16 Қараша 16:03

Ортақ өгіз бен оңаша бұзау. Ауыл бюджетін өзіне беруден жағдай НЕГЕ жақсармады?

Фото:

Биылдан бастап бюджеттің төртінші деңгейі енгізілді. Ол бойынша ауыл әкімінің өз бюджеті болады. Бірақ іс жүзінде ештеңе өзгерген жоқ. Неге?

Ауылды дамыту туралы игі бастамалар түрлі бағыттар мен жоспарлардың бір-бірімен қабыспай жататындығынан тұралап тұр. Мысалы, ауылға жергілікті бюджет бөлініп, ауыл әкімі оны басқара алады дейік. Бірақ қазынаны басқаратын порталға кіріп, өтініш беру үшін интернет керек. Ал ауылдардың көбінде интернет жоқ. Ауыл әкіміне бәрібір ауданға шапқылауға тура келеді. Бұл – бір.

Ауылдағы интернет. Фото: ғаламтордан.

Екіншіден, Қазақстанда бюджет баcқарылатын порталдың қыр-сырын меңгерген ауыл әкімдерін саусақпен санап шығуға болады. Нәтижесінде заңға өзгеріс енгізілді дегенмен, іс жүзінде жағдай баяғы таз қалпында қалды.

«Негізі бюджеттің төртінші деңгейін енгізудің идеясы жақсы, бірақ Қазақстанның қазіргі жағдайында оның үлкен қиындықтарға тап болатыны әу бастан-ақ белгілі еді», – дейді Экономикалық бастамаларды қолдау қорының сарапшылары. «Цифрлі логистика мен инфрақұрылымының әлсіздігін былай қойғанда, жергілі бюджеттің салықтық базасы өте мардымсыз».

«Түсінікті тілмен айтсақ, ауылдың жинағаны өзіне жетпейді. Сол себепті әкім бәрібір аудандық бюджетке қол жаюға мәжбүр. Қаржыландыру көзі өзгермегендіктен, мұнда керемет бір жаңалық ашылды деп айта алмас едік»

Қазіргі жағдайды сенатор Ольга Перепечинаның депутаттық сауалынан-ақ байқауға болады.

О.Перепечина.

«Жергілікті өзін-өзі басқару бюджетінің кіріс көздері салықтық және салықтық емес түсімдерден тұрады. Төртінші деңгейде бюджет кодексіне сәйкес, 19 бағыт бойынша қаржыландыру жүріп отыруы тиіс», – деп ашық көрсетіледі сауалда.

«Ал қазір жергілікті бюджеттен қаржыландыру тек төрт бағытта жүзеге асырылып отыр. Олар – әкім аппаратының жұмыс істеуі, елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру мен жарықтандыру, оқушыларды жақын маңдағы мектепке ақысыз тасымалдауды ұйымдастыру. Өз кезегінде сумен қамтамасыз ету, автомобиль жолдарын жөндеу және күтіп ұстау, ауылдың басқа да даму мәселелері мүмкіндік болып жатса ғана аудан бюджетінен қаржыландырылады, немесе ол да жоқ»

Жергілікті өзін-өзі басқару реформасы халық саны 2 мың адамға жетпейтін ауылдардың өз-өзін асырай алмайтынын көрсетіп берді. Мұндай ауылдар біздегі елді-мекендердің тең жартысына жетеді.

Перепечина келтірген мысалға сәйкес, елдегі солтүстік облыстарының бірінде 2020 жылға арналған нақтыланған төртінші деңгейдегі бюджеттің жалпы көлемі шамамен 15 миллиард теңге болған. Ал оның түсімдерінің 90,8 проценті республикалық және облыстық бюджеттен келмек. Демек, бір жылда 15 миллиард теңге құртатын жаңағы облыстағы ауылдар өздері сол ақшаны таба алмайды. Бәрібір дотацияда қалып отыр.

Осыдан-ақ жергілікті өзін-өзі басқару реформасының түбегейлі ештеңені өзгертпегенін байқауға болады. Сондықтан оны реформа деп атауға әлі ерте.  

Тегтер: