Рахмоновтың жұбайы 5 жылға сотталды
Шавкат Рахмоновтың бұрынғы жұбайы Гүлайым Рахмоноваға 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Астана, NEGE. Мемлекеттік айыптаушы айыптау актісін оқып, айыпталушының кінәсі толық дәлелденгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, әрекет Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі бойынша сараланады.
Мемлекеттік айыптаушы осы бапта көзделген ең төменгі жаза ретінде 5 жыл бас бостандығынан айыруды, сондай-ақ 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айыруды сұрады. Сондай ақ, Қылмыстық кодекстің 74-бабы 1-бөлігін қолдануды ұсынып, жазаны 5 жылға кейінге қалдыруды өтінді. Себебі, айыпталушының кәмелетке толмаған балалары бары ескерілген. Осы кезеңде оған пробациялық бақылау белгіленіп, тұрғылықты жері бойынша есепке алу қарастырылмақ.
Сот сондай жаза тағайындады.
Жәбірленуші тарап та, айыпталушының өзі де соттан қатаң жаза қолданбауды өтінді. Қаза тапқан қыздың әкесі айыпталушыны кешіргенін тағы да қайталап, бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады.
Бұдан бөлек, сот барысында Гүлайым Рахмонова ажырасу процесі жүріп жатқанын және өзі төрт баламен жалғыз қалғанын айтып, көпбалалы ана ретінде жеңілдік жасауды өтінді.
Еске салсақ, жол-көлік оқиғасы 27 шілде күні таңертең Алматы – Екатеринбург тасжолының 299-шақырымында болған. Полиция мәліметінше, Toyota Land Cruiser 200 көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, көлік аударылып кеткен. Апат салдарынан екі адам қаза тауып, Рахмоновтың жұбайы мен ұлы ауруханаға жеткізілген. Сот процесі басталғанда Гүлайым Рахмонова куәгер ретінде қатысты, кейін айыпталушы ретінде танылды. Сот тыңдалымы кезінде оның жол қозғалысы ережелерін бұзу деректері қаралған еді. Нәтижесінде, апатқа дейінгі бір жыл ішінде оған қатысты 19 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелгені мәлім болды.