Ермұрат БАПИ: Олигархтардың мүддесіне қызмет ететін заң шығарып бере алмаймыз

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Бас прокурор Берік Асыловқа жолдаған сауалы қоғамды елең еткізді. Халық қазынасын ұрлағандарға қатысты тың мәліметтерді алға тартып, әділеттілік орнату үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған науқанды ашық жүргізуге шақырды.
«Тетис» фирмасының іс-әрекетінен депутат секем алып отыр. Оның айтуынша, Швейцария өкіметінің Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ етжақыны Ахметжан ЕСІМОВТІҢ күйеубаласы – Ғалымжан ЕСЕНОВТІҢ есеп-шотынан орасан зор ақша тапқанын анықтапты. Басқа да ұрлықы қаржыларға байланысты біраз жайттың бетін ашты.
Бұл мәселе төңірегінде NEGE тілшісі депутат Ермұрат БАПИҒА бірнеше сұрақ қойды.
– Бас прокурорға өткір депутаттық сауал жолдадыңыз. Бұл деректерді қайдан алдыңыз?
– Халықаралық зерттеуші-журналистер консорциумы деген ұйым бар. Панама, Пандора жәшігін ашып, офшордағы көлеңкелі ақшаларды, салықтан жалтарғандарды, ақша ұрлағандарды, қаржылық қитұрқылықтарды әшкерелеген – осылар. «Дат» газеті осы консорциуммен тығыз жұмыс істейді. Оның кейбір қызметкерлері ақпарат жіберіп отырады. Депутаттық сауалымда айтылған жайттарды осы консорциум зерттеп жатыр. Біраз ақпараттарды ашық көздерден де аламын.
Қазақстаннан қашқан ұры-қарылардың ақшасы, жылыстатылған қаржы болса, консорциумның ақпаратына жүгінемін.
Е.Бапи
– Сауалыңыздағы мәселелер тікелей Назарбаев отбасының мүшелеріне қатысты. Біздегі ақпараттар құралдары әлі де осы отбасының меншігінде. Әсіресе, телеарналар. Бұл жағы қалай болмақ?
– КТК арнасы жеке бизнестің нысаны болып есептеледі. Бұған қоғам тарапынан қарсылық болмауы керек деп ойлаймын. «Хабарды», оның қарамағындағы басқа каналдарды жекешелендіріп алды. Кезінде бұл мәселе көтерілді. «Хабар» мемлекетке қайтарылды.
Бірақ Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен мемлекет оны бес жүз миллион долларға сатып алды деген ақпарат болды.
Бес жүз миллион доллар төленді ме, әлде басқа да ымыра болды ма, ол жағынан хабарымыз жоқ. Әйтеуір, мемлекет қайтарып алды.
– Шетелге заңсыз шығарылған активтерді қайтару туралы заң жобасы Мәжіліске түсті. Танысып үлгердіңіз бе? Мәселен, саясаткер Әкежан Қажыгелдин: «Бұл заң жобасы осы редакцияда қабылданатын болса, онда олигархтардың мүддесін көздейтін заң болады», – деп сыни пікір айтып қалды. Мұнымен келісесіз бе?
– Заң жобасы Мәжілістің талқылауына келіп түсті. Жұмыс тобы баптар бойынша талқылауды бастап та кетті. Үш күн бойы талқыланып жатыр. Әрине, бұл заң жобасы керемет жасалды деп айтуға келмейді. Депутаттар ынта-ықыласымен талқылап жатыр. Соның барысында бұған көп өзгеріс енеді. Бұл заң жобасын халықтың аузынан жырып әкеткен қаржыны қайтаруға мүмкіндік беретіндей құжат етіп дайындаймыз деген ойым бар. Әйтпесе, бұл «маймылдың мехнаты» болып шығады. Қоғамға, халыққа игілігі жоқ, олигархтардың мүддесіне қызмет ететін заң шығарып бере алмаймыз. Өз басым бұған түбегейлі қарсымын.
Әкежан Қажыгелдиннің пікіріне келсек, ол кісі заң жобасымен танысты. Бірақ заң жобасына өзгерістер енгізіліп жатқанынан хабарсыз. Рас, шикіліктері, қайшылықтары өте көп. Қажыгелдин осыны меңзеген болуы керек. Әрине, бұл заң қазір ұсынылған нұсқада қабылданбайды. Үлкен өзгерістерге ұшырайды. Қазірдің өзінде де баптар бойынша өзгерістер жасалып жатыр. Меніңше, халықтық мүддені барынша көздейтін заң болып шығады.
Ә.Қажыгелдин
– Арада шетелге тыққан ақшасының ізін жасырып үлгеретіндей уақыт өтті. Бұл заң тым кеш қолға алынып жатқан жоқ па?
– Бұл әңгіме үш жыл көлемінде айтылып келе жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы қараша айында бастама көтеріп, үкіметке заң жобасын дайындауды тапсырды. Наурыз айының 31-іне дейін дайын болуы тиіс еді. Бірақ үкімет оны екі ай кешіктіріп әкелді. Әртүрлі ведомстволармен үйлестіру керек болған шығар. Бұл – өте күрделі заң. Бірнеше кодекске өзгеріс енгізіледі. Атап айтқанда, Қылмыстық кодекске, Әкімшілік кодекске, бюджетке қатысты да өзгеріс енуі керек. Бұған қоса, ілеспе заңдар тағы бар.
Әрине, бұл заң кеш қолға алынды. Отыз жылды қозғамай-ақ, соңғы он бес жылдың ішінде сыртқа кеткен қаржыны алатын болсақ, әртүрлі схеманы пайдаланып, олигархтар, Назарбаевтың жақындары жан-жаққа тықты.
Бірақ Қазақстаннан шыққан ақшаның ізі болады. Дәл осы заңға келгенде, халықтың қаржысына келгенде, ол ақшаның иісі бар.
Тиісті органдар – прокуратурадан бастап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке дейін батыл әрі жедел қимылдайтын болса, тығылған ақшаларды табуға болады. Бір банктен бір банкке ауысса да, ол ақшаның дерегі схемада сақталады. Сондықтан оны тауып алу қиын емес.
Сарапшылардың арасында ол ақшаның біразы Қазақстанға инвестиция ретінде қайтып, жұмыс істеп жатыр деген де пікір бар. Анығын білмейміз.
Бірақ зерттеу барысында қаржыға байланысты көптеген заң бұзушылықтар анықталады деген ойым бар.
– Жылысталған ақшаның иелері белгілі. Дені – Назарбаевтың айналасындағы адамдар. Бұлардың Қазақстандағы меншіктері өте көп. Бұлардың қаншалықты заңды жолмен келгені жөнінде мәселе көтересіз бе?
– Бұл бір ғана депутаттық сауалмен шешілетін нәрсе емес. Парламенттің мінберінде айтамыз. Бірақ заң қабылдағаннан кейін мұнымен арнайы айналысатын комиссия құрылады. Прокуратураның жанында құрылымы болады. Комиссияның құрамына депутаттар мен қоғам өкілдері де кіреді деген заң негізінде ұсыныс бар. Олай болса, ұрлықы ақша мен активтердің бәрі ашылады, тексеріледі деп сеніммен айта аламын.
– Бұл комиссия туралы тарқатып айтып берсеңіз. Қандай нақты қызмет атқармақ?
– Президенттің үкімімен бе, әлде, үкіметтің қаулысымен бе, осындай комиссия құрылады. Үкімет қаулысымен құрылса, оның басында тиісті органдардың басшылары болады. Прокуратура, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, Қаржы мониторинг агенттігі, Ішкі істер министрлігі және басқа органдар, депутаттар және азаматтық қоғам өкілдері кіреді.
Бұл енді құрылатын комиссия. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік-қоғамдық комиссия болмақ.
Мұны Бас прокурор Асыловтың комиссиямен шатастырмаған абзал. Оның не істеп, не қойып жатқанын білмейміз. Қоғам өкілдері жоқ, жабық жұмыс істеп жатыр.
– Сауалыңызда «Қазақгейт» туралы да айтылды. Қазақстан тарапынан бұл іске де құқықтық баға берілуі мүмкін бе?
– «Қазақгейт» қаржысы 97 миллион доллар болатын. Оның 90 миллионы қайтты. Бұдан басқа да миллиардтар бар. Қазақстаннан жылыстаған ақшаның көлемі әртүрлі ақпарат көздерінде түрліше айтылады.
Былтыр Әділет министрлігі таратқан ақпарат бойынша, 150 миллиард АҚШ доллары шамасында. Қаржы сарапшылардың айтуынша, 200 миллиард доллардың үстінде. Менің мөлшерлеуім бойынша, 300-400 миллиардқа дейін баруы мүмкін.
Қазақстанда жекешелендірілген кәсіпорындар бар. Қазақстанның өз ішінде де ұрланған қаржы бар. 150 миллиард – тек қана сыртқа кеткені. Қазақстан халқынан ұрланып, қолдан қолға өткізілген меншік көздері мен нысандар аз емес.
Джеймс Гиффен
– Бұл ақшаны қайтару мүмкіндігі қандай?
– Өте күрделі үрдіс болатыны анық. Заң қабылданған соң, ағылшын тіліне аударылады. Батыстың үкіметтерімен, қаржы және тергеу органдарымен жұмыс істеуге тура келеді. Табылған ақшаны «заңды қаржымыз» деп сотқа беретіндер де болуы мүмкін. Тым құрыса, 150 миллиардтың 100 миллиарды қайтатын болса, ол да жаман нәтиже емес.
Жуық арада қайту мүмкіндігі қиын. Батыс елдеріне біздің ақшамыз екенін дәлелдей алуымыз керек. Дамыған елдерде қаржыға байланысты соттар ұзаққа созылады.
Естеріңізде болса, Статидің Қазақстанға талап қойған соты бес жылдың көлемінде жүріп жатыр. Сол сияқты бұл – ұзаққа созылатын үрдіс. Өйткені, Батыс елдерінде сот жүргізу тәртібі осындай. Сырттағы қаржыны қайтару кемі бес жылға созылатын шығар деп ойлаймын.