Газ тасудың әлегі: Аты бар, арбасы жоқ Қазақстан
Еуропа мұнай мен газға мұқтаж. Сатып аламын деген ақшасы дайын. Қазақстан да оған қажет екі нәрсе де бар. Сатуға құлшынып-ақ жүр. Бірақ қолындағысын апарып төгіп, орнына долларды тиеп әкелуге тек ат арбасы болмай тұр. Қазіргі геосаяси жағдай тасымалды тығырыққа тіреді.
Еуропа көмірсутегі шикізатының балама көздерін іздестіріп жатыр. Мұнай жеткізу мәселесін түбегейлі шешіп бере алатын Қазақстанға да назар аударып отыр. Еуропалық шенділердің Астананы жиі жағалау бастауының бір сыры осында. Брюссельдің көздегені – мұнай және газға бай Орталық Азия елдерінен энергоресурс жеткізу. Еуроодақ Қазақстан мен Өзбекстанды өндірісін көшіретін алаңқай ретінде көреді. Оның ішінде тұтыну тауарлары мен логистика да бар.
Ресейдің мұнайы мен газынан бас тартса да, еуропалықтар астындағы көлігі мен жылы үйден безіп, баз кешпесі анық. Сондықтан газ бен мұнайдан тапшылық көріп отырған Еуропаның бір жыртығын жамауға Әзербайжан, Қазақстан және Түркіменстан әлеуеті жеткілікті.
Еуропаның қызығатындай да жөні бар. Мұнайды айтпағанда, еліміздің газ секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында Қазақстанның газ қоры – 3,9 трлн шаршы метр, ілеспе газ – 2,6 трлн шаршы метр және табиғи (бос) газ – 1,3 трлн шаршы метр деп көрсетілген. British Petroleum компаниясының дерегінше, Қазақстандағы газ қоры – 1,3 трлн шаршы метр. Қазақстан әлемде газ қоры жөнінен 22-орын тұрса, ТМД елдері ішінде Ресей мен Түрікменстаннан кейінгі 3-орынға көтерілмек. Өйткені, болжам бойынша әлі игерілмеген ресурстары да орасан. Оның көлемі 6 – 8 трлн шаршы метр деңгейінде бағаланып отыр.
Фото: aa.com.tr
Тұжырымдама бекітілген тұста қазақ билігі болашақта мұнайдан бөлек газдан түскен долларларды сытырлатып санап отырғанын көз алдына елестетіп, бір жымиғаны анық, әйтеуір.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, қазақ газы бүгінде ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп тұр. Басымдық берілген бағыт та – осы. Газ ішкі нарықтың қажетін жабуға және бағаны ұстап тұруға жеткілікті.
«Газ және газбен жабдықтау туралы заңнамаға сәйкес, жыл сайын 1 шілдеде ішкі нарықта тауарлық газды көтерме саудада сатудың шекті бағалары бекітіледі. Өңірлердің газбен жабдықталуының экономикалық және әлеуметтік жағдайлары ескеріледі. Министрлік Ұлттық экономика министрлігімен келіседі. Сондықтан шекті көтерме бағалар жыл соңына дейін өзгермейді», – дейді Энергетика министрлігі.
Тауарлық газ ішкі қажеттіліктер қанағаттандырылғаннан кейін ғана экспортқа жіберіледі. Экспорттық потенциалы бола тұра, мұнай-газ державасы атану Қазақстанның маңдайына жуық арада жазылмаған бақ болып тұрған секілді. Бар мұнай мен газдың өзін Еуропаға жеткізу қияметтің қыл көпірі. Бұған Батыс пен Ресей арасындағы санкциялық соғыстың салқыны қатты тиіп отыр. Қазақ энергоресурстары тасымалының күре тамыры Ресей арқылы өтеді. Каспий құбыр консорциумындағы (КҚК) үш мәрте пайда болған «ақау» – осының айғағы.
Экономист Мақсат ХАЛЫҚТЫҢ пікірінше, энергоресурстарды Еуропаға тасу мәселесінде Қазақстан Ресейге басыбайлы тәуелді. Мәскеумен одақтастық қатынасқа сенім артылып, осы уақытқа дейін балама жолдар жасалмаған.
«КҚК авариялық жағдайлар, экологиялық айыппұлдар бұған дейін ешқашан болмаған еді. Мұның негізгі себебі – Ресей екі жақтан ойнап отыр. Қазақстанға: «Дегеніммен жүрмесең, жағдайларың қиын болады» деп қыр көрсетті. Ал Еуропаға: «Бұл жақтан мұнай мен газ аламын деп армандамай-ақ қойыңдар, бұл менің қолымдағы нәрсе» дегенді ұқтырмақ», – дейді экономист.
Осы жайттың кесірінен Қазақстанның инвестициялық рейтингі төмен сатыға сырғып барады. Standard & Poors агенттігі жақында еліміздің инвестициялық әлеуетінде «жағымсыз сценарий» қаупі бар деп болжам жасаған.
«Алдағы уақытта инвестициялық рейтингтен мүлде түсіп қалуымыз да ғажап емес. Бұған КҚК болған жағдай түрткі болып отыр. Қазақстан мұны шеше алмаса, алдағы уақытта еліміздің инвестициялық рейтингі одан әрі құлдырай береді деген болжам бар», – дейді Мақсат Халық.
Экономист Айдар ӘЛІБАЕВ кез келген уақытта Ресеймен қарым-қатынасымыз салқындап кетуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Сондықтан балама жолдардың маңызы зор.
«Каспий теңізі арқылы тасымалдауды жолға қою үшін алдымен екі мәселені шешіп алуға тура келеді. Біріншісі, бізге танкерлік флот керек. Бізде бұл жағы ақсап тұр. Екіншісі, жаңа құбыр тарту қажет. Оны салу өте қымбат тұрады. Және оған ұзақ жылдар кетеді», – дейді сарапшы.
Айдар Әлібаевтың пікірінше, Ресейді айналып өтетін, тиімді әрі үлкен көлемде тасымал жасайтын жол әзірге жоқ. Жақын уақытта бола қоюы да неғайбыл. Өйткені, бұл – өте қымбат әрі технологиялық жағынан аса күрделі жоба.
«Егер бірдеңені қолға алған күннің өзінде, бізге коррупция үлкен қиындық тудырады. Онсыз да қымбат жобаның құнын екі есе өсіріп жібереді. Меніңше, Қазақстанның мұнайды Ресей арқылы тасымалдай беруден басқа амалы жоқ. Халықаралық аренада теңгерім сақтауға ұмтылады. Сондықтан мұнайын сату үшін Ресеймен сөзге келмеуге тырысады», – дейді Айдар Әлібаев.
Фото: 24.kz
Айта кететін жайт, АҚШ кезінде қазақ мұнайын Каспий табаны арқылы Қап тауына жеткізу идеясын көтерген болатын. Бұл Ресейге түрпідей тиген-ді. Оның үстіне, қымбат әрі күрделі болғандықтан Каспий құбыр консорциумының бағы жанды. Энергетика министрлігі бұл идеяның қайта қолға алыну мүмкіндігі жайында екі ұшты жауап қайтарып отыр. Ведомствоның пікірінше, Каспий табаны арқылы құбыр салу мәселесін қарастыру үшін жобаның инвестициялық тартымдылығы, экономикалық орындылығы және ресурстық базаның болуы ескерілуі қажет.
«Сондай-ақ мұндай мәселені халықаралық келісімдердің ережелерін ескере отырып, Каспий теңізі жанындағы мемлекеттермен келісу керек», – дейді министрлік.
Демек, бұл мәселеде көзір бәрібір Ресейдің қолында. Сондықтан Қазақстанның энергоресурстарды тасымалдау мәселесі Шарль Перроның танымал ертегісін еске түсіретіндей. Қызыл телпекті қыз әжесіне бару үшін бәрібір жалғызаяқты жол арқылы қасқыр ін қазған орманнан өтуге тура келеді.
Десе де, геосаяси дүрбелеңдер тұсында Еуропаға түреннен жол салу Қазақстан үшін аса маңызды болып қала бермек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен Каспий арқылы жеткізудің, тасымалдаудың балама маршруты қолға алынып жатыр. Бұған Еуропа ғана емес, өзге түркі мемлекеттері де мүдделілік білдіріп отыр.
«Самарқандта өткен Түркі мемлекеттерінің ұйымында осы мәселе жиі сөз болды. Түркі елдерінің барлық мүмкіндіктері қарастырылып жатыр. Қазақстан Әзірбайжан арқылы Орталық Азиядан Еуропаға жеткізу жолдарын қарастырып жатыр. Әзербайжан мен Түркияны жалғайтын Зангезур дәлізі бар. Мұны тауар тасымалдайтын балама жол ретінде дамыту көзделіп отыр. Осы мәселенің шешімі табылса, Еуропаға шығу, Қытайдан бастау алатын Ұлы Жібек жолын жандандыру мәселесі тұр», – дейді Мақсат Халық.
Біз мұнайда экспорт жолын іздесек, газбен мүлде басқа проблема алдымыздан шықты. Өз газымыз өзімізге жетпейін деп тұр. Сондықтан биылдан бастап қосымша газ көлемдерін көрші елдерден ала бастадық.
Энергетика министрлігінің дерегінше, биыл біз Ресейден 1 миллиард текше метрге дейін көгілдір отын импорттаймыз. Оның негізгі көлемі елімізге жеткізіліп қойылды. Ол біздің солтүстік өңірлерді қамтамасыз етуге қажет. Ал 2023 жылы, яғни келесі жылы Қазақстанға жеткізілетін ресейлік газдың көлемі мен бағасы «QazaqGaz» ұлттық операторы мен Газпром арасындағы 2022 жылдың төртінші тоқсанындағы келіссөздер арқылы анықталады. Бізге бағаны төмен сақтап қалу аса маңызды.
«Ресей газының импорты Қостанай облысының тұтынушыларын жыл сайын газбен қамтамасыз ету бойынша «Газпроммен» айырбастау операциялары аясында жүзеге асырылады», - деп түсіндірді Энергетика министрлігінің мамандары.
Министрлік газ импорты екі жаққа да тиімді шарттарда ішкі қажеттіліктерді жабудың қосымша көзі ретінде қарастырылатынын атап өтті. Бұл ел ішінде тұтынудың жыл сайынғы өсуіне байланысты, өз кезегінде аймақтарды газдандырумен, газ химиясы жобаларын жүзеге асырумен, икемді газ өндірумен және ірі өнеркәсіптік нысандарды көмірден газға көшірумен байланысты.
Саланың дамуы туралы айта келе, Энергетика министрлігі Қазақстан ішкі нарықтың қажеттілігін өзінің көгілдір отынымен толық қамтамасыз еткенімен, баға мәселесі тежеу болып отырғанын түсіндірді. Сондықтан саладағы жобалардың инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында ынталандырушы баға формуласы мен газды барлау және өндіру жобаларына преференциялар беру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ 2022-2026 жылдарға арналған кешенді даму жоспары бекітілді, оған сәйкес көмірсутектердің осы түрінің ресурстық базасын ұлғайту жоспарлануда.
Ресеймен қатар, біз Түркіменстаннан да газ алатын боламыз. Қазақстан түрікмен газы импортының көлемін жылына 1,5 млрд текше метрге жеткізуге дайын. Бұл туралы Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеген еді. Ол осы деректі Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовпен жасаған келіссөздерден кейін айтты.
«Газ саласындағы өзара тиімді серіктестіктің болашағын тыңғылықты қарастырдық. Өткен жылы осы саладағы бірлескен жобаларды іске асыруға қатысты серпінді уағдаластыққа қол жеткізілді. «QazaqGaz» және «Түрікменгаз» компаниялары түрікмен газын импорттау бойынша келісімшарттарға қол қойды», - деді Мемлекет басшысы.
Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстан Президентіне аталған жобаны ілгерілетудегі жеке қолдауы үшін ризашылығын білдірді.
«Біз ұзақ мерзімді келісімшарт жасасуға мүдделіміз және газ импортының көлемін жылына 1,5 млрд текше метрге дейін арттыруға дайынбыз. Қазақстан Түркіменстанның ірі энергетикалық бастамаларын іске асыруға қатысуға, тәжірибе алмасуға, газ өңдеу және газ химиясы саласындағы өзара тиімді жобаларды дамытуға дайын. Екі тараптың да мүдделерін ескере отырып, Үкіметтерге осы бағыттарды пысықтау тапсырылды», - деді ҚР Президенті.
Жалпы биыл отандық газ нарығында тапшылық күтілмейді. Бірақ, бізге газ қорын алдын-ала ұлғайтып, болашаққа дайындала берген жөн.