25 Сәуір 16:06

Гүлмәрия Тойшыбекқызы: Ұстаздың көрсеткіші – оқушының білім сапасымен бағаланады

Қонаев қаласы
Фото: жеке мұрағаттан

Бұған дейін елімізде білім саласын дамытуға қатысты қаншама бағдарлама қабылданды. Оның ішінде жүзеге асқаны бар, сөз жүзінде қалғаны бар. Бәрінің бір ғана мақсаты болды, ол – педагог мәртебесін арттыру. 

Алайда, «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануына түрткі болды. Ал «Жайлы мектеп» жобасы білім ошақтарының толыққанды заманауи құралдармен жабдықталуына септігін тигізуде. Орта білім беру саласындағы жаңашылдық пен өзгерістер жайында Алматы облысы, Қонаев қаласындағы Д.А.Қонаев атындағы №1 қазақ орта мектебінің тәжірибелі ұстазы Гүлмәрия Тулеуишева Тойшыбекқызынан сұрадық. 

Гүлмәрия Тойшыбекқызы, ұстаз қауымы көптен күткен «Педагог мәртебесі туралы» заңды қалай қабылдады?

– Қонаев қаласындағы Д.Қонаев атындағы №1 қазақ орта мектебінде жоғары сыныптарға қазақ тілі мен әдебиет пәнінен сабақ беремін. Жалпы, өзім 1997 жылдан бері осы мектепте еңбек етіп келемін. Былтыр зейнеткерлікке шықсам да, бүгінге дейін зерттеуші категориясындағы маман ретінде пайдамды тигізіп жүрмін. Оқушыларды оқу сауаттылығы бойынша ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындаймын.

Кез келген білім ошағының жетістігі – оқушылардың білім сапасы көрсеткішімен бағаланады. Біздің оқушылар халықаралық, республикалық, аудандық, қалалық олимпиададан жүлделі орындарға ие болып жүр. Мәселен, республикалық Қ.Бітібаева олимпиадасына қатысып, орын алып, бүгінде Түркияда аспирантурада оқып жүрген шәкіртім бар.

 «Дарын» олимпиадасынан да оқ бойы озық шыққан оқушыларым жетерлік. «Жарқын болашақ», «Ақберен», сондай-ақ республикалық «Балалар оқуы» байқауында облыстық деңгейде 2-ші орын алған оқушыларыммен мақтанамын. Биыл да сол балалар облыстық байқауға қатысып, жеңіске жетті.

Қонаев қаласы
жеке мұрағаттан

«Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасының міндеті – орта білім беру сапасын арттыру. Атап айтқанда, өңірлер, қалалық және ауылдық мектептер арасындағы оқыту сапасындағы алшақтықты азайту. Ұлттық жоба аясында оқушылардың білім сапасындағы алшақтықты азайту бойынша кешенді шаралар қабылданды. Жобаның тағы бір міндеті – мектептерді жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасымен қамтамасыз ету.

Осы жоба аясында қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заң ұстаз қауымы үшін үлкен жеңіспен пара-пар. Қазір мұғалімнің мәртебесі айқындалып, қоғамда үлкен құрметке ие болуда. Бұрын мұғалім не істемеді? Көше тазалауға да шығатын, сайлау кезінде үй-үйді аралап шақыру парақшасын тарататын. Тіпті, балаларды оқумен қамтуға байланысты мекен-жайды бөліп алып, 18 жасқа дейінгі оқушылардың тізімін жасайтын. Өзіміздің негізгі міндетімізден бөлек, осындай қоғамдық жұмыстарды қоса атқаратын едік.

 Білім саласына министр болып келген Асхат Аймағамбетовтің тұсында «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, осындай қосалқы жұмыстан құтылдық. Екінші, қағазбастылықтан арылдық. Нәтижесінде бұрынғыдай есеп беру азайды. Бүгінде біз үш қана құжат толтырамыз. «Күнделік» электронды журналын, қысқа мерзімді жоспарды және бір жылға арналған күнтізбелік тақырыптық жоспарды ғана жазамыз. Тағы бір айта кетерлігі, бұған дейін мектеп мұғалімдерін газет-журналға мәжбүрлеп жазғызатын-ды. Қазір ерікті түрде, оқитын адам ғана жазылады. Мұның бәрі заң аясында реттелді.

Одан бөлек жыл сайын мұғалімдердің еңбекақысы көтеріліп келеді. Мұғалімнің біліктілік санаты бұған дейін бірінші, екінші, жоғары категория деп бөлінетін. Қазір модератор, сарапшы, зерттеуші, шебер деп аталады. Оған 30 пайыздан 50 пайызға дейін үстемақы төленеді. Бұл да ұстаз қауымын қолдаудың бір түрі.

Қонаев қаласы
жеке мұрағаттан

«Жайлы мектеп» жобасы бойынша қандай жұмыс атқарылды? Соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталу қай деңгейде?

– Былтыр мектепке толыққанды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Талапқа сай, түгел жаңаланды десек болады. Биыл бізде физика, химия, биология кабинеті толығымен қажетті зертханалық құралдармен жабдықталды. Әр кабинетке интерактивті тақта қойылды. Бір сөзбен айтқанда, дәл қазір оқушылардың алаңсыз білім алуына толыққанды жағдай жасалған.

Білім беру саласындағы қолға алынған реформаларға көңіліңіз тола ма?

– Соңғы уақытта білім саласында айтарлықтай шаруалар қолға алынғаны қуантады. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде бір әттеген-айға тоқталып өтсем деймін. Қаншама жылдан бері ұстаздық қызмет атқарып келе жатқан тәжірибелі маман ретінде жаңа бағдарлама бойынша қайта басылып шыққан Қазақ тілі мен әдебиеті оқулықтарына көңілім толмайды. Мәселен, Қазақ тілі оқулығын алсаңыз, «Хобби», «Климат» тағы басқа тақырыптар айтылады. Бұрын рет-ретімен келетін грамматика бөлімін былықтырып жіберген.

 5-сыныптың «Қазақ тілі» оқулығын бұрын «Фонетикадан» бастайтынбыз. 6-сыныпта «Морфологияны», 7-сыныпта соны жалғастырамыз, ал 8-сыныпта толық «Синтаксис» тақырыбын оқыдық. 9-сыныпта пунктуация мен стильді оқыдық. Содан кейін, 10-11 сыныпта «Сөз мәдениеті», «Шешендік өнер» тақырыбымен аяқтайтын едік. Ал қазір 5-сыныптың оқулығына әр тақырыптан үзіп-жұлған тапсырмалар берген. Бәрі араласып кеткен.

Әрине, біз мұның бәрін айтып та жүрміз. Осыдан үш-төрт жыл бұрын оқулық авторларымен кездесуге барып, бұл мәселені жеткіздім. Бірақ бізге: «Тілдік бағдар мен бағдарламаны басшылыққа алып, грамматиканы бірге алып жүре бересіздер» деп шығарып салды. Оқулықтар жарық көрген соң бес жылдан кейін ғана жаңартылады. Сол кезде бұл кемшіліктер мен олқылықтар ескеріледі деп сенеміз.

Гүлмәрия Тойшыбекқызы
жеке мұрағаттан

Кейінгі жас буын «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегенді қаншалықты түсініп жүр?

– Кезінде грантты ұту үшін, диплом алу үшін педагогика мамандығына мектепте төмен оқығандар да түсіп, бітірді ғой. Тіпті, 40-50 баллмен қабылдана беретін. Ол ол ма, сырттай оқып алып, мұғалім болып кеткендер де көп. Әрине, олардың білім деңгейі қаншалықты екенін бағамдай беріңіз. Мұның салдарынан оқушылардың да білім сапасы төмендемесе, жоғарыламайтыны анық. Ал соңғы жылдары талап та күшейді. Қазір 70-80 баллдан кем жинаса, түсе алмайды. Енді білімділер ғана, педагог мамандығын сүйетіндер ғана қатарымыздан табылады деп санаймын. Себебі, талап та, міндет те артты. Бұдан былай мұғалімдер де сауатты, білімді болуға ұмтыла түседі.

Қонаев қаласы
Фото: из открытых источников

 – Демек, бүгінгі заманның ұстазы қандай болуы тиіс?

 – Ұстаздың көрсеткіші – оқушының білім сапасымен өлшенеді. Сондықтан кез келген мұғалім сапаға, оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыруға жұмыс істеуі тиіс. Бізден қанаттанып ұшқан түлек мектеп қабырғасында алған білімін әрі қарайғы өмірінде қолдана алуы керек. Соған сай мұғалімге де талап жоғары. Аттестациядан өту де оңай емес.

Одан кейін өзінің және оқушылардың жетістігінен тұратын портфолио тапсырады. Мұның бәрі мұғалімнің білікті болуы, білім сапасын арттыру үшін қолға алынған шара. Мұғалімнен басқа қай мамандық иесі тест тапсырып, жетістігін көрсетіп, ашық сабақ өткізіп жатыр? Ал мұғалім тек сапа үшін жұмыс істейді. Сол арқылы мұғалімнің еңбегі бағаланады. Ұлттың болашағы – ұстаздың қолында.

Мұғалім мектеп бағдарламасымен ғана шектеліп қалмай, жан-жақты болуды көздеп, үнемі білімін жетілдіруі қажет. Одан қала берді, республикалық, облыстық семинарларға қатысып, тәжірибе алмасып, үнемі ізденіс үстінде жүруі тиіс.