25 Маусым 12:28
...

Қалила Омаров: Қаңтар бүлігі туралы деректі фильм түсіруге шамам жетеді

Фото:

Алашордашылар, репрессия, нәубет жылдарының шындығын ашып, тарихи оқиғаларды баяндау арқылы белгілі бір уақыттың бейнесін жасаған режиссер Қалила Омаров өмірінің қырық жылын деректі фильм түсіруге арнаған. Ол Nege тілшісінің мәдениет, өнер төңірегіндегі сауалдарына да жауап берді.

– Қалила Нематұлы, деректі фильм түсірудің флагманы өзіңіз ғой. Қазір не түсіріп жүрсіз?   

– Екі жыл болды зейнеттемін. KALILAFILM.KZ деген студиямыз бар. Ұлдарым бірге жұмыс істейді. Біз конвейерге айналдық. Біреуін жасап, екіншісіне материал жинаймыз. Қазір қолға алған фильм мынау: Рақымжан Отарбаевтың шығармасына негізделген «Мұхамед-Салық Бабажановтың өмірі мен өлімі» деген фильмді Кеңес одағы тарамаған кезде, яғни 1990 жылы түсірген едім. Сценарийін де Рақымжан Отарбаев жазып, бүкіл архивті қазып, тірілтті десем болады. Мұхамед-Салық Бабажанов – этнограф ғалым, Шоқан Уәлихановтың замандасы. Ресей патшалығының қазаққа жасаған қиянатына қарсы тұра білген азамат. Сол үшін ол құпия жағдайда өлтірілді. Өкінішке қарай, бұл кино архивтен жойылды.

– Неге?

– Өйткені, мен ерегісіп орыс тілінде ғана түсірдім. Қазақша жасасам, соны ғана көрсете береді. Мұны тек қазақтар ғана емес, осында тұратын орыстар да көруі керек қой. Тарихтың ақиқатын олар да білсін. Сөйтіп, тек қазақшасын ғана көрсетіп, орысшасын бермейді. «Неге?» деп сұрасам, «Қазақшасын беріп жатырмыз ғой» дейтін. Осылайша жаңағы фильмнің тек орысша нұсқасын жасадым. Ақыры архивтен жойылды. Сөйтіп жүргенде Рақымжан Отарбаев та өмірден өтті.

Р.Отарбаев. Фото: ғаламтордан.

Бірде Фейсбукке сол фильм туралы, оның жойылып кеткені жайында айта келіп, «Рақымжан Отарбаевтай деректі фильмнің сценарийін жазған адам көрмедім» деп жаздым. Содан жұбайы Сәуле Отарбаева хабарласып, «сол фильмді қайта түсірсеңізші» деді. «Ол замандағы дүниені қазір түсіру қалай болар екен?» деп ойлап, әзіл-шыны аралас «Ақша тауып берсең, түсіреміз ғой» дегем.

Сөйтсем, Рақаның бүкіл шығармашылығын жинап, насихаттап жүрген Сәуле бір күні «Қалеке, Ресейге барып түсіріп келіңіз» деп ақша аударып тұр. Қазақстандағы Мұхамед-Салық өмір сүрген ортаны, сосын Санкт-Петербургке барып түсіріп келдім. Қазір монтажын күтіп отырмын.

Бұл – бір. Екінші – Бөрібай батыр туралы материалды жинақтап, монтажы аяқталып қалды. Жоңғар шапқыншылығы жайында тек Қабанбай, Бөгенбай батырды тілге тиек етеміз. Жоңғарлар таудан бері өткенде кемпір-шал, бала-шағаны қорғап, жаудың басын қайтарған – Бөрібай батыр. Ұранға айналған батыр туралы мектептегі тарих оқулығында да айтылмайды.

 Деректі фильмнің көрермені кім?

– Бұрын Алашорда, басқа да ұлттық масштабтағы дүниені «Қазақфильм» АҚ тапсырысымен түсіріп жүргем. Оны бірден эфирден көрсетеді. Ал кейінгі кезде жеке тапсырыспен түсіруге көштім. Бәрін Youtube желісіндегі каналыма саламын.

– Ел руханиятына сіңірген еңбегіңіз министрлік тарапынан бағаланды ма?

– Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын 2010 жылы Мұхтар Құл-Мұхаммед министр кезінде алдым. Былтыр «Құрмет» орденімен марапатталдым. Бауыржан Момышұлы, Алашорда туралы министрліктің тапсырысымен түсірдік. 1990 жылы Мағжан туралы түсіргенде он бес шақты адамнан сұхбат алдым. Оның бәрі көзін көрген, жанында жүріп, оның өмірлік сәтіне куә болған адамдар.

Сол кезде жазушы Сәкен Жүнісовпен ерегісіп қалдым. Ол «мені түсір» дейді. «Сіз Мағжан атылып кеткен кезде өмірге келдіңіз. Не айтасыз? Егер айтқыш болсаңыз, қолыңызда қаламыңыз бар, жазушысыз, жаза беріңіз. Одан да Уфада Мағжанмен бірге медреседе оқыған досы, көзін көрген келіні бар, соларды түсіруім керек», – дедім.

Ол кезде Мағжанның қызы Зылиха бар, Міржақыптың қызы Гүлнәр бар. Маған министрлік жарты сағат берген, бірақ 1 сағат 10 минут болды. Анау-мынау бастықтарды да тыңдамаймын ғой. «Неге шал-кемпірді жинай бергенсің?», – деді. «Оның құндылығын кейін көресіңер ғой» дедім.

2020 жылы бір режиссер «Мағжан туралы пьеса жазбақшы едім» деп хабарласты. «Сіздің деректі фильмді неше рет көріп, соның арқасында пьеса жаздым» деп алғысын айтты. Менің мақсатым – ұлттық мүдде тұрғысынан халықтың жадын сақтап қалу. Оны керек еткен адам ғана түсінеді. Мен осы миссияны орындап жүрген адаммын.

 Соңғы жылдары министрлік кино саласына көп қаржы бөлді. Жұрт көретін фильмдер түсіріліп жатыр ма?

– «Көш жүре түзеледі» дейді. Орыстар, түріктер тарихи фильмдерді керемет түсіреді. Осы кезге дейін солардың жанында ұтылып жүрдік. Қазір жастар шықты. Ал өзім білетін тақырыпта түсірілгендерге сыни көзбен қараймын. Ең болмаса сол кездің саяси ахуалын дәл беріңдер деп айтамын. Мысалы, «Алашты түсіргенде оларға күн көрсетпеген қызыл большевиктердің позициясын ашық көрсетіңдер» деймін. Бұл тарихқа деген обьективті көзқарасты білдіреді.

Бірде маған бір жігіт хабарласады. Менің тақырыбымды тендерден ұтып алыпты. Сөйтіп, бірнеше миллион ақшаны алған. Ақыл айтқыштар «осы кісіні шақырып, басына қойып қой» деген. Маған келіп: «Сізге осынша теңге берем, маған көмектесіңіз», – деді. Содан «Қанша ақша алдың? Соның бәрін алып кел. 10 пайызын саған қайтарып берем. Қалғанына фильмді зерттеп, түсірем» десем, «Онда мен қандай пайда көремін?» деп тұр. «Онда бара ғой!» деп ұрсып жібердім.

Киноның маңайында ақша көп. Бұл сонау «Көшпенділер» фильмінен бері келе жатыр. «Көшпенділерге» бөлінген ақшаға кез келген елдің режиссерлері шедевр түсірер еді. Нәйеті өзбек пен қырғыздың өзі қандай фильм жасар еді! Бізде тек ақша жеу.

– Ақан Сатаевтың «Ұлы дала таңы» да «Көшпенділердің» о жақ, бұ жағы деп жатыр еді...

– Білмеймін. Бұл фильмді көрмедім. Көрмеген фильм туралы ештеңе айтпай-ақ қояйыншы. Әлия Назарбаева оған «Томиристі» түсірткізді. Бірталай фильм түсіріп тастағаны рас. Бірақ бұл жерде бәрі асығыс, үстірт.

Қазақ киносының тәжі – Сұлтанахмет Қожықов түсірген «Қыз Жібек» фильмінің бір құпиясын білдім. Қожықовтың Құлахмет деген суретші ағасы болған. Ол жиырма жыл бойы фильмнің костюмін, эскизін жасаған екен. Кейін сценарийді киноға лайықтап Ғабит Мүсіреповке жаздыртады. 17 жастағы Қыз Жібектің образына 25 жастағы Рая Мұхамедиярованы алып келеді.

Ол жас қыз емес қой. Қысқасы, соны түсірткісі келеді. Оған Сұлтанахмет пен Құлахмет қарсы шығады. Ақырында Құлахмет «Не істесеңдер, өздерің біліңдер» деп қолын бір сілтеп кетіп қалады. Сөйтіп, дауласа келе басты рөлге Меруерт Өтекешованы түсіреді. Кинода тарихи және көркемдік шындық арасында осындай конфликттер болады. Соның арқасында «Қыз Жібек» 22 елде сатылды.

Фильмнің шедевр болып шығуына режиссер Сұлтанахмет Қожықовтан гөрі туған ағасы Құлахметтің еңбегі жатыр.

– Қай министрдің кезінде деректі фильмге оң қабақ танытты?

 – Алғашқы киноларым Ғаділбек Шалахметовтің кезінде түсірілді. Ашаршылық туралы, ақын Тәушенді, Мағжанды түсірдім. Одан кейін Сағат Әшімбаев, Шерхан Мұртаза бетімнен қаққан жоқ. Көздерін шұқып айтпай-ақ қояйын, кейінгі министрлер майдаланып кетті. Басын алып қашты.

 – Қаралы қаңтар туралы деректі фильм түсіргіңіз келмей ме?

– Қаңтар бүлігі туралы ұсыныс түссе түсіремін. Оны да ашық айтуға шамам келеді. Билік әлі өзі аяғына жете алмай жатыр ғой. Бұл ашылуы керек, онсыз ертеңгі күніміз қараңғы. Неге екенін білмеймін, деректі фильмде қазаққа жасаған қиянатты көрсетсең ойбайлап шығады. Біз өзімізді алдауымыз мүмкін, бірақ халықты алдай алмайсың.

–​ Кеше алаңға шыққанның дені – жастар. Бәрі тәуелсіз ел тәрбиелеген ұрпақ. Мұның соңы Конституцияға өзгеріс енгізу үшін референдум өткізуге алып келді.

– Қаңтар бүлігі – 30 жылғы жүйенің сахнадан түскісі келмей жасаған тірлігі. 30 жыл бойы билік Алтынбек, Заманбек сияқты азаматтардың көзін құртты да, қалғанымызды момақан етті. Қазан қайнағанда таситыны сияқты оқиға.

«Қазақ жастары дәстүрлі ислам дәстүрінен неге жеріді?» деген циклді хабар түсірдім. Біздің қоғамға сыртқы радикал күштердің қалай келгені, рухани майданның кескін-келбетін ашуға тырыстым. Ақыры мұны да жауып тастады.

Сырттан елдегі сәлафит ағымына қырғын ақша бөлінген. Түркия президенті Режеп Ердоғанның Біләл деген баласы солардың тікелей комиссиары. Сирия мен ИГИЛ соғысқан кезде бүкіл мұнайын Түркия арқылы шығарып, байыды. Сәлафиттерге де қаржы құйды. Біздегі сәлафиттердің шалқып жүруі сол. Меккеге жастарды қажылық сапарға апарып, айтыс ақындарының басын айналдырды.

Тәуелсіздік жарияланып, Қазақстанның Конституциясын академик Салық Зиманов бастаған ғалымдар жасады. 2003 жылы сол кісіге барып сұхбат алдым. Алдында Ата заң, елтаңба тұр. Мына жағында көзі байланған, таразы ұстаған әйел бейнесіндегі символ тұр. Атриубуттарды көрсетіп: «Айтыңызшы, Ата заң қалай жасалды?», – дедім. Маған «камераны сөндір» деді. Батареясына дейін алғызды. Сөйтті де: «Қалила, 1991 жылы егемендік алдық, 1992 жылы ата-бабамыздан қалған жердің астындағы, үстіндегі байлықты қазақтың өзі иелік ететіндей, бұйыратындай етіп Конституция жасап бердім. Ал мына билік не істеді? Әр жерін сүрте-сүрте шұрқ-тесік қылды», – деді. «Соның бәрін камераға айтып беріңізші» деп едім, «Тыныш ұйқтағың келе ме? Ұйықтай бер. Сен киноңды түсіріп жүре берші», – деді. «Аға, тарихтың көкесі осы ғой» деп одан кейін де үш рет бардым. Айтпады. Кейін білдім, Конституция 39 рет өзгеріпті.

– Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі жайында жанайқайыңызды жазыпсыз...

– 1990 жылы Мағжан туралы деректі фильм түсіру үшін бардым. Бір бөлмені ашып қалсам, іші тола сүйек. Сөйтсем, батырлардың сүйегі екен. Музей қызметкері «Бізге министрлік далаға шығарып тастаңдар деген, соған айтысып жатырмыз» деген еді.

Тағы бір сұмдық жайт, ЮНЕСКО қарауындағы архитектуралық ескерткіш, киелі аруақтар жерленген кесенеге су тисе, не болады? Оның айналасына суармалы газон егіп, көгалдандырамыз дегені қай сасқаны? 600 жыл тұрған ғимарат 6 жылға шыдай ма, жоқ па? Күмәнім бар. 

– Сұхбатыңызға рахмет!

Тегтер: