16 Қыркүйек 18:00
...

Келімбетов! Реформатор?

Фото:

Президент тапсырмасымен құрылған Стратегиялық жоспарлау мен реформалар агенттігіне (СЖРА) Қайрат Келімбетовтың тағайындалуы екіұдай пікір туғызды. Бірінші жағынан оның саяси салмағы бәріне ұнайды. Екінші жағынан реформаторлық қасиеті күмән туғызады.

«СЖРАны құру идеясы орынды», – деп түсіндіреді экономист Олжас Құдайбергенов. «Себебі, ішкі және сыртқы факторларды ескере отырып, реформалардың қажет екенін байқаймыз. Үкіметтің өзі тактикалық реформалар жасай алатыны түсінікті, бірақ реформалар неғұрлым түбегейлі, терең болған кезде, үкімет объективті түрде өзін-өзі реформалай алмайды. Сондықтан оған тәуелсіз жеке мемлекеттік орган қажет».

Nege.kz сарапшыларының ойынша, кез-келген радикалды реформа үкіметтің басына таяқ болып тиетіндіктен, үкіметтің өз басын өзі кесіп алуға бармайтыны анық. Бас кесетін қылыш СЖРА болуы тиіс. Бірақ қылышты ұстап тұрған Қайрат Келімбетовтың үкіметтегі жігіттермен дос-жаран екенін ескере отырып, оның түбегейлі реформа жасай алатыны күмән туғызады.

«Бәрімен жақсы қарым-қатынаста жүрген адам келсе, онда реформалардың ықтималдығы азаяды. Қазір жаңашыл ғана емес, сонымен бірге өзегі бар, демек, субъективті жағдайларға қарамастан реформаларды жүргізуге дайын «күрескер» керек», – деп жалғастырады Олжас Құдайбергенов.

«СЖРА қазіргі бюрократталған құқықтық режимде жұмыс істей бастаса, онда тумай тұрып өлді деуге болады. Осы бастаманы өлтіріп алмас үшін, органның қаржыландыру, сатып алу, тағайындау, еңбек мотивациясы бойынша ерекше мәртебесін анықтап алу қажет»

«Келімбетов дағдарыс уақытында құрылатын ұйымдардың бірінші басшысы болуымен ерекшеленеді», - дейді, RiskTakers сарапшылары. «2008 жылдың қазан айында ол «Самұрық-Қазына» қорын басқарды, онда 2011 жылға дейін жұмыс істеді. 2015 жылдың желтоқсанында ол Астана Халықаралық қаржы орталығын құрды. Енді СЖРАға келіп отыр».

«Экономиканы түбегейлі реформалау үшін, тек қана экономикамен айналысу аз», - дейді, Экономикалық бастамаларды қолдау қорының сарапшылары. «Ол үшін бізге шын мәнінде тәуелсіз сот жүйесі керек. Әділ сот пен жемқорсыз қоғам ғана үлкен инвестицияларға жол ашады».

Оған истеблишмент дайын ба? Басты сұрақ осында. Косметикалық реформа жүргізіп қоғамды алдау, ертең мемлекеттің өзін жарға жығатын болады.

Жалпы мемлекеттің осы жолда қаншалықты алысқа бара алатынын біз Қайрат Нематұлының алғашқы реформасынан-ақ байқай аламыз. Демек, тек күту керек.

Тегтер: