13 Сәуір 08:30

Бюджет 2020. Ұлттық қордың соры мен 20 доллардың жыры

Фото:

Биылғы жылдың бюджеті Ұлттық қорға ауыр соққы болып тимек. Қорда қалған 27 триллионның 4,7 триллион теңгесін бір жылда жағып жіберейін деп тұрмыз. Дәл осы қарқынмен құрта берсек, Ұлттық қор 5 жылдан кейін сарқылады. Төтенше жағдай кезінде нақтыланған бюджет парламентте талқыланбай жедел қабылдана салды.

Биылғы жылдың басты қаржылық құжатын "короновирустық құжат" деп атауға толық негіз бар. Оның барлық параметрлері дерлік вирустық пандемия салдарынан өзгеріске ұшырап отыр. Ең қынжылатынымыз - бұл жақсы өзгеріс емес. Жалпы Ұлттық қордан бюджеттің қанша қаржы алып отыратыны бойынша басты шешім былтыр келісіліп, бекітілген. Оның нәтижесі бойынша «Ұлттық қордан 2020-2022 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Заң қабылданған еді. Қорға "қол сұғу" тек осы заңның аясында белгіленген лимит бойынша жүруі тиіс болатын. Демек, үкіметтің жоспары бойынша жылдан жылға біз Ұлттық қордан ақша алуымызды азайтуымыз керек еді. Соның арқасында, Ұлттық қорымыз біраз толығып, болашақ ұрпаққа мұраға қалдырар нағыз активке айналуы тиіс болатын.

Карикатура. Ғалым Смағұлұлы

Енді коронавирус біздің ақшалай болашағымызға балта шабайын деп отыр. Пандемия кесірінен Ұлттық қор туралы заңға жедел өзгеріс енгізілді. 2,7 триллион теңге алуымыз керек еді. Енді оның орнына 4,7 триллионды бір жылда жұмсайтын болдық. Және ең сорақысы - одан басқа жол жоқ. Бюджетті нақтылаған Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің айтуынша, жыл басынан бері мұнай бағасы 65,7%-ке, металдар 15,6%-ке, әлемдік биржалық индекс орташа есеппен 20,9%-ке төмендеген.

Руслан Дәленов, Ұлттық экономика министрі: "Биылғы сәуір-желтоқсандағы мұнайдың орташа бағасы бір барреліне 20 доллар деңгейінде анықталды. Доллардың есептік бағамы 440 теңге деңгейінде және жылдық инфляция 9-11% аралығында есепке алынды".

Демек үкімет бюджеттегі басты параметрі  - мұнай баррелінің бағасын 20 доллар деп бекітіп отыр. Біздің ойымызша, бұл - тым пессимистік сценарий. Мұнысымен үкімет, тек ұятқа қалмау үшін әсіре сақтанып отырғанын байқатады. Бюджеттегі осы параметрдің тым төмен алынғанын экономист Айдархан Құсайынов та, GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы, экономист Мақсат Халық та растап отыр. "20 доллар межесі шынымен де төмен болып тұр. Өйткені біз көріп отырғандай қазір ОПЕК+ келісімі жанданып, негізгі ойыншылар Сауд Арабиясы мен Ресей нақты келісімге келді" - дейді, Мақсат Халық.

"Бірақ мұнай нарығындағы жағдай қалыпқа келе салады деп айта алмаймыз. Арзан бағамен мұнай көптеп сатып алынып, резервтер толып тұр. Сондықтан бірден мұнай баррелінің бағасы 40 доллардың үстіне шығып кетеді деуге ерте. 30 пен 40 доллардың арасында тұрақталып тұрады".

Өткен жұмада біз де (Қазақстан Республикасы) ОПЕК+ онлайн құрылтайына қатысып, көштен қалмас үшін өзімізге міндет артып алдық. Ол бойынша мұнай өндіруді тәулігіне 1,7 млн баррельге дейін төмендетуіміз тиіс. Бұған дейін бір тәулікте 1,9 миллион баррель өндіріп келген болатынбыз. Қорыта айтқанда, біз мұнайды бұдан кейін азырақ өндіретін боламыз және оның бағасы екі есе түсіп кетті. Демек, енді мұнайдан біздің бюджетке еш қайыр жоқ. Оны қоя тұрып, енді қылаң беріп отырған басты тұйткіл - мұнай саласында қызмет атқарып жүрген 200 мың адамның жұмысын сақтап қалуды ойлауымыз керек. Осы сәтте мұнай біздің бағымыздан сорымызға айналып кетуі де мүмкін.

Карикатура. Ғалым Смағұлұлы

"Мұнай экспорты екі есеге азаяды. Егер олай болса сыртқы сауда балансымыз теріске шығуы ықтимал" - дейді, Капиталға сұхбат берген Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты аға сарапшысы Вячеслав Додонов.

"Теріс сауда балансы Қазақстанда тіпті 90-жылдары болмаған еді. Бірақ бұл да ең үлкен проблема емес. Ағымдағы жылдың аяғында шамамен 30 миллиард долларға дейін төмендейтін экспорттың күрт құлауы төлем балансында үлкен дисбаланстардың пайда болуына және теңгеге деген қысымның күрт артуына алып келеді".

Додонов теріс сауда балансы мүмкіндігін жоққа шығармаса, үкімет қарастырып отырған сценарийде ондай қауіп көрсетілмеген. Министр Дәленов нақтыланған бюджетті таныстырған баяндамасында, "экспорт 16,3 млрд долларға төмендеп, 35,1 млрд долларға жетеді. Импорт 7,5 млрд долларға төмендеп, 26,6 млрд долларды көрсетеді" деген болжамдар келтіреді. Онда экспорт сомасы импорттан асып тұр. Егер біз коронавируспен күресте қажет шетелдік медициналық құралдар, дәрі-дәрмекке баж салығын жойсақ, сырттан келетін азық-түліктің санын арттырсақ, импорт көлемінің күрт өсетіні белгілі. Дәл осы уақытта экспорт көлемі сәйкесінше төмендей бастамақ. Үкімет ол туралы жақсы біледі, бірақ импорттың экспорттан асып кететініне сенбей отыр.

Қанша табамыз, қанша жоғалтамыз?

Биыл бюджет 6,4 триллион теңге кіріс әкеледі. Былтыр есептегенде, бюджет 8 триллион теңге табады деп болжанған еді. Бірақ ол кезде коронавирустың пайда болатынын кім білді? Ал бюджеттің шығыстары 14,2 триллион теңгеге ұлғайып отыр. Оның ішінде коронавируспен күрес, дәрігерлерге сыйақы, 3 миллион азаматқа 42 500 теңгеден төлеу бар, шағын және орта бизнесті қолдау мен басқа да көптеген шығындар енгізілген. Сонда біз 14,2 триллион құртамыз, 6,4 триллион табамыз. Арадағы 7,8 триллионды қайдан алмақпыз? Оның 4,7 триллионын Ұлттық қорға қол сұғу арқылы жабатын болдық. Енді 3,1 триллион қалып тұр. Осы соманы жабу үшін сырттан қарыз алуға тура келеді.

"Осындай кезде қарызды алып алған да дұрыс. Алтын валюта қоры бар кезде, резерв жеткілікті кезде қарыз алуға мүмкіндік жоғары болады. Бұл 2016 жылы да болған. Ол кезде біз шетелден 2 млрд доллар алдық" - дейді, GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы, экономист Мақсат Халық.

Бізге ірі фондтар қарыз беруге оңай келіседі. Мысалы, Fitch бойынша суверенді рейтингіміз ВВВ деңгейінде және оны рейтинг агенттіктері төмендетеді деген сигнал келген жоқ. Мұндай рейтингпен қарыз алғанда, проценттік сыйақы біз үшін тиімдірек болары анық.

Әрине, біз не қарыз аламыз, не Ұлттық банк ақша станогын іске қосып, қажетті триллиондарды қағазға басып шығарады. Тек бюджет дефицитінің жыл санап артып келе жатқаны жақсылыққа апармайды. Мемлекеттің өзіне тым көбірек алып, әлеуметтік мәселелерді шешу жолында экономикаға толығымен кіріп кетуі нарық заңдылықтарын бұза бастады. Оның немен аяқталғанын КСРО атты елдің тарихынан оқып таныссаңыз болады.

Тегтер: