12 Шілде 08:55
...

Елде демалғың-ақ келеді, бірақ...

Фото:

Биыл демалыс қымбатқа түсіп жатыр. Шетел тұрмақ, Қазақстан ішіндегі демалыс орындарының бағасы аспандап кеткен. Таяуда отандық туристік қауымдастық басшысы Рашида Шайкенова бір ғана Алакөлге бару бағасы 30 пайызға өскенін айтқан еді. Шын мәнінде, 40-50 пайызға көтерілгеніне көз жеткізуге болады.  

Демалушылардың таңдауы көбінесе Алакөл, Балқаш, Бурабай, Каспий жағалауына түседі. Себебі, аптап ыстықта су жағасында жатпасаң, несі демалыс? Сонымен, елдегі демалыс орындарының бағасын сіз де біле жүріңіз.

Алакөлдегі «ыстық» баға

Жұрт жаз мезгілінде ағылатын Алакөлге біздің де барғымыз келген. Қазір демалыс орнын ұсынатын кәсіп иелері Инстаграмнан парақша ашып алып, бүкіл ақпаратын сонда салып отыр. Әуелі соларға телефон шалып, бағасын білуге асықтық.

Былтырғы 7-8 мың болған орындар екі есеге өсіп кетіпті. Үш мезгіл тамағы, жатын орны бар бөлмені бір күнге жалға алу құны – 19-20 мың теңге. Бұл – ішінде жуынатын бөлмесі, теледидары, тоңазытқышы, желдеткіші бары. Және көлге жақын орналасқаны да бағаға әсер етеді. Ал ішінде құр төсектен басқа ештеңе жоқ бөлмені арзанырақ табуға болады. Бірақ қапырық бөлмеде масаға таланып жатасыз.

Booking сайтында тамыз айының ортасына таман Алакөлдің Қабанбай жағынан, яғни Ақши кентінің қонақ үйлерінде екі ересек адамға алты түнге арналған нөмірлердің құны 96 мың теңгеден 270 мың теңгеге дейін. Дәл қазір мұнда баға бұдан да қымбат. 

Ендігі кезек – билет іздеу. Дәл қазір шілде айының аяғына дейін билет жоқ. Алакөлге қарай қосымша пойыздар көптеп жүргізілсе де, билет таба алмай жүрген адам қарасы көп. Ал Алматыдан Алакөлге дейінгі 650 шақырымды көлікпен жүріп өтуге ешкімнің жүрегі дауаламайды. Себебі, «баяғы жартас – сол жартас», жылда жыр болған жол бітер емес. Бұл жол, керісінше, демалуға деген құлшынысыңды басып, қайтарда алған әсеріңді жуып-шайып кетеді.

«Алматы 2-Достық» бағытындағы пойызға (29 шілде күніне) плацкарт бағасы 11 780, ал купеге 18 733 теңге. «Алматы 2-Жалаңашкөл» бағытына да солай. Алдын ала, яғни бір ай бұрынғы бағаның сиқы. Ал ұшақтың бағасы туралы айтудың өзі артық.  

Бурабайды көрдің бе?

Қазақстанның ең көрікті жерлерінің бірі саналатын «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағын көрген адамда арман жоқ дейді барғандар. Солай шығар-ау, бірақ бағасын қаймана халықтың қалтасын көтермейтіні анық.

Booking-ті шарлағанымызда көзге көрінгені мынау. Тамыз айындағы алты түндік тур бағасы 68 мыңнан басталып, 1 млн 260 мың теңгеге дейін жетеді. Онда да орынды  алдын ала брондап қойсаңыз ғана.  

Балқаш: «Көк теңіз» бе, «Ақ теңіз» бе? 

Балқаш туралы алғашқы жазба деректер ХІІІ ғасырдан белгілі екен. Көлді тиянақты зерттеу XVII ғасырда басталған. Орыс картографы және тарихшысы Семен Ремезов деген ғалам 1695 жылы «Бүкіл Сібір жері мен қалаларының сызбалары» атты атласында Балқашты «Теңіз» деген атаумен көрсеткен.

XVIII ғасырдың басында көлде геодезиялық өлшеу жұмыстары жүргізілген. Балқаш XIX ғасырда К Лапроттың (1836) және швед картографы Иоганн Ренаттың (Жоңғарияның картасын жасаған ғалым) карталарында бейнеленген. Басқа да шетел ғалымдарының еңбектерінде Балқаш туралы біршама дерек кездеседі.

Орыс ғалымдары да зерттеген. Қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов та Балқаш алабына ат басын бұрып, зерттеп, сипаттама жазған. «Көк теңіз» деп те, «Ақ теңіз» деп те атаған көлдің қай заманнан бастап «Балқаш» атала бастағаны белгісіз. 

Балқаш – Азиядағы ең ірі су қоймаларының бірі. Бұл көл Қазақстанның үш облысының аумағында орналасқан: Алматы, Жамбыл және Қарағанды. Көлдің жалпы ауданы 16,5 мың шақырымды құрайды. Пішіні жарты айға ұқсас. Оның ұзындығы 600 км, ал ені 70 км-ге дейін жетеді. Ең терең жері – 26 метр. Геологтардың пікірінше, ол 35000 жыл бұрын пайда болған. Балқаштың басты ерекшелігі: оның бір бөлігі – тұшы судан, ал екінші бөлігі – тұзды судан тұрады. 

Көлемі жағынан Каспий, Арал теңіздерінен кейінгі үшінші орындағы Балқаш көлінде демалу үшін тамыздың басында қонақ үйден екі адамдық орынды бір аптаға 155 мың теңгеге, ал өзен жағалауындағы саяжайды бір аптаға жалдау құны 283 500 теңге шамасында.  

Каспий жағалауы қалталыларды шақыра ма?

Каспий теңізіне жұрт емдік шипалы балшығы және табиғи минералды көздері үшін барады. Мұнда тамыз айында баруды жоспарласаңыз, Booking арқылы жағажайдан алшақ орналасқан қонақ үйден екі адам бір аптаға 40 мың теңгеге бөлме жалдай аласыз. Ал танымал қонақ үйлерде екі адам үшін бір аптаға нөмір жалдау құны 1 млн 300 мың теңгеге дейін жетеді.

Қазақстан туристік қауымдастығы ұсынған мәліметтерге сәйкес, жеңілдікпен, яғни алдын ала брон бағасымен есептегеннің өзінде Ақтауда бір күн тынығу құны 25 мың теңгеден басталады.

Санаторийлердің бағасын кім реттейді?

Жаз мезгілінде егде кісілер санаторийлерде демалғанды құп көреді. Алайда, қазір олардың да бағасы да шарықтап кеткен.

«Koktem Resort» санаторийіне хабарлассақ, 25 тамызға дейін орын жоқ екенін айтты. Бағасына келсек, стандарт орын – 23 500 теңге. «Almaty Resort» бір күндік бағасы – 34 мың. «Алтын Қарғалы» санаторийі – 24 мың, егер емді қоса алсаңыз – 33 мың теңге.

\

«Жаркент-Арасан» емдеу-сауықтыру кешенінде қараша айының 15-іне дейін орын жоқ. «Аққайыңда» да солай. Мұндағы баға да 20 мыңнан жоғары. Ем-домын алсаңыз, баға да өзгере береді. Бір қызығы, бөлмелері талай жылдан бері жөндеу көрмесе де, жұрттың аяғы үзілмейді екен.

Kazakh Tourism компаниясы былтыр отандық демалыс орындарында 7 миллионға жуық адам демалғанын хабарлады. Одан туристік орындар 109 миллиард теңге пайда тапқан. Ұлттық компания биылғы табыс одан да жоғары болатынын болжап отыр. Себебі, 3 облыстың құрылуына байланысты жаңа тур бағыттары ашылып жатқан көрінеді.

Бірақ баға өскенмен, сапа жақсарған ба? Алакөл, Балқашқа барып келгендер әжетхана мәселесі әлі шешімін таппағанын айтуда. Құмырсқадай қаптаған адам әжетін қалай және қайда өтеп жатқаны да қызық. Кейде біздегі демалыс орындарының бағасын шолып, сервистік жағын көріп, шетелге тартып кеткің-ақ  келеді. Бірақ... 

Тегтер: