19 Қараша 20:31

Бестамақта халық бас көтерді

Фото:

Әлеуметтік желіде Ақтөбе облысында жүздеген адамның шошқа фермасына барып, наразылық танытқаны, әлдекімді ұстап алмақ болғаны туралы видео тарады. Наразы топтың сөзінен түсінгеніміз, жылдар бойы шошқа өсіріп, оның етін сатумен айналысып келген кәсіпкерге жұрт наразы. Неге?

Ақтөбеден 20 шақырым жерде Бестамақ шошқа фермасы бар. Шошқа фермасының қожасы – Гаик Тертерян. Ферма басшысы мен жергілікті тұрғындарының арасындағы қырқыс бүгін басталмаған.

Жылдар бойы дем алуға мүмкіндік бермейтін өлексе иісіне шыдап келген жұрт кәсіпкердің ісіне қарсылық көрсетті. 

Желіде тарап жатқан видеоға қарасақ, жүздеген адам шошқа фермасына барған. Наразы топ әлдекімнің көлігін тоқтатып, өзін ұстап алмақ болғаны байқалады. Алайда ол көлігімен темір қақпаны соға қашқан. Көлікпен қашқан адам шошқа фермасы басшыларының бірі болуы әбден мүмкін. Тіпті Гаик Тертерянның өзі болуы да ғажап емес.

2014 жылы жергілікті БАҚ Бестамақтың маңынан өлі шошқалар мен қан-жыны араласып жатқанын жазып, видеосын жариялаған. Ауылдан бар-жоғы бір шақырым жердегі «шошқа моласының» сасық иісі қолқаны қауып, тұрғындар далаға шығудан қалғаны сөз болған еді. 

Ферма басында жүргендердің айтуынша, мұнда күніне 300 бас шошқа сойылады. Оның қан-жыны шұңқырда ашық жатыр. Ал фермадан шыққан қалдық су арық бойлай ағып, ауыл маңындағы көлшікке құйылатын көрінеді. 

Бестамақта болған оқиғаға байланысты Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин түсініктеме берді. Оның айтуынша, 10 адамнан тұратын бастамашыл топ құрылған. Құзырлы органдар бұл істі бақылауда ұстайды.

«Бәрі заң аясында болуы керек. Мекеме жұмысын бір күнде тоқтата алмаймыз. Егер заң бұзушылық анықталса, акті толтырылып, сотқа жолданады», – деді А.Бердалин.

Ашық ақпарат көздеріндегі дерекке қарағанда, Бестамақтағы шошқа фермасына «Парижская коммуна ХХІ» ЖШС иелік етеді. Ал оның құрылтайшысы сөз басында аты-жөні аталған Гаик Тертерян.

Тегтер: