8 Қараша 18:45
...

Екі елдің жас ғалымдары бірлескен ғылыми жұмыс жүргізді

Фото:

Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті инженерлік бейінді зертханасының ғалымдары т.ғ.к. Сана Кабдрахманованың жетекшілігімен Махатма Ганди Университетінің вице-канцлері, әлемге әйгілі ғалым, профессор Сабу Томас Чатукуламмен AP09260644 «Бұршақ тұқымдас дақылдардың өнімділігін арттыруға арналған көп функционалды капсулалаушы құрам әзірлеу» ғылыми жобасы аясында бірлескен ғылыми жұмыс жүргізуде.

Алматы, NEGE. Ғылыми топ ауыл шаруашылығы дақылдарының, атап айтқанда, соя тұқымдарына арналған капсулалаушы құрамның жаңа түрін әзірлеу үстінде. Аталмыш жоба аясында 2022 жылдың қыркүйек айынан бастап Махатма Ганди университетінің 2 курс магистранты Paul Jacob Сәтбаев университетінің инженерлік бейінді зертханасы мен химиялық және биохимиялық инженерия кафедрасында тағылымдамадан өтіп жатыр. Paul Jacob янтарь қышқылы мен оның туындыларының күміс, мыс және бормен алынған комплекстерінен тұратын биостимуляторлардың соя тұқымына фунгицидтік әсерін зерттеп, Қалжат бентониті қатысында агроминерал алу жұмысын орындауда. Бұл зерттеудің артықшылығы – осы агроминерал көмегімен тұқымды себу алды өңдеп, ауылшаруашылық өнімдерін тірі ағзаға және қоршаған ортаға зиянды фунгицидсіз өсіру болып табылады. Ғалымдарымыздың әзірлеген фунгицидтік қасиеті бар капсулалаушы құрам өзінің қолжетімділігімен, арзандығымен, сонымен қатар құрамында суда ерігіш табиғи биогенді макро-, микроэлементтердің болуымен және де жоғары ион алмасу және сорбциялық қасиеттерімен ерекшеленеді.

Тағы бір айта кететін жайт, зерттеу тобы ауылшаруашылық қалдықтарынан наноцеллюлозалық материалдар алуды да жолға қойып отыр. Осы орайда Paul Jacob Сәтбаев Университеті ғалымдарынан күріш, соя және күнбағыс тұқымы қауызынан микро- және нанокристалдық целлюлоза алу әдістерін меңгеру үстінде. Жас ғалым өзінің алғашқы микро- және наноцеллюлозалық үлгілерін алып, оны физико-химиялық әдістерімен зерттеу жұмысын жүргізуде. Бұл зерттеу өз кезегінде бүгінгі күнге дейін тек отын ретінде ғана пайдаланылатын ауылшаруашылық қалдықтарынан пайдалы отандық өнім алуды жүзеге асырып, қолданбалы ғылым саласын дамытуды жолға қояды. Целлюлозалық материалдар Қазақстанда қағаз, пленкалық материалдар, тағам өнімдерін қаптаушы (упаковка) заттар, жеміс-жидекті тасымалдау және сақтау үшін қаптайтын және өңдейтін жеуге жарамды «ақылды» пленкалық қабат алу, сонымен қатар медицина саласына қажетті жараны таңушы құрал, суды тазалауға арналған сорбенттер және т.б. заттар алу өндірісін дамыту үшін аса қажет.

Тегтер: