8 Қаңтар 19:30

Иран мен инфляция. Бұл жолы да сыртқы күштерге жалтақтаймыз ба?

Фото:

2019 жылдың қортындысы бойынша инфляция 5,4 пайызға жетті. Осылай болғанымен, Ұлттық банк өзі межелеген 4-6 дәлізі аясынан аспағаны рас. Бірақ инфляцияны ауыздықтауға Ұлттық банк емес, Бас прокуратура әсер еткені қызық болды.

Жылдық инфляция 5,4 пайыз бола тұра, азық-түлік тауарларының құнсыздануы 9,5%-дан, ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясы 5 пайыздан асып кеткен. Әсіресе, азық-түлік толассыз қымбаттауда. Бірақ өткен жылдағы инфляция Ұлттық банк жоспарлаған межеден аспады. Сарапшылар мұның себебін Бас прокуратурамен байланыстырады. Естеріңізде болса, 2018 жылы сол тұстағы бас прокурор Қайрат Қожамжаров бастама көтеріп, Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен монополистерге коммуналды қызмет ақысын төмендету туралы тапсырма берілген болатын. Сол себепті, инфляция нарық заңымен емес, жасанды түрде ауыздықталды. "Бас прокуратураның жоқ жерден килігуі тепе-теңдікті бұзды және оның зардабын еліміз 2020 жылы шегеді" дейді сарапшылар.

2018 жылғы Қауіпсіздік кеңесінің тарихи отырысы. Бас прокурордың монополистер мен тарифтер бойынша баяндаған кезі. Фото: Akorda.kz

Экономист, Tengenоmika каналының авторы Олжас Тілеуовтың айтуынша, қаңтар-ақпанда дәстүрлі түрде өсіп тұратын тарифтерді биыл ауыздықтауға болмайды. Сондықтан бұл өсім жалпы инфляцияға қосымша 0,4-0,8 пайыз қосуы мүмкін. Нәтижесінде, 2020 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстандағы инфляция 6% -дан жоғары болуы ғажап емес. Әрине, бұл өз кезегінде Ұлттық банк күтіп отырған инфляцияның 4-6% деңгейіндегі оптимистік болжамынан әлдеқайда алшақ жататын көрініс.

«2019 жылдың қорытындылары бойынша, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің ішінде Қазақстан, тіпті, тұрғын үй-коммуналдық қызметтер тарифтерінің директивалық төмендетілуін ескере отырып, ең жоғары инфляциясы бар ел болып шықты (5,4%). Мәселен, Ресейде өткен жылы инфляция деңгейі 3%, Қырғызстанда - 2,8%, Арменияда - 1% болды. Тіпті инфляциясы жоғары деген Беларусьтің өзі инфляция бағамын 5 пайыздан асырмаған».

"Іс жүзінде инфляция Ұлттық банк белгілеген дәлізде қалды және бұл әлдекімдерге жақсы жаңалық болып көрінер. Бірақ, астарына үңілсеңіз, бөркімізді аспанға ататындай себептің жоқтығын байқайсыз" дейді Nege.kz тілшісіне түсініктеме берген Exante сарапшысы Андрей Чеботарев.

«Статистика комитетінің мәліметінше, 2018 жылғы желтоқсаннан 2019 жылғы желтоқсанға дейін республикада азық-түлік 9,6%, азық-түлік емес тауарлар 5%, ақылы қызметтер 0,7%-ға қымбаттады. Азық-түлік тауарларының ішінде дәнді дақылдар (25,3%), ұн (27,3%), күріш (21,6%), нан (16%), ет (13,2%) және жұмыртқа (11%) бағалары қатты өскен. Инфляцияның аталған дәлізде сақталуын тұрғын үй-коммуналдық қызметтер тарифтерінің төмендеуі қамтамасыз етті. Биыл көріп отырғанымыздай, қымбаттауға еш кедергі жоқ. Осы жылдың басында бензин акцизінің 2,5 есе өсуін ескерсек, инфляцияны ауыздықтау одан да қиын болады дейді» Андрей Чеботарев.

2020 – инфляция жылы ма?

Ішкі резервтің жоқтығынан Ұлттық Банктің жоспарын тек сыртқы фактор ғана құтқара алады. Ол – мұнай бағасы. АҚШ пен Иран арасындағы жағдай шиеленісіп, Таяу Шығыста тұрақсыздық күшейе түссе, мұнайдың қымбаттайтыны анық. Теңге күшейіп, инфляцияны бәсеңдетуге мүмкіндік ашылады. Тек сарапшылардың кейбірі Ұлттық банк "ақша басатын станокты іске қоса ма" деп қауіптеніп отыр. Ал ақша массасы көбейсе, инфляцияның соған сәйкес өсетінін экономика факультетінің кез-келген студентіне дейін жақсы біледі. Nege.kz авторларының пікірінше, биылғы инфляция деңгейін 4-6 пайыз дәлізге сыйғызу Ұлттық банкке де, Үкіметке де оңай соқпайды. Сондықтан, 2018 жылғыдай нарық заңына мүлдем кереғар, қолдан жасалған экономикалық құбылыстардың куәсі болуымыз ғажап емес.

Тегтер: