21 Қыркүйек 15:53
...

Этнограф: «Мәһір» – қазақ халқына тән емес

Фото:

Мешітте неке қидырған кезде сұралатын «мәһір» сыйлығының мөлшеріне қатысты қоғамда дау көп. Әсіресе, сынға ілінетіндер – жұбайынан қымбат көлік пен бағалы бұйым сұрағандар. Ал қалыңдығының «қанағатсыздығына» ренжіп, сол арада некені тоқтатқан күйеу жігіттің ісін ерлікке санайтындар да бар. Жалпы,бұл салт бізге қайдан келген?

NEGE тілшісі тарихшы, этнограф Мақсат Алпысбестен осы рәсімнің қазақ ғұрпындағы орнына қатысты пікірін сұрады.

– «Мәһір» – шариғаттың шарты» дейді. Ал оның біздің салт-дәстүрімізге қаншалықты қатысы бар?

– Кез келген елдің қалыптасу тарихында екі жол болды. Бірі – дін, екіншісі – салт-дәстүрі. Қазақ халқы негізінен дін-ислам жолынан гөрі ата салтын қаттырақ ұстанған. Шариғаттан ең қажетті деген дүниелерді ғана алғанымен, оны толықтай дәстүріне енгізуді қаламаған. Сондықтан «мәһір» мәселесіне қатысты түсіндірмелерді Мүфтият ресми түрде беруі керек.

Кез келген ұлттың ең басты негізі – олардың діннен бұрын өздерінің жылдар бойы қалыптасқан мәдени жоралғы, салт-санасына берік болуы. Сол тұрғыдан алғанда «мәһірді» қазақ халқына тән деп айтуға келмейді.

Өйткені қазақ халқында «қалыңмал» деген институт бар, одан басқа да құдаласу кезінде жасалатын екі жақтың алыс-берістері бар. «Ана сүтін» беру, «сырға салу» сияқты рәсімдер де соның бір бөлшегі.

Демек, қалыңдыққа сый беру қазақ салтында да бар дүние. Сол үшін де араб, парсы халықтарының өздерінің ұлттық мәдениетіне, шариғат заңдарына қатысты дәстүр-ғұрыптарын қазаққа әкеліп тели берудің қажеті жоқ. Біз зайырлы қоғамда өмір сүріп жатқаннан кейін әлеуметтік мәселелердің бәрін дін талаптарына бағындыра беруге болмайды.

– Демек, бұл біздің салтта жоқ дүние болғандықтан міндетті емес қой?

– Иә, әрі шариғат бойынша да «мәһір» міндетті емес. Соны жұрт дұрыс түсінбей даурығып жүр ғой. «Мәһір» ол – сыйлық. Ал сыйлық деген – араздасу үшін емес, сыйластықты одан әрі арттыру үшін беріледі. Егер ол араздық тудырса, ол сыйлық емес. Еуропа елдерінде «неке шарты» деген ұғым бар. Онда екі жас некеге дейінгі өздеріне тиесілі материалдық мүліктерін кейін дау тудырмайтындай келісіп бекітіп алады. Ал біздің қазақ қоғамындағы неке заңдылығында материалдық құндылыққа көз тігу, соған басымдық беру деген түсінік жоқ.

Көрнекі сурет. Фото: ғаламтордан.

– Қазақтағы «қалыңмал» шариғаттағы «мәһірдің» орнын басады дедіңіз. Дегенмен осы «қалың мал» еліміздің барлық өңірінде сақталмаған ғой. «Бұл – оңтүстік өңірдің салты. Бізде ондай жоқ» дейтіндер баршылық.

– Қазақ қоғамы түрлі кезеңді бастан өткерді ғой. Біздің халық дәулетті, бай болған кезде қалыңдыққа арналған сый ретінде қалыңмал берілген.

Кейін кеңес үкіметі орнап, бекзат-ақсүйектер шеттетіліп, кедей-кепшік үстемдік құрған уақытта бұл салт әлсіреген. Кедей жұрт қалай қалыңмал берсін?

Ал негізінде, қалыңмал дәстүрлі қазақ қоғамының барлық өңірінде сақталған. Тек оның көлемі әртүрлі болған. Бұл – қазаққа ғана тән жоралғы.

Әлемдегі кез келген ұлт өзінің салт-дәстүріне қаншалықты берік болса, соншалықты мықты мемлекетке айналды. Ал дәстүрін сақтай алмаған халықтар елсіз, жерсіз далада шашырап, қаңғып кетті. Демек, біз де ата-бабамыздың салтына опасыздық жасамауымыз керек. Егер олай етсек, елдігіміз бен мемлекеттігімізден де айырыламыз.

«Қазақ қашан қазақтығынан қалады?» деген сұраққа Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Қазақтың өзіне тән «көрімдік», «байғазы», «сүйінші» сияқты жоралғылары жойылған кезде» деп жауап берген екен.

Тегтер: