3 Наурыз 10:29
...

Дипломатиялық дуэль: Сопақ кабинеттегі «скандалдың» салдары НЕГЕ ауыр болуы мүмкін?

Соғыс
Фото: Коллаж NEGE

Міне, бірнеше күн бойына барша жұрт АҚШ президенті Трамп пен Украина президенті Зеленскийдің келісімшартқа қол қоймай, сөзге келіп қалғанын қызу талқылауда.

(«Кез келген дипломатия – соғысты басқа әдіс-тәсілмен жалғастыру». Қытайдың саяси қайраткері Чжоу Энлай)

Комментаторлар екі жақ боп қақ жарылғандай: бірі – «ел намысын қорғап қалды, Трамптың алдында мінез танытты» деп Зеленскийді қолдаса, екіншісі оны ағаш атқа мінгізіп – «мықты мүмкіндіктен айрылып қалды, жағдайды одан сайын ушықтырып жіберді» деп кінәлап, жерден алып, жерге салуда. Меніңше, ақиқат һәм оқиғаның шын бағасы бір-біріне кереғар екі пікірдің ортасында.

Әрине, жабық келіссөздер кезінде әбден орынды пікірталас тікелей эфирге шығып кеткені өкінішті-ақ. Одан екі жақ та ұта қойған жоқ. Бір нәрсені түсінуіміз керек: телкамералар алдында кез келген саясаткер (президенттерден бастап), ең алдымен өз халқы, өз электораты, өз аудиториясы не қалайды, соны айтады. Артында үш жыл бойына соғысып, жауынгерлері мен бейбіт халқы қырылып жатқан халқы тұрғанда Зеленский басқа қалай сөйлеуі керек?

Сол себепті дипломатиялық дуэльде Зеленский жеңді деп ойлаймын. АҚШ қауіпсіздікке кепілдік бермей тұрып, сирек металдар туралы даулы келісімшартқа қол қоймауының өз уәжі бар екенін көкірегі ояу, көзі ашық қауым түсініп отыр.

Трамп бір нәрсені ұғынуы тиіс: ғаламдық деңгейдегі тектоникалық өзгерістер тұсында империялар мен державаларға жағатын, ежелден келе жатқан «күштінің арты диірмен тартады» деген қағидат кейде жұмыс істемей қалуы да мүмкін. Бейбітшіліктің өз құны бар және де ол сирек металдарды сатудан түсетін қаржымен өлшенбесе керек. Оның үстіне, Ақ үйдегі дипломатиялық емес диалог Еуроодақ сынды аса ірі геосаяси ойыншының амбициясын қайта оятқандай. АҚШ-тан үмітін үзе бастаған еуробасшылар енді одақ бірлігін нығайтып, өзара ынтымақтастығын арттырып, сыртқы алаңдағы көшбасшылықтан өз еркімен бас тартып жатқан АҚШ-тың орнына орнығуға дайын екенін танытып жатыр.

Скандал
Ақ үйдегі «дипломатиялық дуэль». Фото: Jim LoScalzo / CNP / Keystone Press Agency / Global Look Press

Германия мен Франция, бүгін Ұлыбритания Украинаға қаржылай көмегін аямайтынын мәлімдеуде. Бізге бауырлас Түркия да Украинаны қолдайтынын мәлімдеді. Сонау алыстағы Австралия да қалыс қалған жоқ. Кеше ғана Еуропа елдері басшыларының кезектен тыс саммиті соғысты тоқтатудың ортақ жоспарын жасау туралы шешім қабылдады.

Басқасын айтпағанда, Батыс банктерінде Ресейдің бұғатталған 300 миллиард долларының тағдыры енді қызу талқыға түсетін сыңайлы. Трамптың түсініксіз текетіресінен кейін Еуроодақ ол қомақты қаржыны Украинаға беру туралы ұжымдық шешім шығарса ше? Ресейдің қорғанысының бюджеті шамамен 112 миллиард доллар екенін ескерсек, АҚШ-тан басқа елдер (бірінші кезекте, әрине, Еуроодақ) беретін көмекпен еселенетін бұл қаржы Украинаның еңсесін көтеріп, бойын тіктеп алуға толық мүмкіндік береді деп ойлаймын. Сол себепті, Ақ үйде болған сөз жанжалынан Зеленский ұтылған жоқ, ұтты деп санаймын.

Енді осынау, дәстүрлі дипломатиялық этикетке үш қайнаса сорпасы қосылмайтын қақтығыстың Америка мен Еуропадан алыста жатқан бізге, Қазақстанға нендей әсер етеді деген сауалға көшейік.

Таза сауда-экономикалық жағын алсақ, Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы – небәрі 4 миллиард доллар (барлық тауар айналымның бар-жоғы 3 пайызы) және де бізден АҚШ-қа экспортталатын тауардың дені мұнай (48 пайыз) мен ферроқорытпалар (38 пайыз) екенін ескерсек, Ақ үйге келген кез келген президент ол қазба байлықтарынан бас тарта қоймас. Бұған АҚШ зәру боп отырған күкірт, фосфор, қорғасын, уран, бидай секілді эксклюзивті экспортымызды тағы қосып қойыңыз.

Бір қызығы АҚШ-тан біз негізінен ұшақтар мен автокөлік, қозғалтқыштар мен дәрі-дәрмек, құс етін импорттайды екенбіз. Екі ел арасындағы жағдай ушығып кеткеннің өзінде, ол тауарлардың бәрін басқа елдерден сатып алуға болады.

АҚШ инвестицияларына келсек, бұл ел Нидерланды және Швейцариямен бірге ең ірі инвесторлардың үштігіне енеді, бұл – Қазақстанға келген тікелей шетел инвестициясының 23 пайызы. Мұхиттың ар жағынан келген қаржының дені мұнай мен тау-кен өндірісіне бағытталған. Қазақстанда америкалық төркіні бар 688 үлкенді-кішілі компания бар, олардың 22-сі ғана ірі және орта бизнес нысандарына жатады. Әрине, олардың бәрі бір төбе болса, атақты «Шеврон» – бір төбе, 1993 жылдан бері бізде жұмыс істеп жатқан бұл мұнай алпауытына Ақ үй қожайындарының ауысып тұруы әлі де әсер ете қоймаған сықылды.

АҚШ
Фото: ғаламтордан

Сол себепті Ақ үйде болған «скандал» экономикалық, сауда-саттық қарым-қатынас тұрғысынан Қазақстанға тікелей зиян келтіреді деп айту қиын. Ал геосаясат, Тәуелсіздік пен жер тұтастығын сақтап қалу тұрғысында мен дәл солай кесіп-пішіп айта алмаймын. Оның өз себептері бар.

Біріншіден, өкінішке қарай (оның себебін Трамп пен Путин білетін сияқты), АҚШ президенті Ресей президентінің жағына шығып кеткендей көрінеді. Тіпті БҰҰ қабылдаған құжатқа Ресейді «басқыншылықпен соғыс бастады» деп айыптаудан жалтарып, қол қоймады. Келіссөз басталмай-ақ жатып: «Украина НАТО-ға мүше бола алмайды, Ресей жаулап алған жерді өзіне қайтара алмайды» деген сыңайда пікір айтып, Зеленскийді Путинге жығып бергенінің өзі не тұрады?

Басқыншының залым да зұлым риторикасын АҚШ секілді алпауыт дәлме-дәл қайталап жатса, Ресей ертеңгі күні өзімен қоңсылас елдерге, соның ішінде, жеті жарым мың шақырымдық ашық-шашық ортақ шекарасы бар көршіліне көз алартпасына кім кепіл?!

Мұның өзі о баста неоимпериялық пиғылды бас ұран етіп алған ресейлік пропагандостардың қолтығына су бүркитіні сөзсіз. Ондай гибридтік шабуылға біздің әлі де толық қалыптаса қоймаған әрі жалтақшыл идеологиямыз дайын ба? Ресейлік БАҚ әлі де төрімізде тайраңдап жүргенін ескерсек, бұл – аса қауіпті фактор. Ақпараттық соғыс – өз жөнімен, нағыз соғысқа біз дайынбыз ба? Басты гәп сонда!

Екіншіден, ұжымдық Батыс, Ресей мен Қытай арасында көпвекторлық саясат ұстанып келе жатқан Қазақстан геосаяси басым бағыттарын қайта бір нықтап алуы керек сияқты. Әсіресе, Трамптың қолдауынан кейін Ресей жағы арқалана түсері сөзсіз, оның өзі Мәскеудің постсоветтік кеңістіктегі ықпалын қайтадан күшейтуге итермелеуі әбден мүмкін. Ондай әрекеттерден Қазақстан тыс қала алмайды.

Үшіншіден, байқасаңыздар, Трамп билікке келгелі дипломатияны таза бизнес ретінде қарастырып, халықаралық қатынастарға, соның ішінде, соғыс сияқты трагедиялық құбылысқа пайдакүнемдікпен қарайды, саяси диалогты тұрпайы саудаласу деңгейіне түсірген Трамп ертеңгі күні Қазақстан секілді жер қойнауы аса бай елге басқа көзбен қарамайды деп кім айта алады?

Төртіншіден, Трамп Ресейге қатысты санкцияларды жеңілдетсе, тауар мен каржы айналымының біраз бөлігі Қазақстан арқылы жүруі ықтимал. Сол кезде Ресейге санкциялық саясат жүргізуді жалғастыратын Еуроодақ пен Қазақстан арасында мүдделер мен талаптар қақтығысы болуы мүмкін.

Ресей
Фото: Maxim Shemetov/Reuters

Бесіншіден, Трамп өзінің сыртқы саясаттағы басым бағыты – Қытаймен бәсеке екенін ашықтан-ашық мәлімдеді. Қытай болса, құдайы көршіміз, біздің экономикамызға мықтап еніп алған. Қытайлық компаниялар Қазақстанда аз емес, әсіресе, мұнай саласында баршылық. Бұл жағдаят АҚШ-тың бізге деген көзқарасына өз салқынын тигізетіні анық.

Алтыншыдан, АҚШ Демократиялық партиясы әлемде демократия мен адам құқы қағидаттарының орнығуына ерекше мұқият қарап келсе, Республикалық партия ондай «кәкір-шүкірге» көп мән бермейтіні бесенеден белгілі. Енді Трамп командасының Қазақстанда белсенді түрде әрекет етіп келе жатқан америкалық USAID және «Азаттық» радиосы туралы теріс пікірлерінен кейін ондай гранттық қоғамдық ұйымдар және ақпараттық ресурстардың да болашағы бұлдырлана түсетіндей.

Бір сөзбен айтқанда, Ақ үйдегі екі ел басшысының сөзталасының жаңғырығы біразға дейін құлақтан кете қоймас.

Еуроодақ саммитінде ортақ жоспарға АҚШ та тартылатыны туралы айтылғанын, оған қоса АҚШ секілді әлемдік державада Трамптан басқа да шешуші күштер бар екенін және де Трамптың не істеп, не қоярын алдын-ала болжау мүмкін еместігін ескерсек, келіссөздерге, дәлірек айтсақ, ушығып тұрған бұл тақырыпқа әлі нүкте қойылған жоқ.

Әміржан ҚОСАН, саясаткер.