірақ өңірдегі сайлаушылар уақыт өте келе әкімнің жұмыс жасауы өзінің дауыс беру белсенділігіне байланысты болатынын түсінеді деп сенемін.

Бірінші сайлауда қателессе, екіншіде жартылай қателік жіберіп, ал үшінші жолы адалынан жұмыс істейтін мығым маманды таңдап алады. Әлбетте осындай процестен өтеді. Өз басым осы аудандарда өткен науқанда бір өңірдің әкімі халықтың таңдауымен келсе, енді бір жердің басшысы жоғары жақтың нұсқауымен өткенін естіп қалдым.

Бұл бізде әлі сайлау мәдениетінің дұрыс қалыптаспағанын білдіреді. Яғни, халықтың бұдан бұрынғы сайлаулардан көңілі қалғанының айғағы. Сондықтан жұрт бұл жолы белсенділік танытпады. Дегенмен, сайлаудың әділ өту-өтпеуі әр адамның жеке жауапкершілігіне байланысты. Болашақта ел ішіндегі мұндай саяси науқандардан қалыс қалмауымыз керек. Өз басым сайлау атаулыға міндетті түрде  қатысуға тырысамын. Менің тарапымнан қосылған бір дауыс  ештеңені шешпесе де, азаматтық тұрғыда арым таза болады деп пайымдаймын.

    Рамазан Стамғазиев, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, дәстүрлі әнші:

«Келесі науқанда бұрынғылар төбе көрсетпесе екен»

    – Халық басшысын өзі тағайындаса одан ұтпаса, ұтылмасы анық. Себебі, ел арасынан шыққан әкімнің ауыл халқының жағдайын, оларға не қажет, не қажет емес екенін жақсы біледі. Негізі дәстүрімізде әкімді қойып, ханды да, биді де халық өзі сайлаған ғой. Бұл дала демократиясы бүгінде ауадай қажет.

Жергілікті жерден шыққан қаратабан азамат қандай жағдайда болсын ауылдастарына бар жақсыны  тартып отыратын болады.  Кезінде парламентке де депутаттар халық сайлауымен барған кезде ел қамына негізделген қаншама «шайқастар» болды. Мысалы, сонау Кеген, Ұйғыр, Нарынқол аудандарының атынан додаға түскен Серік Әбдірахмановты алайықшы. 

Қанша бастамалар көтеріп, ел мен биліктің арасына біраз қан жүгіртті. Сол сияқты билік мінберінен орын алған Шерағаң да (Шерхан Мұртаза-ред.) жамбасы жерге тигенше, елдің қамын көксеп өтті. Қазіргілер партияның атынан барған соң ләм-мим дей алмай отыр.

Кейбіреулер әкім немесе депутат болуға тиіс адам заңгер, экономика немесе қаржы маманы болуға тиіс деп пайымдайды. Бірақ парламентте отырғандардың барлығының бірдей бұл салалар бойынша алған білімі жоқ қой. Керек десеңіз, спортшы да отыр. Көтерген бастамаларының орындалғаны немесе орындалмағаны ешкімге белгісіз. Келесі сайлауда солар қайта сайланбаса екен. Онда ел жағдайының өзгеруі екіталай. Қоғамда үлкен реформа орнау үшін атқарушы билікке әділ сайлау арқылы жас буындар келу керек.

   Бекжан Тұрыс, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, актер:

«Адал сайланған әкімнің халыққа септігі тиеді»

   – Шынымды айтсам, аудан әкімдері арасында сайлау өткендігінен хабарсыз екенмін. Өйткені енді ғана шығармашылық сапардан оралып отырған жайым бар.

Егер әкім-қарасын халық өзі адалынан сайлап алса, өңір дамуына септігі тиеді деп санаймын. Тек рушылдыққа тартып кетпесе болды. Жалпы өңір халқы аудан және ауыл басшыларын өздері таңдағысы келетіні бұрыннан айтылып келе жатқан әңгіме ғой. 

Сондықтан бұл бастама жүйелі түрде жолға қойылып, жалғасын тапса игі болары анық. Тек әр адам өзінің азаматтық парызы санап, сайлау атаулыға үнемі қатысып отырса, көңілде «менің дауысымды пайладанды» деген күдік болмайды.

Бір сөзбен айтқанда, елімізде болып жатқан конституциялық өзгерістер мен реформалар демократиялық қоғамға деген талпыныс. Қазақстан да дамыған батыс елдері сияқты көштің соңынан қалмауы керек. Ал оған ашық, жариялы, әділетті сайлау өткізіп, халықтың сенімі мен үдесінен шыққанда ғана жетеміз. Сол себептен Жаңа Қазақстанға ұмтылған еліміздегі әрбір саяси қадамды маңызды бастама деп қабылдаған жөн.

Соңғы өткен аудан және ірі қала әкімдері сайлауы пилоттық жоба ретінде өтсе де, алдағы уақытта бұл үрдістің ірі мегаполис қалалары әкімін сайлауға ұласуы бек мүмкін. Ә дегеннен ештеңе бола қалмайтыны тағы бар. Өткен 30 жылдағы кемшілік пен олқылықты түзетіп, жаңа реформаларды жүзеге асырсақ, соның өзі үлкен жеңіс. Ол үшін еліміздің әрбір азаматы конституциялық құқын біліп, оны орындауға міндетті. 

Тегтер: