3 Желтоқсан 16:13
...

Ғылыми конференциялар – Түркістанның тарихи және мәдени мұрасын зерттеудегі жаңа мүмкіндіктер

Жиын
Фото: pixabay.com

Аймақтар мен өңірлерде ғылым қалай дамиды? Қандай іс-шаралар ұйымдастырылуы керек? Олардың ғылым мен білімге маңызы қандай? Иә, дәл осындай сұрақтар кімді де болсын ойландырары анық. Ғылыми іс-шаралар, бұл тек білім мен ғылымды дамыту үшін ғана емес, сондай-ақ аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына да үлкен үлес қосатын шара. Ғылыми конференциялар, семинар, тренингтар өзара тәжірибе алмасу, жаңа зерттеулер мен идеяларды насихаттау үшін маңызды алаң болып табылады. Олар ғылыми қауымдастықты біріктіріп, жаңа жобалар мен ынтымақтастықтарды дамытуға жол ашады.

Күні бүгінге дейін Түркістан облысында да түрлі ғылыми конференциялар, семинарлар, талқылау ұйымдастырылып келеді. Олардың ұйымдастырылуы бірнеше маңызды себептерге байланысты ерекше маңызға ие.

Біріншіден, бұл аймақтың тарихи және мәдени мұрасын зерттеу арқылы оны әлемдік қауымдастыққа танытуға мүмкіндік береді. Түркістан, ежелден мәдениет пен білімнің орталығы болып табылғандықтан, мұнда ұйымдастырылатын конференциялар аймақтың тарихи ерекшеліктері мен ғылыми әлеуетін арттыруға ықпал етеді. Бұл өз кезегінде ғылыми зерттеулер мен инновациялардың дамуына, ғылыми мекемелердің беделін көтеруге әсер етеді. Сонымен қатар, аймақтағы ғылыми конференциялар ғылыми әлеуетті дамыту үшін қажетті алаңдарды құрып, жаңа бастамаларды қолдауға мүмкіндік береді. Түркістан облысында өтетін шаралар жергілікті ғылыми мекемелер мен зерттеу институттарының белсенділігін арттырады, олар өз зерттеулерін халықаралық деңгейде танытуға мүмкіндік алады. Бұл, өз кезегінде, аймақтың ғылыми инфрақұрылымын нығайтуға, зерттеу саласындағы сапаны арттыруға әсер етеді. Үшіншіден, конференциялар аймақтағы жастар мен ғалымдар үшін білім мен тәжірибе алмасу мүмкіндігін туғызады. Шетелдік және жергілікті ғалымдардың қатысуы арқылы ғылыми жетістіктер мен зерттеулердің жаңа бағыттары жайлы ақпарат алу, студенттер мен жас мамандардың ғылыми жұмыстарға деген қызығушылығын арттырады. Сонымен қатар, ғылыми жиындар мен талқылаулар аймақтағы университеттер мен ғылыми ұйымдардың бірігуіне және оларды заманауи талаптарға сай дамытуға ықпал етеді.

Мұндай шаралар ғылымның тек теориялық саласын ғана емес, практикада қолданылатын жаңа технологияларды да зерттеп, енгізу процесін жылдамдатады. Түркістан облысында ұйымдастырылатын ғылыми конференциялар аймақтық ғылымның халықаралық деңгейде мойындалуына және оның жаһандық ғылыми процестерге қосқан үлесіне ықпал етеді. Тіпті, аймақтың мәдени мұрасын зерттеуге бағытталған ғылыми жобалар мен зерттеулердің дамуы жергілікті халықтың тарихқа деген қызығушылығын арттырып, жалпы білім мен ғылымды тануға жаңаша көзқарас қалыптастырады.

Түркістан облысында ғылыми конференциялардың ұйымдастырылуы – аймақтың тарихи-мәдени мұрасын халықаралық деңгейде танытып, оның ғылыми және рухани әлеуетін айшықтайтын маңызды қадам. Бұл өлке – түркі әлемінің рухани орталығы, ежелден білім мен мәдениет бесігі болған қасиетті мекен. Түркістан қаласының тарихи маңыздылығы, оның Еуразия өркениетіндегі ерекше орны, ғылыми зерттеулер мен пікірталастар үшін таптырмас алаң ретінде көрініс табуда.

Соңғы жылдары Түркістан облысы халықаралық деңгейдегі маңызды іс-шараларды ұйымдастырып, жаһандық ғылыми қауымдастықты өзіне тартатын орталыққа айналып келеді. Мұндай жиындардың тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл түркі әлемі үшін маңызы зор. Облыс әкімдігі мен жетекші жоғары оқу орындарының тығыз ынтымақтастығы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауы бұл бастамалардың табысты жүзеге асуына негіз болуда.

Мысалға, биыл сәуір айында Түркістанда өткен «Алтын Орда және оның мұрасы» халықаралық конференциясы – Қазақстанның ғылыми қауымдастығы мен шетелдік ғалымдар арасында маңызды диалог алаңы болды. Бұл шара Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Түркістан облысының әкімдігі, сондай-ақ Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ұйымдастыруымен өткізілді. Конференцияда Алтын Орданың тарихи маңыздылығы мен мәдени мұрасы жан-жақты талқыланып, көптеген жаңа зерттеулердің нәтижелері ортаға салынды. Іс-шараға Қазақстан, Түркия, Ресей, Қытай, Әзербайжан, Өзбекстан және басқа елдердің жетекші ғалымдары мен сарапшылары қатысты. Олар көшпелі және отырықшы өркениеттердің өзара байланысы, Алтын Орданың саяси және мәдени рөлі туралы тың ғылыми деректер ұсынды. Конференция аясында ұйымдастырылған «Алтын Орда» атты кітап және сурет көрмесі, сондай-ақ Түркістанның тарихы туралы бейнеролик қонақтар назарына ұсынылды.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек конференцияның ашылу рәсімінде сөз сөйлеп, шараның маңыздылығына тоқталды және Қазақстан Президентінің құттықтау хатын оқыды. Президент хатында Алтын Орданың Еуразиядағы мемлекеттіліктің үлгісі болғаны және оның Қазақстан үшін тарихи мұра ретіндегі маңызы айрықша атап өтілді. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы конференция қатысушыларына алғысын білдіріп, Түркістанның тарихи әрі мәдени орталық ретінде рөлін нығайтуда мұндай іс-шаралардың маңыздылығын атап өтті. Облыс әкімдігінің қолдауымен аймақ халықаралық деңгейдегі маңызды ғылыми жиындарды өткізетін алаңға айналып отырғаны баса айтылды. Конференция барысында Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова да сөз сөйлеп, Алтын Орда мұрасын зерттеудің жаңа қырларын ашатын ғылыми жұмыстардың маңызын атап өтті. Университет бұл бағыттағы ғылыми-зерттеу қызметінің орталығы ретінде көрініп, археологиялық және тарихи зерттеулерді дамытуға елеулі үлес қосты.

Бұл конференцияның ұйымдастырудағы басты нәтижелерінің бірі – Алтын Орданың этномәдени құндылықтары мен олардың қазіргі заманғы Қазақстанның ұлттық бірегейлігін қалыптастырудағы рөлін түсінуге жаңа көзқарастарды ұсынуы болды. Ғалымдар Алтын Орда дәуіріндегі саяси құрылымдар, сауда және мәдениет арасындағы өзара ықпалдастық, көшпелі және отырықшы қоғамдар арасындағы байланыстар туралы жаңа деректермен бөлісті.

Шара барысында екі пленарлық сессия өтті. Олар «Алтын Орда тарихы: заманауи зерттеулердегі жаңа тәсілдер мен әдістер» және «Алтын Орданың археологиялық зерттеулері: тарихи-мәдени симбиоз» тақырыптарын қамтыды. Бұл сессияларда халықаралық ғалымдар өздерінің жаңалықтарымен және зерттеу тұжырымдарымен бөлісті.

Сонымен қатар, конференция қатысушылары Түркістанның көрнекті орындарын аралап, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барды. Бұл қала Еуразияның рухани және мәдени орталығы ретінде ғылыми-зерттеу жұмыстары үшін ерекше маңызға ие екені тағы бір мәрте дәлелденді.

Түркістан – тарихы терең, рухани және ғылыми құндылықтарға бай шаһар. Мұнда өткізіліп жатқан халықаралық конференциялар мен ғылыми кездесулер аймақтың ғылымға қосқан үлесін айқындайды. Мысалы, «Алтын Орда және оның мұрасы» конференциясында талқыланған мәселелердің ішінде көшпелі және отырықшы өркениеттердің өзара әсері, ортағасырлық сәулет ескерткіштерінің археологиялық зерттеулері, сондай-ақ Алтын Орданың мәдени мұралары ерекше орын алды. Мұндай ғылыми басқосулар тек тарихи деректерді талқылаумен шектелмей, жаңа зерттеу әдістерін қолдануды да көздейді.

Түркістан облысының әкімдігі мен Қазақстанның жоғары оқу орындары, әсіресе Назарбаев Университеті, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ сияқты жетекші мекемелер бұл зерттеулерге белсенді қатысып келеді. Назарбаев Университетінің түркология кафедрасы мен Жошы Ұлысын зерттеу институты секілді ұйымдар Алтын Орда дәуіріне қатысты деректерді қайта зерделеуге ерекше көңіл бөлуде. Бұл институттар халықаралық әріптестік арқылы ғылыми зерттеулердің жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне мүмкіндік береді. Конференция барысында ғалымдар Алтын Орда кезеңіндегі саяси, мәдени және экономикалық дамудың ерекшеліктерін ашуға тырысып, бұл деректердің қазіргі замандағы маңызына тоқталды. Мұндай талқылаулар ұлттық бірегейлікті айқындап, тарихи тамырларды терең түсінуге көмектеседі. Сонымен қатар, шара шеңберінде студенттер мен жас ғалымдарға арналған ғылыми жобалар мен жаңа зерттеу әдістемелері ұсынылды.

Түркістанда өткен ғылыми конференциялар өңірдің ғылыми мәртебесін арттырып, тарихты тереңінен тануға, мәдениет пен ғылымды дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Әсіресе, Түркістан облысында жоғары оқу орындарының ғылыми-инновациялық бағытта белсенділік танытуы және олардың халықаралық деңгейдегі сарапшыларды тартуы өңірдің білім мен ғылымның маңызды орталығы ретіндегі рөлін айқындай түседі. Мұндай шаралар арқылы Түркістан тек рухани астана ғана емес, заманауи ғылыми идеялар мен зерттеулердің тоғысқан мекеніне айналып келеді.