19 Қазан 16:26
...

«Қарапайым заттар экономикасы»: отандық білім беру саласындағы мемлекеттік қолдау

Фото:

Елдегі нақты өндірістік бағыттарды қолдауға, соның арқасында импортты алмастыруға бағытталған мемлекеттік «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы өз жемісін бере бастады.

Осының бір мысалы ретінде, Шоқан Уәлиханов атындағы жекеменшік мектептің жүріп өткен жолын қарастыруға болады. Жеке мектеп мемлекеттен нақты қолдау алып, қазір жоғары стандартпен білім беру саласында өз жұмысын дөңгелетіп отыр.

«Бұл жобаны бастамас бұрын біз қаржыландыру көздерін іздедік. Соның қамымен жүргенде, 2019 жылдың жазында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарлама туралы естідік. Бағдарлама туралы толық ақпарат алған соң, бірауыздан қатысатын болып шештік. Ондай шешім келуімізге бағдарламаның жеңіл шарттары түрткі болды. Мөлшерлемесі 6%-бен несиені 7 жыл мерзімге алдық», – дейді Шоқан Уәлиханов атындағы жекеменшік мектеп директоры Олег Пак.

Бұл бағдарламаға еліміздің 10 ірі банкі мен Аграрлық несие корпорациясы қатысады. Мемлекет кәсіпкерлердің несиесін субсидиялайды, соның арқасында кәсіп иесі ақырғы 6% жеңіл несиеге ие болады. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы 2022 жылға дейін созылған еді.

Жеке мектеп басшылығы осы 10 қаржы ұйымдарының ішінен ЦентрКредит банкін таңдаған. Олег Пактың айтуынша, субсидияланған кредит алу айтарлықтай жеңіл әрі түсінікті болды.

«Бағдарламаға қатысудың басты шарты ретінде бізге жаңа жұмыс орнын ашу керек деді. Ал біз өз кезегімізде, қазір 100-ден астам адамға мектептен жұмыс тауып бердік», – дейді Олег Пак.

Мемлекеттік қолдаудан бөлек мектеп ұжымы тынбай еңбек етудің арқасында балаларға ең озық, терең білім беруге талпынып келеді. Оның директоры мектептің негізі қаланғаннан бастап, дамудың нақты жоспарын айқындалғанын айтады. Қазір мектеп үш негізгі STEM бағытқа назар аударады.

«Мектебіміз Орталық Азиядағы ең ірі химия зертханасымен жабдықталған. Сондай-ақ, біз физика, информатика, робототехника пәндерін тереңдетіп оқытамыз», – деп түйіндейді, Олег Пак.  

Осылайша, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының арқасында білім саласындағы сәтті жобалардың бірі жүзеге асырылды. Мектеп директоры мемлекетке, бағдарлама операторы болып табылатын «Қазақстанның орнықтылық қоры» мен банк қызметкерлеріне зор алғысын білдіріп отыр.

Айта кетейік, «Қарапайым заттар экономикасының» негізгі мақсаты – халықтың сұранысына ие әлеуметтік маңызды қызметтер мен тауарлардың импортын өзіміздің өнімге алмастыру. Бағдарлама өңдеуші өнеркәсіп, агроөнеркәсіп кешені сияқты салалардағы кәсіпкерлерді қолдап, импорт тәуелділігін төмендетеді.

Тегтер: