26 Қазан 19:56

«Еңбек» бағдарламасы бойынша 377 мың адам жұмысқа орналастырылды

Фото:

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов Үкімет отырысында Қазақстан халқын жұмыспен қамту шаралары туралы айтып берді.

Алматы, NEGE. Өз сөзінің басында министр еңбек нарығының негізгі көрсеткіштерінің оң серпінін атап өтті, бұл оның 2020 жылмен салыстырғанда біртіндеп қалпына келгенін көрсетеді.

«Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сәйкес ағымдағы жылғы 2- тоқсанда жұмыс күшінің саны 9,3 млн. адамды құрады. Оның ішінде жұмыспен қамтылғандар саны 73 мың адамға артты. Салалар бойынша қызмет көрсету саласының үлесі басым, онда өсім 48 мың адамды құрады.

Бұдан басқа, пандемия басталғаннан бері нәтижесіз жұмыспен қамтылғандар саны 12,2% - дан 7,4% - ға дейін қысқарды, ал нәтижелі жұмыспен қамтылған халық саны 102 мың адамға ұлғайды. Жұмыс берушілердің бастамасымен уақытша жұмыспен қамтылмағандар саны 12,3 есеге – 5 мыңнан 400 адамға дейін азайды», – деді ол.

Серік Шәпкенов жұмыссыздық 4,9% деңгейінде сақталғанын, ал жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі өткен жылмен салыстырғанда төмендеп, 3,7% - ды құрағанын атап өтті.

Еңбекминінің басшысы ағымдағы жылы жұмыспен қамту шараларымен шамамен 1,2 млн адамды қамтамасыз ету жоспарланғанын, оның 700 мыңы – «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде, 42 мыңы – Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы арқылы және 440 мыңы – жаңа жұмыс орындарын құру арқылы қамтамасыз етілетінін атап өтті. Бүгінгі таңда 1 миллионға жуық адам халықты жұмыспен қамтуды қолдау шараларымен қамтылды.

«Ағымдағы жылдың 9 айында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 377 мың адам жұмысқа орналастырылды, олардың 70%-ы тұрақты жұмысқа тұрды. Барлығы 65 мың адам оқумен қамтылды. Бұдан басқа, кәсіпкерлікті қолдау бағыты бойынша 29 мың адам микрокредиттер мен өтеусіз гранттар алды, олардың 25 мыңнан астамы өз ісін алғаш рет ашып, қосымша 8 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарын құрды. Солтүстік өңірлерге 5,5 мың адам қоныс аударды, олардың ішінде 2,3 мың адам еңбекке қабілетті жаста. Оның ішінде 1,8 мың қоныс аударушы жұмысқа орналастырылды.

Осылайша, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында көзделген «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы 83%-ға орындалды. Ақмола, Қостанай, Павлодар, Жамбыл облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында барлық көрсеткіштер толық көлемде орындалды», – деді Серік Шәпкенов.

Министр «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының маңызды бағыты қысқа мерзімді оқыту болып табылатынын, оны биыл 13,2 мың адам аяқтағанын атап өтті. Оның 81% - ы жұмысқа орналастырылды.

Сондай-ақ, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасымен ағымдағы жылы Электрондық еңбек биржасында пилоттық режимде 5 мың жұмыссыз азаматты тегін онлайн-оқытумен қамтамасыз ету көзделген, оның 93%-ы курстарды тыңдап, сертификаттар алды.

«Электрондық еңбек биржасы базасында азаматтарды онлайн-оқытуды ұйымдастыру үшін 1 шілдеден бастап жұмыс істей бастаған арнайы портал әзірленіп, іске қосылды. Бүгінгі таңда порталда 135 курс авторы және 11 мыңға жуық қолданушы тіркелген. Курстардың жартысынан астамы тегін және кез келген қазақстандық үшін қолжетімді. Іске қосылған сәттен бастап барлығы 6,6 мың адам оқытудан өтті, оның ішінде 4,8 мыңы – тіркелген жұмыссыздар. Кәсіпкерлікті дамыту бойынша жаңа ұлттық жоба аясында еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша онлайн-оқытуды портал арқылы дамытатын боламыз», – деп атап өтті Серік Шәпкенов.

Министр сондай-ақ Ұлттық жоба аясында кәсіпкерлікті қолдау шараларын «бір терезе» қағидаты бойынша онлайн-портал арқылы ұсыну көзделіп отырғанын айтты.

«Аудандардың экономикалық мамандануын анықтау үшін 163 мастер-жоспар әзірленіп, мемлекеттік гранттар мен микрокредиттер осы мастер-жоспарларда қарастырылған бағыттар бойынша ұсынылатын болады. Мемлекеттік гранттар беру процесі толығымен автоматтандырылады. Бұл оларды беру кезінде адами факторды болдырмайды, өтінімдерді қарау мерзімін едәуір қысқартады.

Сондай-ақ, Ұлттық жоба аясында 2025 жылға дейін 150 мың адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарлануда, жастар мен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 100 мың жаңа бизнес идеяны іске асыру үшін қайтарымсыз мемлекеттік гранттар беру көзделуде», – деді Еңбекминінің басшысы.

Сонымен қатар, Серік Шәпкенов Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасын жүзеге асыру барысы туралы айтып өтті. 225 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде, оларға 7,7 мың адам жұмысқа орналастырылды.

«Өзге мемлекеттік бағдарламалар мен жеке бастамалар аясында бүгінгі таңда 464 мың жұмыс орны құрылды, оның 56%-ы тұрақты болып табылады. Бұл жұмыс орындарының басым бөлігі «Нұрлы жер», «Аумақтарды дамыту» бағдарламалары мен жеке бастамалар аясында құрылуда», – деді министр.

Еңбекминінің басшысы цифрлық жұмыспен қамту орталықтарын енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы да айтты.

«Жыл басынан бері жұмыссыз ретінде тіркеу, жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемдер тағайындау және субсидияланатын жұмыс орындарына жолдама беру қызметтері Электрондық еңбек биржасы арқылы толық автоматтандырылды. Осы уақыт ішінде 122 мыңнан астам азамат жоғарыда аталған қызметтерді онлайн-режимде алды. Оның ішінде 44 мың адам портал арқылы жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болды және 15 мыңнан астам адам жұмысынан айрылуына байланысты әлеуметтік төлемдер алды.

2022 жылы «Бастау бизнес» жобасы бойынша процестерді автоматтандыру, мемлекеттік гранттар, микрокредиттер беру, жұмыс орнында және жұмыс берушінің тапсырысы бойынша оқыту жүргізу жоспарлануда. Бұл жұмыспен қамту саласындағы барлық қолдау шараларын автоматтандыруды 100%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Серік Шәпкенов.

Баяндама соңында министр еңбек нарығындағы өзгерістердің перспективалары, пандемиядан, жаңа демографиялық жағдайдан және басқа да факторлардан туындаған жаңа талаптар туралы айтты.

«Біріншіден, жұмыс күшіне қойылатын талаптар тез өзгеруде. Сарапшылардың пікірінше, алдағы 5 жылда жұмыс күшіне қажетті негізгі дағдылардың 40%-ы өзгереді, осыған байланысты әрбір екінші қызметкерді қайта даярлау қажеттілігі туындайды.

Екіншіден, бұл демографиялық тәуекелдер. Өнеркәсіп саласында кадрлардың қартаю процесі жүріп жатыр. Бұл салада жұмыс істейтіндердің 20%-ы ғана жастар. Алдағы уақытта жұмыс күшінің 74% - ын «миллениалдар» және «Z» дәуірінің өкілдері құрайтын болады.

Және соңғысы –  жұмыстың жаңа форматтары. Қазіргі уақытта «еркін табыс экономикасы» немесе гиг-экономика, фрилансерлер қарқынды дамуда. Олардың қызметін заңнамалық реттеу және еңбек құқықтарын қорғау бойынша шаралар қабылдау қажет», – деді Серік Шәпкенов.

Ол еңбек саласын бейімдеу үшін министрлік «Кәсіптік біліктіліктер туралы» заң жобасы, Әлеуметтік кодекс жобасы аясында ұлттық біліктілік жүйесін дамыту, жұмыс күшін кәсіптік оқудан өтуге ынталандыру бойынша бірқатар бастамаларды іске асыратынын хабарлады.

Сондай-ақ, Электрондық еңбек биржасы базасында онлайн-оқыту порталын дамыту, кәсіптік бағдарлау бойынша электрондық сервистерді құру, икемді жұмыс режиміндегі қызметкерлерді қолдау бойынша жұмыс жүргізілуде.

 

 

 

Тегтер: