8 Маусым 16:44
...

Елеусіз қалған Іле

Фото:

Атақты Тянь-Шань тауларынан бастау алып, сағасы Балқашқа құятын Іле өзенін қазақ халқы «су болса да, нұр» деп қастерлеген. Ағынды суға, тіпті, шекара да шектеу қоя алмаған-ау, Қытай мен Қазақстан елін «өзіндей» көріп, бөтенсімей,  еркелеген күйі еркін ағады. Ұзындығы 1439 шақырым болатын бұл өзеннің 815 км-і Қазақстанға тиесілі.  Іле су көлемі бойынша, біздің мемлекетте Ертіс пен Жайықтан кейінгі 3-ші орында. Іле өзені Текес және Күнгес өзендерінің бірігуі арқылы Бaлқaш көліне құяды. Оған қоса, Қапшағай су қоймасын қамтасыз етіп отыр. Екі елді еркін төстеп, сағасымен Балқашты кеңейткен осындай су қайнары жылдан-жылға тартылуда. Ластану жағы да күн өткен сайын күшейіп келеді.  Залалы кімнен, себебі қайсы?

Іле өзенінің тартылуы мен ластануы – Оңтүстік өңірдің экономикасы мен экологиясына әсер ететін басты фактор. Сол себепті көз жұма қарау орынсыз. Елімізде Іле өзенін күріш алқабы мен шеңгел массивтерін игеру барысында минералды тыңайтқыштар мен химиялық препараттар өте көп қолданылған. Соның әсерінен өзен суының сапалық құрамы төмендеуде. Шелек, Есік сияқты Ілеге құятын өзендер толығымен егін суаруға, мегаполисті сумен қамтамысыз етуге кетіп жатыр. Іле өзенінің тартыла бастауына осы жағдайдың да тікелей қатысы бар.  

Іле өзені – тек Қазақстанның емес, көрші Қытай мемлекетінің де ауыл шаруашылығының қайнар көзі. Өзен суы негізінен суармалы егіншілікке, өнеркәсіптік-коммуналдық қажеттіліктерге пайдаланылады.

«Baytaq» Жасылдар партиясының аудандық төрағасы Орал Дәуітұлының айтуынша, Іле өзенінің 70%-ы ҚХР-да болғандықтан, өзенге келтірілген залалдар да осы елден басталады.

«Іле өзені бойындағы зауыт-фабрика мен егістіктердің зардабынан су мөлшері азайып, судың  сапасы төмендеуде», - дейді Орал Дәуітұлы.

Құлжа қаласы мен ірілі-ұсақты елді мекендеріндегі түрлі өнеркәсіптік, тұрмыстық және ауылшаруашылығынан шыққан зиянды нәрселердің барлығы өзенге кеп құйылады. Салдарынан өзеннің біздегі бөлігі де ластануда. Іле өзенінің Қазақстандағы қорықшыларның айтуынша, жағадан табылатын қоқыстардың көп бөлігі – қытай бөтелкелері. Осыған қарап, өзенге келтірілген зиянды байқауға болады.

Балқашқа ағып келетін өзеннің негізін Іле құрайтындықтан, батыс жағы тұщы және лай болып келеді. Сол үшін де көлдің экологиялық жағдайы алаңдаушылық тудыруда.

Су ресуртарының маманы Кәрібай Айгерім Абайқызынан «Балқаш пен Арал тағдырын қайталауы мүмкін бе?» деп сұрап көрдік.

«Қазіргі сәтте климаттың өзгеруі мен суды үнемді пайдаланбауымыздың арқасында Балқаш көлінің тартылуы мүмкін. Су саласында тұйық көлдердің экосистемасын бірқалыпты ұстап тұруға арнайы экологиялық ағын есептеледі және сол суды жіберіп отыру керек. Балқаштың жағдайында бұл экологиялық ағын (Іле өзенінің қанша бөлігін Балқашқа жіберіп отыру керектігі) есептеліп, көрші мемлекетпен келісілген. Бірақ қазіргі таңда осыны қадағалайтын және  келген суды бақылап отыратын министрліктің деңгейде орган жоқ. Егер дұрыс басқарылып, су дұрыс пайдаланылса, Балқаш көлі Арал тағдырын қайталайды деп айта алмаймын», - дейді Айгерім Кәрібай.

Іле өзенінің тартылуына байланысты Балқаш көлі де тартылып, құрғаған аймақтарынан тұзды шаң көтеріліп, климатқа кері әсерін тигізген. Бұрын соңды болмаған аңызақ жел келіп, өңірді қуаңшылық басты. Соның әсерінен көл жағасындағы жасыл желектер де азайған. Құрғаған аймақтарында улы шөптер өсіп, оны жеген мал да зиянға ұшырауда.

Аталған проблемалар өршіген сайын «Арал трагедиясы қайталана ма?» деген үрей пайда болады. Мамандардың айтуынша, бұл экологиялық мәселе тек оңтүстік аймаққа емес, бүкіл Қазақстанға экология жағынан да, экономика жағынан да  қауіп төндіреді. Сол үшін Іле өзенін қолдану кезінде үнемдеу жолдарын қарастыруымыз керек. Ылғал сүйгіш дақылдарды егуді мейлінше азайтқан тиімдірек. Іле өзенін құтқару арқылы Балқашқа қатысты мәселені де шеше алатынымыз анық. Адамзатқа төнген қауіптің бетін осылайша сейілте аламыз. Өзенді толығымен бақылауда ұстаған да жөн.

Мақсатқызы Марал

 

Тегтер: