15 Сәуір 09:49
...

Инфляцияның құлағы қылтиып қалды

Фото:

Карантин енгізілгелі бері бағаның жорға жүріспен-ақ біраз «белесті бағындырып» тастағаны жайлы Nege.kz порталы бірнеше мәрте мәселе қозғаған. Осы уақытқа дейін билік өкілдері: «Бәрі жақсы, баға тұрақты. Өсімге негіз жоқ. Бәрін бақылауда ұстап отырмыз. Кейбір «оңбаған» кәсіпкерлер ғой бәрін бүлдіріп отырған», – деп ауыздарын қу шөппен сүртіп келген. Шындықты айтуға Ұлттық банктің төрағасы Ерболат Досаевтың ғана батылы барған секілді. Ол кеше үкімет отырысында елімізде азық-түліктің қымбаттап, бағаның аспанға ұшып кеткенін ресми түрде мойындады.

Досаевтың дерегінше, азық-түлік тауарлары бағасының өсімі 9,3 пайызға дейін артқан. Мұндай құбылыс көкөніс бағасының маусымдық өсімімен бірге, карантинге байланысты туындаған бей-берекет сұраныс та әсер еткен.

Е.Досаев

Мәселен, наурыз айында қант – 8,5, көкөніс және жемістер – 5,1, қарақұмық 2,5 пайызға қымбаттаған. Нәтижесінде азық-түлік тауарларына қатысты айлық инфляция наурыз айында 1,7 пайыз болып, 2017 жылдан бастап есептегенде, ең жоғарғы мәнге ие болды.

«Мемлекет бағаны күшпен ұстап тұруға әрекет жасап жатыр. Нақты шек қойылды. Бұл да өз әсерін тигізеді. Баға қатты шарықтамайтын болады. Бірақ бұл – қысқа мерзімге арналған құрал. Ұзақ мерзімге жарамайды. Ұзақ уақыт мемлекет бағаны күшпен ұстап тұра алмайды. Баға ұзақ уақыт тұрақты болуы үшін өндірістің нақты секторлары жұмыс істеуі керек», – дейді экономист Мақсат Халық.

Сарапшы оңтүстік диқандарының жағдайы үкіметтің назарынан тыс қалып отырғанын айтады. Рас, бұрын бәрін нарықтың өзі реттеп келген. Егістік басына КамАЗ-дар келіп, тиеп әкететін. Бұлар көбіне жақын шетелдерге сатылатын. Шекаралар жабылған соң, диқандар өсірген өнімдерін қайда өткізерін білмей дал болып отыр.

«Нақты тетіктері жолға қойылмаған. Үкімет бәрін қатырамыз деп құр уәде бермеуі керек. Бір жерлерде тапшылық білініп, баға қымбаттап жатыр. Ал шаруалар өнімін қайда сатарын білмей қиналуда. Мемлекет араласып, тез арада шаруалардың өнімдерін өткізу тетіктерін қарастыруы керек», – дейді сарапшы.

Досаевтің сөзіне қарағанда, азық-түлікке жатпайтын тауардың бағасы да 5,5 пайызға өскен.

«Төленетін қызмет бағасының өсімі 3,5 пайызға дейін артып кетті. Көлік, байланыс және ТКШ-ның кейбір қызметінің тарифтері көтерілді», – деп мәлімдеді Досаев үкімет отырысында.

Әлемдік қаржы нарығындағы өтімділік карантиндік шаралардың кесірінен әлемдік экономикада рецессия тудыруы мүмкін. Мұндай жағымсыз перспектива мұнай бағасы құлдырап кеткен шақта біздің елімізге жаңа экономикалық жағдай мен тәуекелдер тудырады.

«Мемлекет басшысының бастамасымен дағдарысқа қарсы шаралар қабылданып отыр. Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 9,5 пайызға түсірді. Жоғары базалық мөлшерлеме экономикалық белсенділікті шектейді. Басқа да дағдарысқа қарсы шаралармен бірге, бұл іскерлік белсенділікті қолдау болып, экономиканы қаржыландыруға ықпал ететін болады», – деді Ұлттық банк төрағасы.

Осы шаралар қаншалықты тиімді? Экономикаға жан бітіруге қауқарлы ма? Орындалу барысында қандай кедергілер болуы мүмкін? Бұл сауалдар ел экономистерін де мазалап отыр.

«Өндірістің нақты секторлары дамитын болса, импортты алмастыратын тауарлар өзімізде өндірілсе, сонда ғана бағаның тұрақтылығына қол жеткіземіз. Дағдарысқа қарсы бағдарламаларда осыған қатты көңіл бөлініп жатыр. Кәсіпкерлікке 1 трлн. теңге бөлінбек. Төмен пайыздармен несиелендірмек. Бұл белгілі бір дәрежеде оңтайлы әрекет болып саналады. Бірақ мәселе – оның орындалуында», –  дейді Мақсат Халық.

Сарапшының пікірінше, кәсіпкерлердің қолына бұл қаржыны жеткізу қиын болып тұр. Қаражат кәсіпкерлерге банк арқылы беріледі. Бірақ банктер ақшаны өз қалтасынан беретіндей қиын талаптар қойып жатыр. Кепіл қоюды міндеттеп, капитал айналымы сұралады. Аталған шарттарды орындау қазіргі таңда қиынның қиыны. Кәсіпкерлердің бұл талаптардың үдесінен шығуы екіталай. 

«Карантин жағдайында кәсіпкерлер шаруасын дөңгелетіп, кәсібін ұстап тұра алмайды. Көбі банкротқа ұшырап кетуі мүмкін. Экономикалық белсенділік төмендеп жатыр», – дейді сарапшы.

Бүгінгі таңда бассыз кеткен баға мәселесі – мұзтаудың су бетіндегі көрініп тұрған бөлігі ғана. Оның астынғы бөлігінде пандемияның кесірінен тұралаған кәсіпкерлік, өндірістің шектелуі, мұнай бағасының түсуі, теңгенің құнсыздануы тұр. Сарапшылардың сөзіне сенсек, қалыптасқан ахуалдан ірі инфляцияның құлағы қылтиып көрініп келеді.

«Тауар мен ақша массасы арасында теңдік болуы керек. Қазір кредиттер тоқтап, өндіріс көлемі шектеліп тұрғаны құпия емес. Бірақ ақша массасы көбейіп жатыр. Ұлттық қордан қаншама трансферт аударылды. Ұлттық банк тағы да ақша басып шығаруы мүмкін. Бұл – инфляцияға әкеп соғады. Үкіметтің мұны ерте ме, кеш пе, бәрібір мойындауына тура келеді. Басты мәселе – бөлінген қаражат экономикадағы белсенділікті артыра ала ма? Бұл – үлкен мәселе», – дейді Мақсат Халық.

Тегтер: