4 Ақпан 11:00

Айдархан Құсайынов: Бизнес мемлекетке «шантаж» жасап отыр!

Фото:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елді жаңа экономикалық бағытқа бұру жөніндегі идеясымен бөліскелі бері, қоғам сөз жүзіндегі емес, іс жүзіндегі өзгерістерді күтіп отыр. Біраз салиқалы сарапшылар «реформаларды қалай өткізген дұрыс» тақырыбында пікір алмасып, өз ойларын ортаға салған. Президенттің жаңа экономикасы туралы оның алдында Nege.kz жазған болатын. Десек те, әлемдік тәжірибеден хабары бар экономистердің жекелей пікірлері де артық етпейді. Дәл қазір Қазақстанға қандай өзгерістер ауадай қажет болып тұрғаны жөнінде кезінде Ұлттық Банк төрағасының кеңесшісі болған экономист Айдархан Құсайыновпен тілдестік.

 

- Айдархан Маратұлы, тілдесуге уақыт тапқаныңызға рахмет. Дәл қазір мемлекет басшысы ұсынған экономикалық реформалар аясында не істеу керек?

 - Бірден айта кетейін. Дәл қазір не істеу керектігін ешкім білмейді. Мәселе мынада. Реформа жасау керек деген идея бар, жалпы бір нәрсені өзгерту керек деген түсінік бар. Оның өзі жаман емес. Өзгерістер керек екенін президенттің өзі түсініп отыр. Ендігі экономика адамдарға пайда әкелуі керек. Бизнеске емес, ең бастысы адамдарға пайдалы болуы тиіс. Енді бар салмақ үкіметке артылып тұр. Үкімет қысқаша ғана тезиспен алдағы бар өзгерістерді әспеттеп беруі тиіс.

- Біз өзіміз бұған қаншалықты дайынбыз. Әсіресе мемлекеттік аппарат дайын ба?

- Жаңа экономикалық саясат – түгел дерлік азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға құрылу керек. Бұған дейін біздің саясатымыз тек бизнесті қолдауға бағытталып келді. Логика мынандай еді: Біз бизнеске көмектесеміз, ал бизнес ел азаматтарының жағдайын жақсартады. Бірақ олай болмай шықты. Бизнес мемлекеттен қолдау алып, тек қожайындарын байытумен айналысуда. Бұл логика әу бастан дұрыс емес еді. Кәсіпкерлікті қолдау экономиканы дамытуға көмектеседі деген болжам мүлде қате болып шықты. Сондықтан дайын, дайын еместігіне қарамай реформаларды тезірек бастау керек.

- Жалпы әлемдік тәжірибеде кәсіпкерлікті қолдау арқылы экономикалық жетістікке қол жеткізген ел бар ма?

- Өте астарлы сұрақ. Іс жүзінде олай жетістікке жеткен бір де бір мемлекет жоқ. Бүкіл әлемде бизнесті сала ретінде қолдайды. Ол дегеніміз не? Олар азаматтардың бизнеспен айналысуына жағдай туғызады. Ешкімнің бетінен қақпайды. Тіпті кәсіпорындардың жұмысы жүрмесе, тез арада банкроттық рәсімнен өтуіне жағдай жасалған. Біреу кәсіпорын ашты ма, жұмысы жүрмесе тез арада жауып, басқасын аша алады. Бұл бизнесті қолдау. Ал бізде түсінік ауысып кеткен. Біз бизнесті қолдаймыз деп жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға көмектесе бастадық. Қазақстанда 10 жыл бойы жасалып келе жатқан жұмыстың бар нәтижесі кәсіпорындарды қолдау. Үдемелі индустриалды-инновациялық даму, басқа да ақылға симайтын бағдарламалар осыдан шықты. Мәселен, әлемде тек біздің үкімет қана жұмыс орындарын ашып жатқанын айтып мақтанады. Әсілі бұл үкіметтің жұмысы болмауы тиіс.

- Нашақор сияқты бәріміз мемлекет пен бюджет инесіне отырып алдық дегіңіз келе ме?

- Мысалы итіңдеп әрең жұмыс істеп тұрған зауыт бар дейік. Мемлекет оған «сен нашар жұмыс істеп жатырсың, банкрот болып жабыл. Басқаларға жұмыс істеуге орын бер» демейді. Керісінше «тиімсіз болсаң да субсидия береміз, тек жабылма, адамдарды жұмыстан шығарма» деп капитализмге керағар қылықтар танытады. Ол зауыт не өзі жұмыс істемейді, не басқа талантты азаматтарды қолдауы тиіс мемлекеттің қаржысын бекер жұмсайды. Тағы бір ауруымыз, мемлекет өзін бизнесмен көріп кететін сәттер де болды. Осыдан кейін планшеттер, шыны зауыттары сынды ертегілер пайда болғаны жасырын емес. Шет мемлекеттерде үкімет ешқашан кәсіпорын ашу туралы ойланбайды. Ол бизнестің міндеті. Үкімет тек заң бойынша, салық тәртібі бойынша жағдай жасауы тиіс. Біздікі сәтсіз экономикалық бағыт. Бізге бизнесті емес, адамдарды қолдайтын экономика керек. Мысалы, біреу сурет салады, біреу емдейді, біреуі ғылымға әуес. Нақты соларды қолдау керек. Әділ, тең жағдай туғызу керек. Бірақ біздің санамыз бұрмаланып кеткен.

- Мұндай жаңа бағытқа қарсы тұратындар аз болмайтын шығар?

- Оған үш бағыт бойынша қарсылық туады деп ойлаймын. Біріншісі – «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы. Олар ақымақ емес, сондықтан қарсы болады. Атамекенге қазір жұмыс істеп тұрған, мемлекетті барынша түрлі қолдау арқылы сорып отырған кәсіпорындар кіреді. Жүздеген миллиард теңгедей соларға жұмсалуда. Олар мұндай майшелпектен айрылғысы келмейді.

Қарсы тұратын екінші топ, «Бәйтерек» сынды даму институттары. Олар да ақымақ емес, қазіргі жағдайға үйреніп қалған. Жаңа реформалардан қорқады. Бұған дейін істеп келе жатқан шаруаларыңыз дұрыс болмады деу оларға ұнамасы хақ. Үшінші қарсы топ – ол реформаның мәнін түсінбеген азаматтар. Түсінбеушілік бар жерде, менталды түрде қарсылық болады.

- Бизнесті қолдау үшін қанша қаражат кетіп жатқанын білеміз, оны болжауға да болады. Ал экономиканы сіз айтқан бағытқа бұрсақ, онда азаматтарды қолдау үшін қанша ақша қажет болмақ?

- Шындығында, осы арқылы бюджетті үнемдейміз. Шығын азаяды.  Негізі жекелей алғанда бір адамға көп ақша қажет емес. Ескі экономикалық саясатта бизнесті қолдау қыруар шығынды талап етті. Мен бұл туралы өз кітабымда жаздым. Егер сіз көтерем болып отырған құс фабрикасын субсидиялау арқылы қолдайтын болсаңыз, одан ондағы қызметкерге еш пайда келмейді. Оның айлығы өспейді. Жағдайы жақсаратын - фабрика қожайыны ғана. Ал енді осы қаржыны тікелей адамдарға жіберсек, экономикаға жаңа серпін береміз. Қазір жұмыс істеп тұрған кәсіпорын билікке қоқан-лоққы көрсетеді. «Көмектеспесеңдер мен жабыламын, адамдар жұмыссыз қалады» дейді. Бұл сананың бұзылуы. Сіз әлемде «Маған қолдау көрсетіңіз, әйтпесе бизнес өліп жатыр» деген риториканы қайда тыңдадыңыз? Біздегі бизнес өкілдері мемлекетке былайша айтқанда «шантаж» көрсетіп отыр. Қит етсе, адамдарды қысқартам, жұмыс орындарын жабамын деп қорқытады. «Бизнес өледі» деген сөзді әлемде ешкім айтпайды. Бизнес сала ретінде ешқашан өлмейді. Тіпті Сомалиде бизнес бар. Мұндай тезис тек Қазақстанда ғана көрініс тауып отыр. Себебі тұжырымдарымыз, санамыз өзгеріп кетті.

- Сонда қай уақыттан бастап біздің санамыз, бағытымыз өзгеріп кетті?

- Менің ойымша 2002 жылдан бастап біз кері бағытқа түсіп кеттік. Сананың қисаюы біртіндеп отыр алатын процесс. 2010 жылы біз толықтай уландық. Содан қисық бағдарламалар жазылды. Енді адамдарға көмектесуді неден бастау керек? Шағын қадамдармен күнделікті тұрмысын жақсартуымыз керек. Өмір сүруді арзандату қажет. Бізге тарифтердің өсуінсіз инфрақұрылымды дамыту бойынша нақты жоспар жасау керек. Қазір оқушыларға тегін түскі асты қайтардық, мұғалімдер мәртебесін бекіттік. Бюджет қаражаты осындай нәрселерге, әлеуметтік салаға, адамдарға қажет дүниелерге бағытталуы тиіс.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Тегтер: