9 Қаңтар 09:06
...

Ең қуатты империя – Алтын орда тарихы туралы НЕГЕ фильм түсірмеске?

Фото:
ҚР Президенті Қ.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен де қымбат» атты мақаласында кино саласына бөлек тоқталған еді. «Алмас қылыш», «Жау жүрек мың бала», «Томирис», «Кейкі батыр», «Тар заман» сияқты тарихи фильмдер түсірілді. Бірақ бұл әлі жеткіліксіз. Мен құзырлы органдар мен отандық телеарналарға мемлекеттік тапсырыстың белгілі бір бөлігін міндетті түрде тарихи тақырыптарға бағыттауды тапсырамын.

Әрине, қаржы мәселесі шешілуі керек. Дегенмен, көп қаражат жұмсамай да жоғары деңгейдегі өнер туындысын түсіруге болатынын қырғыз бауырларымыз «Құрманжан датқа» фильмі арқылы анық көрсетті...» деп әлі де болса көңілі толмайтын жайттар бар екенін жеткізген-ді.

Шыны керек, Президент айтқан сонау алапат ашаршылық қасіреті туралы да тұшымды дүние жоқ. «Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келеді. Тіпті, ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғамды адастырады. Тиісті тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек» деп нықтап бекер айтқан жоқ. Мұны кино саласының майталмандары да растап отыр. 

Сатыбалды Нарымбетов, кинорежиссер: 

Біз үшін әрдайым «бөтен бақтың жемісі тәттірек» 

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетовтың пікірінше, мұндай фильмдер заманауи Қазақстанның одан әрі дамуы үшін қажет, сондай-ақ болашақ өскелең ұрпақ үшін, тіпті әрқайсымыз үшін маңызды рөл атқарады.

«Президенттің аузынан бұл сөздерді естуге көптен үміттеніп жүр едік. 2008 жылы мен Мұстафа Шоқай туралы тарихи фильмді түсіргенімде, тұсаукесерден кейін көрермендердің жылы лебізіне бөлендік. Сол кезде мен тәуелсіздік алғаннан кейін ұлттық өзін-өзі анықтау процесі басталғанын түсіндім. Мұстафа Шоқай туралы материалдарды зерттеп жүріп, біздің тарихымызға үлкен қызығушылық таныта бастадым. 1948 жылы Мәскеуде Кенесары хан және ол өмір сүрген уақыт туралы докторлық диссертация қорғаған Ермұхан Бекмаханов туралы білдім. Мұстафа Шоқайдан кейін мен біздің ұрпақ өз тарихы туралы тағы біраз нәрсе білетінін түсіндім. Бірақ жас ұрпақ оны түсінбейді. Сондықтан, болашағымыз үшін, балаларымыз бен немерелеріміз үшін өткеннің парақтарын жиі ақтаруымыз қажет. Қазақта «жеті атасын білмеген жетесіз» дейтін көнеден қалған сөз бар.  Жеті атамызды тану үшін өткенге оралу қажет. Болашақты тану үшін өткеннен бастау қажет – кім болғанымызды біліп және кімге айналғанымызды көру керек», – дейді кинорежиссер.  

«Біздің жаңа ұрпағымыз, өкінішке қарай, басқа ұлттың тарихынан, Голливуд фильмдерінен тәрбие-тәлім алуда. Жастар америкалануда, ал Құрама Штаттардың тамыры тереңге жайылатын, ғасырларға созылатындай тарихы жоқ, қазақтарға қарағанда олар тым жас халық. Американдықтар Джек Лондонның кейіпкерлері және олар Жабайы Батысты (үндістердің жерлері) игерген кезде бізде өз аумағымыз, өз жеріміз болды.

Сондықтан біздің Президентіміз ғасырлар бойғы шаң басып кеткен ұлтымыздың автопортретін қазып алып, қалпына келтіру керектігін айтады! Мені тек сенімсіз пікірлер мазалайды – тағы да тарихи фильмдер, бізде кадрлар жоқ. Қазақ киносына деген сенімсіздік тағы да байқалады. Бірақ тыңдаңыз, бізде көптеген дарынды жастар бар, олар карантин кезінде де лайықты сыйлықтарға ие болды. Неліктен біз оларға отандық кинопрокат арқылы қолдау көрсетпейміз? Прокатты қайтарып, жылына кемінде бір тарихи фильм шығарып, оны үлкен экранда көрсету қажет. «Қазақ елі» лайықты фильм емес пе? Өте жоғары дәрежеде жасалған. Ал оған неге сенімсіздікпен қараймыз? Міне, осындай сенімсіздік біздің тарихи кадрларға, «Көшпенділер» фильміне  шетелдіктерді жұмылдыруға итермеледі. Ол кезде біздің лайықты үміткерлеріміз бар еді – Тимур Бекмамбетов, сосын Абай Қарпықов, Ардақ Әмірқұлов, бірақ оларға тіпті бет бұрған жоқ. Бізде әрдайым «бөтен бақтың жемісі тәттірек» деген психологиялық фактор қосыла кетеді. Біздің бақтың да жемістері тәтті, тек дәмін татып көру керек?» деп пікірін толықтырды С.Нарымбетов.

Ал, қазақстандық режиссер әрі продюсер Абай Қарпықов: «Тарихи материал барлығына да қызықты болатындығы сөзсіз. Бұл тақырып мемлекет үшін де өте маңызды екенін мойындау керек. Президенттің бұған назар аударуы кездейсоқ емес. Классикалық прокатты ешкім жойған жоқ және кинопрокат үшін бұл үлкен көркемдік стильдегі кино болуы тиіс» дейді. 

Абай Қарпықов, режиссер: 

Басты талап – тарихи туындының сапасы мықты болуы тиіс

Теледидар форматына келетін болсақ, онда тарихи шындықты жеткізе отырып, бірақ шығармашылықты қоспағанда, бәрін мінсіз, «жасанды» кейіпкерлерсіз жасау керек. Америкалық тарихи фильмдерге қараңызшы, оларда өмірге деген америкалық көзқарас қамтылған, оған қарамастан барлығы өте сапалы әрі шынайы жеткізілген. Біз де сондай дәрежеде жұмыс жасауымыз қажет.

Қысқа сериал форматында немесе бірнеше маусымға бөлінетін ұзақ мерзімді сериал ретінде шығаруға болады. Екеуі де жұмыс істейді.  Басты талап – тарихи туындының сапасы мықты болуы тиіс. Тарихи картиналар жайлы айтатын болсақ оларға үлкен шығын кетеді, сондықтан, мемлекеттің көмегінсіз іске асыру қиындау. Ол болмаса, біз кіші бюджеттік картиналарды шығаратын боламыз, ал олар қойылған міндеттерді жүзеге асыруға жол бермейді.

Атап айтқанда, қазіргі заманғы картиналардың көпшілігі, әсіресе фестивальдік фильмдер, бірнеше аптаның ішінде табиғатта түсірілуі мүмкін, бұл үшін көп ақша қажет емес. Ал тарихи туынды үлкен шығындарды талап етеді» дейді.  

Рашид Нұғманов, Қазақстанның Кинематографиялық өнер мен ғылымдар ұлттық академиясының президенті

Бұл процеске тікелей қатысуым қажет екенін сезінемін

Қазақстан Президенті кинематографистерге арнаған сөзінде шежіремізде ауқымды фильмдерге арқау болатын маңызды белестер мен оқиғалардың көп екенін атап өтті. «Мысалы, әлемдегі ең қуатты империялардың бірі болған Алтын орда тарихы дайын тұрған жоқ па?! Бұл мәселеге болашақта кино саласының мамандары баса назар аударғаны жөн», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Қазақстанның Кинематографиялық өнер мен ғылымдар ұлттық академиясының президенті Рашид Нұғманов өзінің тарихи тақырыпқа деген көзқарасын былайша түсіндіреді. Бүгінде режиссер Рашид Нұғманов Шыңғысханның немересі, Алтын Орданың негізін қалаушы, XIII ғасырдың ұлы саяси қайраткері – Батуға арналған деректі фильмнің өндірісін қолға алған.

«Атышулы саясаткерлердің Қазақстанның мемлекеттілігінің жоқтығы туралы мәлімдемелерінен кейін, тарихи тақырыптың өзектілігі арта түсті. Алтын Орданың негізін қалаушы – Батуға арнаған жобамыз Ресей тарихымен тікелей байланысты. Бату мен православтық шіркеу әулие дәрежесіне көтерген Александр Невскийдің жақын қарым-қатынасына ғасырлар бойы түрлі баға берілді, кейбіреулер жағымсыз нәселер айтса, кебіреулер оған оң көзқарасын білдірген. Олардың өзара байланысы екі ұлт пен екі мемлекеттің өзара қарым-қатынасын көрсетеді деп пайымдауға толық негіз бар. Олардың қарым-қатынасы кез келген қысқа мерзімді идеологиялық мақсаттарға қарағанда әлдеқайда терең екенін уақыт дәлелдеді және әрі қарай дами беретіні сөзсіз. Ал қай бағытта дамитындығы, әрқайсымызға байланысты.  

Екі мәдениеттің бір-біріне қандай пайда әкелгенін, қарсылықтар мен соғыстарда аман қалуға мүмкіндік берген олардың ішкі байланысы қандай екенін түсіну суретшілердің борышы. Қарапайым халықтардың арасында күрделі қарым-қатынастар орнатуға тырысып, оларды өзара қабылдамауға, немқұрайдылыққа және жеккөрушілікке итермелегенде, кинематографистер мұндай тенденцияларға өнер тұрғысынан баға беруге міндетті.  

Көркемдік көзқарастың саяси мүдделер мен тарих ғылымы сияқты қоғамда орын алуы маңызды. Бұл өткенді зерделеудің, бүгінді бағалаудың және болашақты бағдарламалаудың маңызды құралы. Мен Президенттің тарихты көркемдік тұрғыдан қайта қарастыруға шақыруын қолдаймын және бұл процеске тікелей қатысуым қажет екендігін сезінемін. Біздің команданың дұрыс жолда екені тағы да расталды» деді.

Бұдан кейін Қазақ елінің тарихын таспалайтын сапалы туындылар жарық көреді деген сенім бар. Ең бастысы, сең қозғалды. Ендігі бар үміт кино саласының майталмандарына артылып отыр...

Тегтер: