3 Ақпан 11:37

Атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға 97 мыңнан астам отбасы құжат тапсырды

Фото:

2020 жылғы 3 ақпандағы жағдай бойынша атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға 97,5 мың отбасы өтініш тастаған. 

Алматы, NEGE. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Өңірлер бойынша алсақ, өтініштердің ең көбі Түркістан облысында – 20,3 мың отбасы, Шымкент қаласында – 14,5 мың отбасы, Алматы облысында – 9,9 мың отбасы, Жамбыл облысында – 8,2 мың отбасы, Қызылорда облысында – 7,4 мың отбасы.

«Өңірлерде 2,6 мыңнан астам учаскелік комиссия жұмыс істейді. Олар жүргізген зерттеу нәтижелерін ескере отырып, АӘК 46,8 мың отбасыға немесе 236,5 мың адамға тағайындалды. АӘК тағайындауға өтініш берген отбасылардың материалдық жағдайын тексеру жұмыстары жалғасуда», - делінген хабарламада.

Өңірлер бөлінісінде ең көп жәрдемақы тағайындалған Алматы облысы – 6617 отбасы, оджан Шымкент қаласына – 5992 отбасы, Жамбыл облысына – 5427 отбасы, ШҚО – 4437 отбасыдан келеді.

Мемлекеттік көмектің жаңа шаралары кешенді түрде іске асырылуда және оған көпбалалы отбасыларды қолдау, жаңғыртылған атаулы әлеуметтік көмек, табысы аз отбасыларындағы балаларға арналған кепілдік берілген әлеуметтік топтама кіреді. 1 қаңтардан бастап Қазақстанда 4 және одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу бөлімінде оқитын студент баласы бар көпбалалы отбасыларға арналған жаңа мемлекеттік жәрдемақы енгізілді. Бұл мемлекеттік жәрдемақы отбасының табысына қарамастан 42 496 теңгеден 74 388 теңгеге дейінгі мөлшерде төленеді. Осындай төлемді биылғы жылы қаңтар айында 367 мың отбасы жалпы сомасы 17,7 млрд теңге алды.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа тәсілге сәйкес ақшалай және заттай түрдегі әлеуметтік қолдау мөлшері табысы аз және балалар саны көп отбасылар үшін көбірек болады. Бұл ретте отбасының әрбір мүшесіне АӘК төлеу сомасы орташа есеппен 10 мың теңге, ал табысы жоқ отбасыларда әлеуметтік көмек тағайындау үшін белгіленген критерийден толық көлемде – өңірлік күнкөріс деңгейінің 70%-ы.

Осылайша, табысы аз отбасылар, көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақыны есептемегенде, әр балаға орташа есеппен 20 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек алатын болады. Оның 10 мыңға жуығы – АӘК-тің ақшалай төлемі, 10 мыңға жуығы – заттай түрдегі кепілдік берілген әлеуметтік топтама.

Тегтер: