2 Қараша 08:00

Біреуін соямыз, біреуі қалсын. Орифжон Шадиев НЕГЕ Capital Bank пен AsiaCredit банкінің тек біреуін құтқаруы мүмкін?

Фото:

Бүгін Capital Bank пен AsiaCredit Bank қожайыны Орифжан Шадиевтің Қаржы нарығын реттеу мен дамыту агенттігіне (ҚНРДА) жазбаша берген уәдесінің мерзімі аяқталды. Шадиев екі банктің акционерлік капиталына 29,3 миллиард теңге құюы керек болатын.

Nege.kz шолушысына берген түсініктемесінде ҚНРДАға жақын сенімді ақпарат көзі ол соманың толықтай құйылмағанын хабарлады. Бірақ Шадиев аз-аздап қаржы аударып қойған. Одан шығатын бір қортынды, не Шадиевте ондай көлемде ақша жоқ немесе оған екі бірдей банк қажет болмай тұр. Бұл жағдайда сарапшылар бір банктің балансы тазаланып, проблемалық кредиттері екінші нашарлау банкке аударылып, оны жабу идеясын қарастыру әлдеқайда дұрыс болады деген пікірде.

Егер осы жағынан алып қарайтын болсақ, 2020 жылдың тоғыз айының аудиттен өтпеген қаржылық есептері бойынша, Capital Bank активтері 63,5 миллиард теңге, міндеттемелері 44,3 миллиард теңге, меншікті капиталы 19,1 миллиард теңгені құраған. Тоғыз айда Capital Bank 1,38 миллиард теңге шығынға батып отыр.

Фото: capitalbank.kz

AsiaCredit банкінің жағдайы одан да жаман. Активтері 57,5 миллиард теңге, ал міндеттемелері 42,2 миллиард теңге, капиталы бар-жоғы 15,3 миллиард теңгені көрсеткен. Тоғыз айда AsiaCredit банкі 1,9 миллиард теңге шығынға ұшырады.

Фото: asiacreditbank.kz

Халық осы екі банкте 51 миллиард теңге депозит ұстап отыр. Демек олардың жабылуы елеусіз өтпейді. Әлеуметтік әсері болады.

Қос банк қожайыны Орифжан Шадиевке қазіргі жағдайда қайтпек керек? Nege.kz біраз қаржыгердің пікірін білген еді.

«Пандемия кезінде IT-инфрақұрылымы дамыған банктердің артықшылығы ерекше байқалды. Негізгі жұмыстарды бөлімшелері арқылы, клиенттің жеке келуімен жүргізіп отырған шағын банктер үлкен қиындықтарға тап болып отыр», - дейді, қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов. «Мұндай банктер үшін қомақты инвестициялар арқылы интернетте даму жолы ғана бар. Ондай кезде шағын банктер бірігіп, IT-ге инвестиция бөле алады».

«Өкінішке орай, бизнес-модельдерді қайта қарау кезінде жалғыз IT-мен алысқа бара алмайсыз. Интернет-банкингі нашар көптеген шағын банктер нәтижесінде интернет-банкингі одан да нашар ірі банк құрады»

Бұл жағдайда, Расул Рысмамбетов банктен көрі микроқаржылық ұйым форматын қарастыруды ұсынады. Банкке қойылатын пруденциалды нормалардың тым қатал екенін ескерсек, Capital Bank не AsiaCredit банкінің бірі микроқаржылық ұйым болып қайта құрылуы мүмкін.

«Бұл жағдайда акционерге былай, не былай істе деп кеңес беру қиын», - дейді, Tickmill халықаралық брокерлік тобының сарапшысы Арман Бейсембаев. «Бәрі акционердің банк саласынан перспектива көріп отырғанына байланысты».

«Егер банкті дамытатын нақты жоспары болса ғана әрекет еткені дұрыс. Әйтпесе, қосымша капитал құя беру еш пайда әкелмейді. Жалпы, акционердің еш әрекет етпей отырғанын көріп, бұл банктер жабылады деп ойлаймын. Тек күту керек»

Орифжан Шадиев Форбс тізімінен ұшып кетпесе де, екі жылдан бері шығынға батып жүрген банктерді асырау оған оңай тимейтіні анық. Tengribank жүріп өткен жолдың ізі әлі сайрап жатыр. Бірақ Capital Bank пен AsiaCredit банкі банкроттық процессін бастаса, онда Депозиттерді кепілдендіру қорына үлкен салмақ түседі.

Осы мемлекеттік қор кей банк акционерлерін жаман үйретіп алды. Олар ақшаны сыртқа шығарып алады да, банктерін жаба салады. Ал халықтың депозитін мемлекет төлеп отырады.

Тегтер: