7 Қазан 09:24

«Дәрмек» операциясы: Есірткі  саудасына байланысты медицина қызметкерлері жауапкершілікке тартылып жатыр

Фото:

Жыл сайын өткізлетін «Дәрмек» жедел-алдын алу іс-шарасы есірткі саудасына байланысты бірнеше заңсыздықтарды анықтаған. Есірткімен күрес үздіксіз жүргізіліп отырады. ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы полиция полковнигі Әмірханов Бахытжан Кәдірбекұлы Nege.kz порталының тілшісіне «Дәрмек» операциясының биылғы нәтижесімен бөлісті.

– «Дәрмек» операциясы қалай жүргізіледі?                                                                                                        

 «Дәрмек» жедел-алдын алу іс-шарасы Ішкі істер министрінің тиісті бұйрығы негізінде, 4-кезеңге бөлініп жыл сайын өткізілетін шара.

Операция денсаулық сақтау субъектілері мен өнеркәсіптік кәсіпорындардағы есірткі құралдарының, психотроптық заттар айналымы саласындағы заң бұзушылықтарды анықтауға және жолын кесуге бағытталған.

Республика аумағында есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы саласында өз қызметін жүзеге асыратын екі мыңға жуық ұйым жұмыс істейтінін атап өткен жөн.

Жедел алдын алу іс-шараларын жүргізу кезеңінде құрамында есірткі және психотроптық заттар бар дәрілік заттарды рецептісіз жіберу фактілерін құжаттауға ерекше көңіл бөлінеді. Заңдылықты сақтау, негізсіз тексерулер мен кәсіпкерлер мен шаруашылық жүргізуші субъектілердің құқықтарын бұзу фактілерін болдырмау мақсатында тексеру  бірқатар нормативтік құқықтық актідердің талаптарының сақталуымен жүзеге асырылады.

Есірткінің заңды айналымы туралы айқан кезде, «дәріханалық» нашақорлық туралы айтпауға болмайды.

Себебі, дәріханаларда құрамында есірткі бар және құрамында есірткі заттары жоқ, бірақ есірткіге мас болуды тудыруы мүмкін бірқатар препараттар бар. Олардың ішінде ең қауіптілердің бірі – ол трамадол препараты-синтетикалық опиоидты анальгетик немесе героиннің синтетикалық опиаты.

Трамадолдан басқа, эйфория жағдайын тудыратын дәрілер бар. Бұл "Тропикамид" және "Цикломед"көз тамшылары.

Бұрын бұл препараттар тыйым салынған есірткі заттарының тізіміне жатқызылмаған және полицияның юрисдикциясына жатпаған. Маусым айында Үкімет қаулысымен олар күшті заттар тізіміне енгізілді. (ҚР 2021 жылғы 10 маусымдағы №396 "адам өмірі мен денсаулығына зиянды әсер ететін күшті әсер ететін заттардың тізбесін айқындау туралы"қаулысы).

Бұл полицияға осы препараттардың айналымын бақылауға алуға және күшті заттардың заңсыз айналымы үшін адамдарды жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді.

– «Дәрмектің» көмегімен ашылған қылмыстың нақты статистикалық мәліметі қандай?    

– Биылғы жылы 22-26 ақпан, 24-28 мамыр және 6-12 қыркүйек аралығында республика аумағында «Дәрмек» жедел алдын алу іс-шарасының 3-кезеңі өткізілді. 

Жедел алдын алу іс – шарасы барысында есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы саласындағы қызметті жүзеге асыратын 2252 субъект тексерілді, оның ішінде: 1299 дәріхана, 242 қойма, 533 емдеу мекемелері және 178 өнеркәсіптік кәсіпорын.

Айналымнан 4664 есірткі ампуласы, 4083 таблетка алынды. 67,2 тоннадан астам прекурсорлар айналымы шектелді. Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңды айналымы саласында 58 қылмыстық құқық бұзушылық анықталды. 

Бұдан басқа, 302 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Әкімшілік жауапкершілікке 302 адам тартылды, оның ішінде 158 медицина қызметкері.                      

– ІІМ-де қабылданып жатқан ұйымдастырушылық және практикалық шаралар кешені елдегі есірткі ахуалын толық бақылауда ұстауға мүмкіндік бере алды ма?                                                                                                                 

– 2021 жылдың 8 айында есірткі қылмыстарын тіркеудің оң нәтижесі байқалды. Осылайша, 5300 құқық бұзушылық (4886-2020 ж.) анықталды. 8 айда 972 сотқа дейінгі тергеу материалы өндіріспен аяқталып, 964 іс сотқа жолданды. Тіркелген 1661 (1492-2020 ж.)   есірткі қылмысының ішінде 991 өткізу фактісі (912-2020 ж.), аса ірі көлемде есірткі сақтаудың 270 дерегі тіркелді  (230-2020 ж). Есірткі бизнесі саласындағы 7 ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі жойылды (3-2020 ж), олардың көшбасшылары мен қатысушыларына қатысты 14 қылмыстық іс қозғалды. Есірткі пайдалануға арналған притон ұйымдастыру және ұстаудың 8 фактісінің жолы кесілді. Контрабанданың 81 фактісі анықталды.

Есірткі кірістерін заңдастыру фактісі бойынша 1 қылмыстық іс қозғалды. 11 есірткі зертханасы жойылып, нәтижесінде 100 кг астам қолдануға дайын есірткі және 3,5 тонна прекурсор алынды (өткен жылы – 8 зертхана жойылды). Биылғы жылдың 8 айында Ішкі істер органдарымен заңсыз айналымнан 12,5 тонна есірткі алынды (8,7 тонна марихуана, 371 кг гашиш, 4,2 кг героин).

Қазіргі таңда интернет технологиялардың дамуына және сұраныстың синтетикалық есірткілерге көптеп болуына байланысты  есірткі  саудасы түрлене түсті. Бұрынғыдай белгілі  бір адаммен кездесіп қолма қол ақша арқылы  алу  әдісі  келмеске кетті десек те болады.

Осы орайда 2018 жылы есірткі нарығындағы жағымсыз өзгерістерге дер кезінде ден қою мақсатында Мемлекет басшысының қолдауының арқасында жаңа психобелсенді заттарды бақылауға енгізу тетігін жеңілдететін нормалар қабылданды.

Нәтижесінде, соңғы бірнеше жылда ең қауіпті синтетикалық есірткілерді алу көлемі жиырма есеге артты (2018 жылы 5,2 кг – нан 2020 жылы 100 кг – ға дейін).

Осылайша, Қарағанды облысында трансұлттық ҰҚТ қызметінің жолы кесіліп, көшбасшысы мен 7 мүшесі ұсталды.  Олар 2020 жылдың тамызынан бері  интернет-ресурстары арқылы байланыссыз жолмен  синтетикалық есірткіні өткізумен айналысқан. Оларды ұстау барысында жалпы салмағы 11 кг  синтетикалық есірткі алынды.  

Қылмыстық топқа қатысты есірткі өткізу, трансұлттық қылмыстық топ құру баптары бойынша қылмыстық істер қозғалды. 2020 жылы күшіне енген Қылмыстық кодекске енгізілген толықтыруларға сәйкес  есірткі, психотроптық заттарды өткізу мақсатында  заңсыз өткізу бабына (297-бап) электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы деген тармақ қосылды. Аталған қылмыс үшін 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырумен жазаланады. Осы бап бойынша, яғни интернет-ресурстарын қолдану арқылы есірткі  өткізу (сату)  фактісі бойынша 69 қылмыстық іс тіркелді.                      .

Сондай-ақ, аталған заңмен тағы екі бапқа толықтыру енгізілді.Енді электронды ресурстар арқылы есірткі қолдануға көндіргені үшін 3 жылдан 8 жылға дейін  бас бостандығынан айыруға болады. Ал олардың көмегімен есірткі өндірісінде пайдаланылатын заттардың айналымы үшін 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 

Жыл басынан бастап ішкі істер органдарымен  3939 граффити  жазу өшірілді (2020 жылы 4766 жазу).  2021 жылдың 8 айында есірткі жарнамасы фактісі бойынша 58 қылмыстық іс тіркелді.

Халық арасында, әсіресе жастар арасында қарқын алып келе жатқан синтетикалық есірткілердің таралуын жою мақсатында барлығын, оның ішінде жай ғана немқұрайлы емес азаматтарды қоғамда короновирустық инфекцияның таралуына жол бермеу бойынша жасалып жатқан сияқты барлық күш-жігерді қоса отырып, есірткісіз салауатты өмір салтын насихаттаумен айналысуға шақырамын.

– Есірткімен ұсталғандарға қандай жаза қолданылады?    

– Қылмысық Кодексте жалпы қылмыстардың ішінде есірткінің заңсыз айналымымен байланысты қылмыстарды жасағаны үшін  оншақты бап көзделген. Оның ішінде  есірткіні заңсыз сақтау, тасымалдау, өткізу,  ұйымдасқан қылмыстық топ құру,  контрабанда, есірткі тұтынуға арналған притон ұстау, есірткінің заңсыз айналымына  тарату,  есірткі жарнамасы мен насихаттау.     

Бұл қылмыстардың ішінде ең ауыр жазаның түрі 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыруды  көздейді. 

  "Дәрмек" операциясы шетелдік тәжірибеге жүгіне ме?

– Жоғарыда айтып кеткендей, аталған операция   Ішкі істер министрі бекіткен жедел-профилактикалық іс-шаралар мен арнайы операцияларды жүргізу кестесіне сәйкес бұйрық негізінде жүзеге асырылады. Шетелдік тәжірибеге  негізделмеген.

Тегтер: