10 Наурыз 15:56

Архимед бастаған әкімдер чемпион қызды НЕГЕ жылатты?

Фото:

Ақтөбеге алтын жауғызған спортшыға тоғыз жыл бұрын пәтер кілтін тапсырған әкімдік оның құжатын әлі бермеген. Алды облыс басқаратын үш бірдей шенеунік енді жалғызбасты балуанмен соттасуы мүмкін.   

Алтын алқадан баспанаға дейін

Қазір Алматы облысының Талғар ауданынан пәтер жалдап, Есік қаласында бапкерлік жасап жүрген Айжан Ысмағұлова – Ақтөбенің тумасы. Боз кілемге 10 жасында келген. Спортты алғаш дзюдодан бастаған ол кейін еркін күреске ауысыпты. Жасаөспірімдер арасында Қазақстанның бес дүркін чемпионы. Ересектер тобына ауысқанда да дәл осы жетістігін айнытпай  қайталап, бес мәрте ең биік тұғырдан көрінген. Сондай-ақ, Беларусь, Ресей, Үндістан, Италия, Қытай секілді көптеген елдерде өткен халықаралық жарыстарда Қазақстанның намысын қорғап, талай мәрте олжа салған. Еркін күрестен және грэпплингтен Азия чемпионы, әлем біріншілігінің жүлдегері.

Бір өкініштісі, 2009 жылы күйеуге тиіп, өмірге нәресте әкелгенде ел ішіндегі додаларда – Ақтөбенің, ал халықаралық жарыстарда – Алаштың намысын қорғап жүрген балуан облыстық спорт басқармасына қажет болмай қалыпты.

– Облыстық спорт басқармасының бастығы Асылбек Құлмағамбетов ағамыздың алдынан өттім,  өйткені оған дейін 10 жылдай өнер көрсеттім ғой. Ақтөбе қаласына сан мәрте медаль әкелдім. Бірақ ол кісі айтты: «Сенің балаң кішкентай, жас босандың, күресетін күшің де жоқ, ондай спортшы бізге керек емес» деп менен бас тартты, – дейді балуан.

Бірақ бұл Айжан Қажымұқанқызының көңіліне келсе де, спортқа деген меселін қайтара алмапты. Керісінше, намысқа тырысқан ол 2010 жылы Қарағандыда өткен ел біріншілігіне төрт айлық баласын көтеріп барып, үшінші орынға ие болады. Осыдан кейін Астанаға ауысады. 2012 жылы Қазақстан чемпионатында топ жарады. Тіпті Кореяда өткен Азия біріншілігінде жүлдегер атанып, Олимпиада лицензиясы сарапқа түсетін Қытайдағы ірі додаға жолдама алады.

А.Мұхамбетов

Осы кезде оған Ақтөбе облысының сол кездегі әкімі Архимед Мұхамбетовтен шақырту түсіпті. Күні кеше керек қылмаған Спорт басқармасының бастығы облыс әкімінің сәлемдемесін жеткізіп, спортшының жағдайын жасауға, Ақтөбеден пәтер беруге әкімшілік дайын екенін ескертеді. Айжан Ысмағұлова осылайша Ақтөбеге оралады. Оған облыс орталығынан болмағанымен, өзі туып-өскен Алға ауданының орталығынан екі бөлмелі пәтер беріледі. Кілтін сол кездегі аудан әкімі Айбек Сағиев тапсырады. «Айжан, Қазақстан! Айжан, Қазақстан» деп шулаған көпшіліктің ішінде сол кездегі ірілі-ұсақты шенеуніктер де бар еді.

Бұл туралы баспасөзде жарияланады. «Жеңімпаз пәтерге ие болды» деген мына мақала тіпті Елбасының сөзімен басталыпты. Онда Қазақстанның тұңғыш президенті Нүрсұлтан Назарбаевтың «...бұқаралық спортты дамыту үшін жағдай жасаған жөн» деген сөзі келтірілген.

Өкінішке қарай, Айжанға пәтер тигенімен, құжаты сол күйі берілмеген. Шенеуніктер біріне-бірі сілтеген. Бұл аралықта бірнеше әкім ауысқан. 2018 жылы Алғаның жаңа әкімі Нағымжан Алдияров «Азияның алтынын әкелсең ғана үйдің құжатын аласың» деген шарт қояды. Бұл Айжан үшін соншалық қиын дүние емес еді. Өйткені балуан қыз өзіне сенімді болатын.

Чемпионды еркін күрестен қуған кім?

Бұл Айжанның екінші баласын өмірге әкелген сәті еді. Бірақ боз кілемде сүрінбеген балуан жар таңдауда жаңылған екен. Отбасылық түйткілдерден кейін қосағымен қош айтысады. Дегенмен басты қиындық бұл емес. Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы Азия чемпионатына тәжірибесі мен жетістігі жөнінен Айжаннан әлдеқайда кейін тұрған өзге балуанды таңдайды. Бұл балуан үшін соңғы мүмкіндіктен қағатын сұмдық қиянат еді. Қазақстанға Азияның алтынын сыйлаған еліміздің бес дүркін чемпионы еркін күрестен осылай кетеді.

Г.Манюрова

Неге? Айжан тағы кімге ұнамай қалды? Мұны спортшының YouTube арнасында жариялаған мәлімдемесінен аңғарасыз.

«Гюзель Манюрованың күйеуі Александр Клывановтың әрекеті жағамды ұстатты. Үнемі сыра ішіп, қыздарды балағаттап жүрді. Бір күні маған доп лақтырып, боқтады. Мен қарсы шықтым. Мені ұрып-соғып, шашымды жұлды. Оған Гюзель Манюрованың өзі де қосылды. Соны көріп тұрған бірде-бір қазақ бапкері ара түсуге жарамады», – дейді күйінген Айжан.

Ол кезде Г.Манюрова легионер еді. Ал 2018 жылы ҚР Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Сауат Мыңбаевтың жарлығымен Олимпиада ойындарының күміс және қола жүлдегері Гюзель Манюрова әйелдер күресінің вице-президенті болып тағайындалады. Яғни, спортшы «мені еркін күрестен кетірген Манюровның тепкісі» дейді. Бірақ бұл туралы қолымызда өзге де айғақ-дәлел болмағандықтан, негізгі әңгемеге ойысайық.

Алтынға «тоймайтын» әкімдік

Еркін күрестен қуылған кейіпкеріміз Ақтөбе әкімшілігі мен спорт басқармасынан көмек сұрадым дейді. «Сан мәрте аймақ намысын қорғап, алтын әкеліп ем ғой, маған неге болыспайсыңдар? Неге Федерацияға хат жазбайсыңдар? Мені неге мұндай қиянатқа қидыңдар?» деген. Өкінішке қарай, жауап келмейді. Бір сөзбен айтқанда, спортшы ешкімге керексіз болып, жалғыз қалады.

Жаны күйзеліп, жігері құм болған спортшының алдынан осы сәтте үміт оты жылт еткен екен. Ол Бішкек қаласында грэпплингтен Азия чемпионаты өтетінін естіп, грэплинг федерациясына өтініш береді.

«Мені қатыстырыңызшы, мені сол салмаққа қойыңызшы, мен алтын медаль әкеліп берем. Бұл медаль шыны керек, жанымнан да артық болып тұр», – дейді Ысмағұлова.

Алайда басқа спорт түрінен келгендіктен әрі жарыс тым жақын қалғандықтан, додаға қатысу шығынын көтеруді Айжан еріксіз өз мойнына алады. Ал грэплинг – күрестің ең қатқыл түрі. Ауырту, қылқындыру, тіпті «ұйықтатып» тастау әдістері қолданылады. Соған қарамастан, сөзінде тұрған спортшы 2018 жылы грэплингтен Азия чемпионы атанды. Қызығы, Ақтөбеге алтын әкелген балуанды әуежайдан аймақтың атқамінерлері күтіп алады. Анасы жайған дастархан басында спортшы көптің көзінше өзінен алтын талап еткен әкімге былай деген көрінеді:

– Аға көрдіңіз ғой, сәбиім әлі кішкентай. Қиындыққа қарамай, әйел болсам да, айтқанымды орындадым. Енді сіз азаматтығыңызды жасаңыз, пәтерімді атыма аударып беріңіз!

Көптің көзінше уәде берген әкім ертесі күні-ақ айнып шығады.  Алға ауданының сол кездегі әкімі Нағымжан Алдияров Айжаннан Спорт басқармасы мен Әйелдер күресі федерациясынан қолдау хат әкелуді тапсырады. Спортшы оны алу үшін Астанаға шапқылайды. «Әкелсем, әкім: «Бұл хаттар жарамайды екен, біз пәтерді бере алмаймыз» деп қарап тұр», – дейді спортшы. Қысқасы, пәтер құжаты сол күйі берілмей қалады.

Қазіргі әкімдіктің ұстанымы

Тілшіміз барғанда, Алға ауданының қәзіргі әкімі Мамырғали Аққағазов еңбек демалысында болып шықты. Қызығы, оның әлеуметтік салаға жауапты орынбасары Мирхан Ермағанбетов даулы пәтерде қазір кімнің тұратынын білмей, бізді таң-тамаша етті: «Бұл қызметтік пәтер, қызметтік пәтер қызмет істеген адамға беріледі. Ол кетіп жатса, өткізуге міндетті. Айжан Ысмағұлова бізден алты ай бұрын кеткен. Сондықтан ол пәтер басқа адамға берілді».

Ал шын мәнінде, пәтер ешкімге берілмеген. Ол әлі Айжанның иелігінде тұр. Егер даулы баспана қызметтік пәтер болса, иесі басқа облысқа кеткен жарты жылдың ішінде неге өзге адамға берілмеген? Әкімдік неге қызметтік пәтерді бос ұстап отыр?

Маңызды тағы бір мәселе, 2018 жылы әкімдік пәтер құжатын сұраған балуанға жекешелендіру қағидасы бойынша қалдық құнын төлей отырып, 4 миллион теңгеге сатып алуды ұсынады. Кейіпкеріміз бұған келіспеген. Әкімнің орынбасары да 2013 жылы күшіне енген осы қаулыны қайта-қайта көз алдымызға тосып, пәтерді чемпионға сатпақ болған әрекеттерінің заңды екенін түсіндіруге тырысты. Бірақ алматылық заңгер Рахымжан Әбдіқадырұлы мұның қате екенін айтып отыр.

Р.Әбдіқадырұлы

– Әкімдік сүйеніп отырған 2013 жылғы қаулы Айжан Ысмағұловаға пәтер бергенде күшінде болмаған. Оған дейін 1992 жылғы Қаулы күшінде болды. Соған сәйкес, спортшы Азаматтық кодекстің 4-бабына сүйеніп, сотқа талап-арыз беруге құқылы. Сонымен қатар, Азаматтық кодекстің 240-бабына сәйкес, Ысмағұлова пәтерді ашық, ұдайы 7 жыл пайдаланғандықтан, мүлікке меншік құқығы бар деп тануды соттан талап ете алады.  

Айжан енді кіммен күреседі?

Талғардан қуықтай пәтер жалдап, екі баласын жалғыз асырап отырған спортшының жеңісті жолы әлі үзілген жоқ. Грэплингтен 2019 жылы Әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2020 жылы Қазақстан чемпионы атанды. Енді сәуір айында өтетін Азия біріншілігіне қызу дайындалып жатыр. Оған енді тағы бір шаруа қосылды. Ол – ұдайы алтын талап етіп, уәдесінен тайқып кеткен әкімдермен соттасу. Оның басында, әрине, балуанды Астанадан  Ақтөбеге алдырған қазіргі Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов тұр.

Кім біледі, Мұхамбетов баяғыда берген уәдесін ұмытып кетуі де мүмкін. Бірақ оны Айжанның ауылдастары-ақ есіне салады. Өйткені Архимедтің де кіндігі Алғада кесілген.

Ал Азияның алтынын сұрап, артынан айнып кеткен Нағымжан Алдияров тәп-тәуір өсіп келе жатыр. Екі апта бұрын ғана ол Ақтөбе облысы​ Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы болып тағайындалды. 2012 жылы улап-шулап, думандатып тұрып пәтер кілтін тапсырған Айбек Сағиев бірнеше жылдан бері Ақтөбе облыстық Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы болып қызмет етеді.

Қысқасы, Айжан Ысмағұловамен алысқалы тұрған әкімдердің осалы жоқ. Бірақ спортшы халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап жүрген чемпион емес пе?! Оның артында дүйім халық тұр. Өкінішке қарай, чемпионды жылатқан шенділер осыны ұмытып кеткен сияқты.  

Тегтер: