Интернеттегі діни білімнің дұрыс және бұрыс тұсы

Қоғамда діни экстремизмнің алдын алу мәселесі әлі өзекті. Соңғы жылдары дін төңірегінде дау-дамай мен пікірталасқа жиі куә болып келеміз.
Осы салада жүрген мамандардың пікіріне құлақ түрсек, бұған мемлекеттің қадағалауының аз болуы себеп. Қайбір жылдары «Балапан – басына, тұрымтай – тұсына» кеткен уақытта шекараны қымтаудың орнына жан-жақты айқара ашып тастаған едік. Сол кезде басқа елден ентелей кірген жат ағымдар шама-шарқынша әдебиетін насихаттап, талай жастың санасын улап үлгерді. Содан бері діни салада етек-жеңімізді жыю, жат ағымдардың жолын кесу қиынға соғып келгені жасырын емес.
Жат ағымдар неге жастарды иектеуге құмар? Жастар – әр елдің сенім артқан болашағы. Бұғанағы енді ғана бекіп келе жатқан жастың кез келген дүниеге қызығушылығы басым, сенгіш болады. Оның үстіне қазіргі заманның жастары сәл нәрсеге ренжігіш, қылт етпе екенін ескерсек, осындай сәтті ұтымды пайдаланып кететін арнайы діни топтар бар. Бүгінгі адамдардың дерті – стресс пен депрессияға ұшырағанын да өз мақсатына қолданатын экстремистік ағымдардың қызметіне тосқауыл қою қаншалықты қиын?
Дінтанушы-ғалым Досай Кенжетайдың пікірінше, қазір қоғам дінді саясиландырып жіберді. «Ол кәдімгі жат ағымдар – экстремистік, террористік ұйымдар. Осылайша, дінді қолдан жаһандық тұрғыдан саясатқа ықпал етуші құрал ретінде пайдалануға көшті. Жат пиғылды ағымдар халықтың ықылым заманнан келе жатқан рухани мұрасын, мәдениетін теріске шығаруға құштар. Тіпті, олардың өзі әртүрлі топқа бөлініп, қоғамды ішінен іріткісі келеді. Мұның аяғы неге әкелді? Жалпақ жұртқа белгілі, саяси жаһандық жобаға айналған Сирияға да елімізден үш мыңдай адам аттанған болатын. Себеп – біз әлгіндей саяси топтардың мүддесін қорғап, қарапайым адамдарды солардың жетегіне ергізгендермен дер кезінде күреспедік. Бір сөзбен айтқанда, бетімен жібердік. Бәлкім, бұл еліміздің діни мәселеге келгенде салғырт қарап, қателікке жол бергенімізден туындады.
Алайда, еліміз оттың ортасында қалған азаматтарға қолұшын созып, елге алып келуге күш салды. «Жаздым, жаңылдым» деген олар өмірін қайта бастады десек артық айтқандық емес. Дегенмен, адасушылықпен қиындық көрген ел азаматтарын қоғамға бейімдеп, олардың балаларын ақпараттандырып, толыққанды білім беру абзал», – дейді дінтанушы.
Бұрын – діни кітаптар, қазір – интернет
Сонау тәуелсіздік алған жылдары жат ағым өкілдері үй-үйді аралап, үгіт-насихатын кітаптарын тарату арқылы жүргізетін. Ал бүгінде жаяу-жалпы жүретін ешкім жоқ. Есесіне, олар интернет кеңістіктегі әлеуметтік желілерді ұтымды пайдалануға көшкен.
Дін істері комитеті мұндай парақшаларға мониторинг жүргізіп, жолын кес-кестегенмен дамыл табар емес. Біреуін жапса, екіншісін ашып, жұмысын тоқтатпауға тырысады. Ал «Олардың жетегіне кім ереді?» десеңіз, тағы да өмірдің оңы мен солын ажырата білмейтін, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенінің байыбына бара бермейтін жастар мен жасөспірімдерді қармағына түсіреді. Себебі, елдің болашағы – жастар. Егер олар сондай жат пиғылдылардың соңынан еріп кете берсе, мемлекеттің тізгінін кімдер ұстайды?
Бүгінде ғаламтордың шырмауына байланбаған адам кемде-кем. Заман ағымына сай, интернет бізбен біте қайнасып кетті. Оған дәлел – 20 млн халықтың 14 миллионнан астамы, яғни халықтың 78 пайызы әлеуметтік желілерден парақша ашып, тіркелген.
Сәйкесінше, мұнда психологиялық, діни ақпараттан көз сүрінеді. Әрине, таным-көкжиекті арттырған жақсы. Бұл жағынан қазір ғаламтор халықты жедел-ғабыл ақпараттандырып отыр. Ал интернет арқылы діни білім алу, діни сауаттылықты арттыру – дұрыс шешім емес. Себебі, басқасын айтпағанда діни контенттерді қарағанда толассыз ақпараттың анықтығын тексеру маңызды. Егер жалған дерекке кезігіп, соңында адасушылыққа тап болсаңыз, ертең бәрі кеш болуы мүмкін. Мұндайда күмән тудыратын сайттар мен парақшаға кірместен, дереу бұғаттап тастаған жөн. Интернеттің мол мүмкіндігін тиімді пайдаланып отырған жат ағымдар діни білім емес, теріс идеологиясын сіңіруге тырысады. Сол себептен діни-рухани білімді интернет арқылы емес, талай жылдан бері осы салада тәжірибесі мен біліктілігі бар маманнан алған абзал.
Деструктивті діни ағымдарды қалай тез тануға және қалай сақтануға болады?
Бірінші, әр азамат желіге тіркелген кезде жеке ақпаратты бәріне қолжетімді етпеуі тиіс.
Екінші, ресми емес интернет сайттары, ресурстарынан діни тақырыпта мәлімет іздемеу қажет.
Үшінші, дін саласы төңірегінде мәлімет жиі тарататын бейтаныс қолданушыларды бұғаттаңыз.
Төртінші, бәзбіреуге еріп күдік тудыратын ақпараттарды басқа біреуге жіберуден және желіге жариялаудан аулақ болыңызү
Бесінші, кез келген дүниеге сыни ойлау тұрғысынан қараңыз.
Қазақстанның тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп, қатер төндіретін, радикалды топтардың сойылын соғатын экстремизмдік мен террорлық әрекеттер түрлі ағымдар арқылы жасалады. Тіпті, бұл соңғы жылдары саяси-әлеуметтік мәселеге айналды. Оған қарсы күрес жүргізетін «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң болса да, қауқары жетер емес.
Сондықтан әр адам діни ағымның арбауына түсіп қалмас үшін өзіне сыни көзқараспен қарауы керек.
Балғабек Мырзаев, «Исламдық зерттеулер орталығы» қоғамдық қорының атқарушы директоры, дінтанушы:

– Діни экстремизм мен радикализм мәселесі қоғамдағы өзектілігін жоймайтын маңызды мәселе деп санаймын. Әлбетте қазіргі уақытта тиісті мемлекеттік органдар және қоғамдық институттар тиісті деңгейде көп жұмыстар жасады. Атап айтқанда, радикалды және экстремистік көзқарастағы тұлғаларды анықтап олардың саны мен аты жөндерін анықтады. Олардың осы жолға түсу себептерін талдап анықтады. Теологтар, дінтанушылар, исламтанушылар, социологтар, психологтар осы жұмыстарға тартылып, белгілі бір деңгейде оңалту жұмыстарын жүргізу тәсілдері зерттеліп, әдістемелік құралдар дайындалды. Осы жұмыстар және қабылданған заңнамалар мен регламенттер нәтижесінде экстремистік және радикалды көзқарастағы азаматтардың біразы райларынан қайтарылып дәстүрлі ортаға бейімделді. Бір бөлігі де заңнан қорқып өздерің көзқарастарын жасырып жүргені де белгілі.
Осы өздерінің көзқарасын жасырып жүргендерге ерекше назар аудару керек, оларды көзден таса қылмау керек. Өйткені олар тағы да біраз жылдан кейін, өздерін ұмытып кеткен жағдайды күтіп отырады және қолайлы жағдай туындаған сәтте өздерінің пиғылдарын жүзеге асыру үшін тағы да әрекеттенеді.
Сонымен қатар, оларды арандатадын сыртқы күштер ешуақытта тыныш жатпайтынын есепке алатын болсақ радикалдар мен экстремистер кез келген сәтте қаулап шыға келуі әбден мүмкін. Қазақстанның ұстанып отырған бейбітшілік саясаты, біздің рухани және мәдени байлығымыз ниеті жаман сыртқы күштердің ұйқысын қашырып, мазасыз кетіріп жатыр. Кең байтақ жеріміз, алуан түрлі жер асты байлығымызға ие болуды мақсат тұтқан арам пиғылды күштер ел ішінде іріткі тудыру үшін қолдарынан келгеннің бәрін жасауға дайын.
Сол үшін елдің ішінен өздеріне ыңғайлы азаматтарды таңдап, оларды өздерінің қатарына бейімдеу жұмыстарымен айналысады. Тағы да бір мәселе, діндарларды жаман қылып көрсету үшін әлеуметтік желілерде өздерін мұсылманның келбетіне айналдырып, діндар ретінде көрініп экстремистік пікірлерді тықпыштар, билікпен шағыстырушылар да осыған себеп болуда.
Осындай көріністер болып жатқанының өзі әлі де дінді радикалды және экстремистік мақсатта пайдалануды көздейтіндердің бар екенін көрсетеді. Түрік ағайындардың «Су ұйықтайды, бірақ дұшпан ұйықтамайды» деген жақсы бір мәтелі бар. Бізде де «Жау жоқ деме, жар астында» деп айтып жатады. Бүгінгі күні радикалды және экстремистік пікірлерді насихаттау үшін сан алуан заманауи технология пайдаланылуда. Мемлекет де өз тарапынан осыладың алдын алу үшін өзінің сақтық шараларын қабылдап, дер кезінде тойтарыс беріп отыруы үшін радикализм мен экстремизмге қарсы күресетін мамандар тобының біліктілігін ұдайы жетілдіріп отыратын шараларды жүргізіп отыруы қажет.